Жүйеге кіру
ЕЭК-тің Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитеті ЕАЭО аумағындағы аудиторлық қызмет туралы келісім жобасын мақұлдады

ЕЭК-тің Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитеті ЕАЭО аумағындағы аудиторлық қызмет туралы келісім жобасын мақұлдады

13.12.2016

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен өткен Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) аудиторлық қызмет туралы келісім мақұлданды.

Келісім Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) аудиторлық қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығын құруға бағытталған. Құжат аудиторлық қызметті реттеуді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға бірыңғай тәсілдемелерді айқындайды. Ол Одаққа мүше кез келген мемлекеттің тұлғаларына аудиторлық қызметтер көрсетуді шектеулерсіз әрі алып қоюларсыз көрсетуге және алуға құқық беруге, мүше мемлекеттер аудиторларының біліктілік аттестаттарын тануға, бір мемлекеттің аудиторлық ұйымы берген аудиторлық қорытындыларды басқа мүше мемлекеттің аумағында тануға бағытталған.

Отырыста сонымен қатар 2025 жылдан кешіктілімей жұмыс істеуін бастауға тиіс ЕАЭО ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеу мәселесі қаралды. Құжат іс-қимылдар алгоритмін белгілеп, 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартта бекітілген уағдаластықтарды нақтылауға тиіс. Тұжырымдама ЕЭК-тің қаржы блогы қазірдің өзінде солар бойынша жұмыс жүргізіп жатқан қаржы саласындағы барлық келісімдердің негіздемелік ресімдеуі болмақ.

ЕЭК Қаржы саясаты департаменті бірыңғай биржалық кеңістік қалыптастыру бойынша «жол картасының» негізгі элементтерін ұсынды. Тараптар тиісті Келісім шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамасын үндестіру жоспарын дайындау жөніндегі жұмысты талқылады.

Комитет отырысында ЕАЭО әріптес елдерінің кредиттік тарих құрамына кіретін мәліметтермен алмасу бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім жобасы талқыланды. Ол Одақ елдерінің қарыз алушыларына олардың кредиттік қабілеттілігі туралы деректер сақталатын елде ғана емес, басқа мүше мемлекеттерде де кредиттер алуға мүмкіндік береді деп бағамдалуда.

Отырысқа  Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының мемлекеттік органдары мен бизнес қоғамдастықтарынан Консультативтік комитеттің мүшелері, Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметкерлері қатысты.

Комитеттің келесі отырысын 2017 жылдың бірінші тоқсанында Ереванда өткізу бағамдалуда.​