Жүйеге кіру
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕЭК-ке кедендік реттеу саласындағы жаңа өкілеттіктер берді

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕЭК-ке кедендік реттеу саласындағы жаңа өкілеттіктер берді

14.04.2017

14 сәуірде Бішкекте (Қырғыз Республикасы) Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысы өтті. ЖЕЭК отырысына Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон қатысты.

ЕАЭО бірыңғай кедендік аумағында кедендік реттеу тиімділігін арттыру, неғұрлым маңызды әріптестермен сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту мәселелері, Одақ елдерінің 2017 және 2018 жылдарға арналған макроэкономикалық бағдарлары талқыланды, кадрлық шешімдер қабылданды.

ЖЕЭК Төрағасы, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев отырысты аша отырып, ЕАЭО қызметінің 2017 жылғы негізгі басымдықтарының бірі бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау болуы тиіс екенін мәлімдеді.

Мүше мемлекеттердің басшылары Молдова Республикасының ЕАЭО жанындағы байқаушы мәртебесін алу ниетін құптады. 

Бір мезгілде Еуразиялық экономикалық комиссияға байқаушы мемлекеттің мәртебесі туралы ереже әзірлеп, оны Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына ұсыну тапсырылды. Бұл ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылатын мемлекеттерге техникалық регламенттермен, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау нормаларымен жұмыс туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуына, ЕАЭО талаптарына құжаттарды әзірлеу кезеңінде-ақ бейімделуіне мүмкіндік береді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының негізгі тақырыптарының бірі үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастар мәселелері болды. Тигран Саркисян ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына Комиссияның 2015-2016 жылдары елдермен, өңірлік және халықаралық бірлестіктермен сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту бойынша қызметі туралы баяндаманы ұсынды. ЕЭК Алқасының Төрағасы халықаралық күн тәртібін іске асыру кезінде Комиссия Одақ елдері бизнесінің мүдделерін ескере отырып, негізгі әріптестермен келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті.

2017 жылы ЕЭК өз қызметін жеті-сегіз елмен, соның ішінде Қытаймен, Сингапурмен, Үндістанмен, Израильмен, Мысырмен және Иранмен уағдаластыққа қол жеткізуге шоғырландыруды жоспарлап отыр. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша еркін сауда аймақтарын құруды қоса алғанда, жеңілдікті сауда режимдерінің әртүрлі форматтарын көздейтін келісімдер жасалатын болады. 

Мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО Кеден кодексінің тезірек күшіне енуінің маңыздылығын және өзара саудадағы кедергілерді алып тастау қажеттілігін растады.

Президенттер Комиссия Кеңесі мен ЕЭК Алқасына Одақтың бірыңғай кедендік аумағында кедендік реттеу саласында бірқатар жаңа өкілеттіктер берді. Еуразиялық экономикалық комиссия қабылданған Кеден кодексінде нормалары көрсетілген 279 мәселе бойынша шешімдер қабылдайтын болады.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен ЕЭК Алқасының Қазақстан Республикасынан өкілдік ететін екі мүшесінің – Тимур Сүлейменов пен Нұрлан Алдабергеновтің жаңа лауазымдарға тағайындалуына байланысты өкілеттіктері тоқтатылды.

ЕЭК Алқасының Қазақстан Республикасынан жаңа мүшелері болып: 
- құзырет аясына экономика және қаржы саясаты мәселелері кіретін Тимур Жақсылықов; 
- бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелерімен шұғылданатын Марат Құсайынов тағайындалды.