Жүйеге кіру
ЕЭК пен БҰҰ АТМЭӘК ынтымақтастықтың одан арғы бағыттарын талқылауда

ЕЭК пен БҰҰ АТМЭӘК ынтымақтастықтың одан арғы бағыттарын талқылауда

13.12.2016
12 желтоқсанда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияда (ЕЭК) ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Сүлейменов пен Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Азия және Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының БҰҰ АТМЭӘК атқарушы хатшысы Шамшад Ахтардың кездесуі барысында ЕЭК пен БҰҰ АТМЭӘК арасындағы одан арғы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Сөз сауда және инвестициялар, макроэкономика, көлік және логистика, өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен, статистика, энергетикалық саясат, ақпараттық технологиялар, ішкі нарықтың жұмыс істеуі, еңбек көші-қоны, зияткерлік меншік сияқты бағыттар туралы болып отыр. Олардың бәрі ЕЭК пен БҰҰ АТМЭӘК арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес Комиссия әзірлеген ЕЭК пен БҰҰ АТМЭӘК арасындағы ынтымақтастықтың 2017 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасының жобасында көрініс тапты.

ЕЭК министрі атап өткендей, жалғасып отырған экономикалық дағдарыс жағдайында, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің экономикалық және өнеркәсіптік өсу қарқындарының төмендеуі аясында «өңірлік интеграция, өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту біздің елдеріміздің орнықты дамуының, олардың бәсекеге қабілеттілігі артуының, кедейшілік пен жоқшылықты еңсерудің негізгі факторларына айналуда».

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ұзақ мерзімді инвестициялардың қаржыландырылуын қамтамасыз ету, перспективалы бірлескен жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасау үлкен маңызға ие болып отыр. Осыған орай ЕЭК өкілі Шамшад Ахтарға мүше мемлекеттер интеграциялық ынтымақтастығының басымды бағыттарының бірі – Одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру қалай жүріп жатқаны туралы әңгімелеп берді.

Өз кезегінде, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ АТМЭӘК атқарушы хатшысы Шамшад Ахтар БҰҰ АТМЭӘК пен ЕАЭО елдері ынтымақтастығын одан әрі дамытуға арналған вектордың дұрыстығына сенім білдіріп, бұл мүше мемлекеттер азаматтарының әл-ауқатының ұлғаюына әсер етеді, - деді.
Анықтама:

БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (БҰҰ АТМЭӘК) – БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің бес өңірлік комиссиясының бірі. БҰҰ жанынан қатысушы елдердің экономикалық ынтымақтастығын ынталандыру үшін 1947 жылы құрылған. 53 мүше мемлекетті және 9 қауымдасқан мүшені біріктіреді. Қамту алаңы бойынша да, өңір халқы бойынша да БҰҰ-ның ең ірі өңірлік комиссиясы болып табылады. БҰҰ АТМЭӘК негізгі міндеті – экологиялық орнықты даму, сауда және адам құқықтары саласында жаһандану процесін басқару. Азияда және Тынық мұхитта экономикалық және әлеуметтік проблемалармен айналысады.

ЕЭК пен БҰҰ АТМЭӘК өзара іс-қимылы 2013 жылғы қарашада Алматыда қол қойылған ЕЭК пен БҰҰ АТМЭӘК арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум желісі бойынша дамуда. Меморандумның мақсаты макроэкономикалық саясат, сауда, инвестициялар және кәсіпкерлік қызметті қолдау, көлік, энергетика, статистика сияқты және т.б. салаларда ынтымақтастықты нығайту болып табылады.