Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің Президенттері ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі жаңа министрді тағайындады

ЕАЭО елдерінің Президенттері ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі жаңа министрді тағайындады

14.04.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының жаңа мүшесі (министр) болып Қазақстан Республикасынан Тимур Жақсылықов тағайындалды, оның құзыретіне экономика және қаржы саясаты мәселелері кіреді. Оны тағайындау туралы шешімді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің басшылары 14 сәуірде Бішкекте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында қабылдады.

Тимур Жақсылықов Комиссиядағы осы қызметте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ұлттық экономика министрі болып тағайындалған Тимур Сүлейменовті алмастырды.

Тимур Жақсылықовтың ұзақ жылдар бойы билік органдарындағы – Астана әкімдігі мен Қазақстан Республикасының ұлттық үкіметіндегі жұмыста жинақтаған мемлекеттік қызмет тәжірибесі мол.

2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрі болды, одан кейін Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар комитетін және «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ны басқарды.   

2012 жылдан бастап Тимур Жақсылықов Экономикалық даму және сауда вице-министрі, ал 2014 жылдан бастап Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі лауазымдарында қызмет атқарды.