Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО елдерінде контрафактінің таратылуы үшін жауапкершілікті теңестіруді ұсынды

ЕЭК ЕАЭО елдерінде контрафактінің таратылуы үшін жауапкершілікті теңестіруді ұсынды

13.11.2019
Контрафактілік өнімдерді таратумен байланысты бұзушылықтар үшін жауапкершілік Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) барлық елдерінде симметриялы болуға тиіс. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Ішкі нарықтар, ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Карине Минасян 12 қарашада Ереванда (Армения Республикасы) «Антиконтрафакт» халықаралық форумында мәлімдеді.
Карине Минасян атап өткендей, цифрлық таңбалау мен тауарлардың қадағалануы - контрафактіге қарсы күрестің неғұрлым тиімді механизмі болып табылады. Тондарды таңбалау жақсы нәтиже көрсетті және қазір ЕАЭО елдері аяқ киімді таңбалау жобасын іске қосуға уағдаласты. Қазірдің өзінде ол Беларусь пен Арменияда енгізілді, Ресейде іске қосылғалы жатыр.
«Теңдестірілген тәсілдеме қажет: бір жағынан нарықты контрафактіден қорғау керек, екінші жағынан - бизнеске қосымша ауыртпалық түсірмеу және тауарлар қозғалысына кедергі жасамау керек», - деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Оның сөзінше, іскер қоғамдастық үшін ең үлкен проблема – айқынсыздық жай-күйі, бизнестің Одақтың басқа елінде оған қандай талаптар қойылуы мүмкін екендігін түсінбеуі.
«Егер бір елде қатаң бақылау мен қадағалау болса, ал екіншісінде олар жоқ болса, онда бизнес тең емес жағдайға тап болады. Қадағалау органдарының бірлескен жұмысты сапқа қоюға тиіс сәті келді. Контрафактілік өнімдерді таратумен байланысты бұзушылықтар үшін жауапкершілік Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елдерінде симметриялы болуға тиіс», - деп мәлімдеді Карине Минасян.
Ол өз сөзін цифрлық қадағалану механизмдері бизнеске жүктемені азайтады, өйткені қадағалану қадағалаудың барлық нысанын қамтамасыз етеді, деп толықтырды. Бұл ретте қадағалау органдары жүйесіне оңтайландыру мен үндестіру қажет болады.
Цифрлық сауданың өсу қарқыны кәдімгі сауданың өсу қарқынынан айтарлықтай асып түседі, осыған байланысты бұл процесті реттеу мәселесі туындайды.
«Біз цифрлық сауда шеңберінде тұтынушылар құқығын қорғау механизмдерін ендірудің «жол картасын» әзірледік. Бұл, әсіресе, ірі халықаралық сауда алаңдарында тауар сатып алатындар үшін қажет. Қазір құжат ЕЭК Алқасының қарауында. Тараптар бізді қолдайды деп сенеміз», - деп түйіндеді ЕЭК министрі.
«Антиконтрафакт-2019» жетінші халықаралық форумы 12-13 қарашада Ереванда өтуде. Бұл халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, бизнестің және жұртшылық өкілдерінің зияткерлік меншік объектілеріне арналған құқықтарды қорғау, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тілдесімінің ашық алаңы.