Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері Кеден кодексі туралы шартты ратификациялауға кірісуде

ЕАЭО елдері Кеден кодексі туралы шартты ратификациялауға кірісуде

13.04.2017

11 сәуірде Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Кеден кодексі туралы шартқа қол қою кезеңі аяқталды. ЕАЭО елдері құжатты ратификациялау алдындағы мемлекетішілік рәсімдерді орындауға кірісті. Жаңа Кеден кодексі (КК) Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) барлық бес қатысушы елден Шарттың ратификацияланғаны туралы хабарлама алғаннан кейін күшіне енеді.

ЕАЭО Кеден кодексі – Одақтың нормативтік-құқықтық базасының негізгі құжаттарының бірі. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта кедендік реттеу ЕАЭО Кеден кодексіне сәйкес жүзеге асырылатыны белгіленген. Ол Кеден одағының қолданыстағы Кеден кодексін және экономикалық интеграцияның – Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ертедегі кезеңдерінің шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру кезінде кедендік реттеу мәселелері бойынша жасалған халықаралық келісімдерді алмастырады. 

ЕАЭО Кеден кодексі Одақта кедендік реттеуді біріздендіру және келісілу деңгейін арттырады. «Енді көптеген процестер автоматтандырылатын болады, – деп есептейді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян. – Кәсіпкерлер мен кеденшілердің қарым-қатынас жасауы барынша азайтылады. Құжатты біздің бизнес өкілдеріміз тағатсыздана күтті. Кеден кодексі күшіне енгеннен кейін біз ЕАЭО-да бизнес-климаттың едәуір жақсаруын күтетін боламыз». 

Құжат Одақта сыртқы экономикалық қызметке кедендік әкімшілендіру жүргізу жүйесін «қағаздан» электрондық технологияға ауыстыруды заңдық тұрғыдан бекітеді. Мұндай тәсілдеме бизнес ресурстарын айтарлықтай үнемдейді, кедендік формальдылықтан өту процестерін жылдамдатады, сондай-ақ барлық кезеңдерде – декларацияны тіркеуден бастап тауарды шығаруға дейін шешімдер қабылдау кезінде «адами факторды» іс жүзінде жояды. 

Жаңа КК-мен жұмыс үш жыл жүргізілді. ЕАЭО Кеден кодексі барлық кезеңдерде Комиссиямен, барлық бес қатысушы мемлекеттің мемлекеттік органдарымен және бизнес-қоғамдастықтарымен бірлесіп әзірленген Одақтың нормативтік-құқықтық базасындағы алғашқы шарт болды. Бұрын бизнес мұндай деңгейдегі құжаттарға мемлекетішілік келісу кезеңінде ғана тартылған болатын.​