Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің басшылары ЕЭК-тің кедендік реттеу саласындағы өкілеттіктерін кеңейтті

ЕАЭО елдерінің басшылары ЕЭК-тің кедендік реттеу саласындағы өкілеттіктерін кеңейтті

14.04.2017

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) тұрақты қызмет ететін органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Жұмыс регламентіне өзгерістерді 14 сәуірде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ЕАЭО мемлекеттері басшылары бекітті. Құрамына Одақ елдері премьер-министрлерінің бірінші орынбасарлары кіретін ЕЭК Кеңесі кедендік реттеу саласында бірқатар жаңа өкілеттіктер алды. Бұдан басқа, президенттер ЕЭК Алқасы шешімді консенсуспен қабылдайтын мәселелердің тізбесін кеңейтті.

Регламентке енгізілген өзгерістерге сәйкес ұлтүсті деңгейге:
- Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларын бекіту; 
- еркін экономикалық аймақтарда сыртқы экономикалық қызметті (СЭҚ) жүзеге асыру талаптары, соның ішінде шетелдік шикізаттан жасалған тауарларды Одақ тауары деп тану талаптары;
- бірқатар басқа да мәселелер берілді.

«Президенттердің осындай елеулі құзыреттер топтамасын ұлтүсті деңгейге шығару шешімі Еуразиялық интеграцияны одан әрі тереңдету жөніндегі жоспарларды тағы да растайды, – деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян. – Одақтың ең жоғары біріздендірілген кедендік заңнамасы – бұл Одақ елдерінің кәсіпкерлерінің де, олардың үшінші елдердегі бизнес-әріптестерінің де шығындарын азайтатын қағидаттық маңызды нәтиже. Осыған байланысты іскерлік белсенділіктің және тауар айналымының өсімін күтеміз».

Комиссияның Жұмыс регламентіне өзгерістер енгізу – ЕАЭО Кеден кодексінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті қадамдардың бірі. Осы мақсатта жаңа кодекспен Комиссияның құзыретіне жатқызылған 25 мәселе бойынша ЕЭК шешімдерінің бірінші кезекті актілерін әзірлеу жүргізілуде. Олардың арасында: жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды тасымалдау қағидаларын, соның ішінде бажсыз әкелу нормаларын айқындау; уәкілетті экономикалық операторлар мәртебесінде жұмыс істейтін компаниялардың сыртқы экономикалық қызметін жүргізу талаптары мен тәртібі және басқалары бар. 

ЕАЭО Кеден кодексі Комиссия Одақтың барлық елдерінен ратификациялау туралы хабарлама алғаннан кейін күшіне енеді. ЕЭК бірінші кезекті шешімдері мен регламентке енгізілген өзгерістер Кеден кодексімен бір мезгілде қолданыла бастайды. 

Анықтама
ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартпен жұмыс Комиссия алаңында 2013 жылдың желтоқсанынан бастап жүргізілді.

Кодекс барлық кезеңдерде Комиссиямен, Одақтың бес елінің мемлекеттік органдарымен және бизнес-қоғамдастығымен бірлесіп әзірленген алғашқы ауқымды құжат болды. Мұндай жұмыс форматы алғаш рет пайдаланылды. Бұрын бизнес мұндай деңгейдегі құжаттарға тек келісу кезеңіндегі ғана тартылған болатын. 

ЕАЭО Кеден кодексі толығымен электрондық технологияларға бағдарланған. Оларды пайдалану, біріншіден, барлық кедендік рәсімдерді жылдамдатады, ал екіншіден, адам факторы ықпалын жояды. 

Сонымен бірге, құжатта сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесіне «бірыңғай терезе» механизмін толыққанды ендіру үшін негіздер салынған. Бұл - Комиссияның ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарымен бірлесіп жұмыс істейтін Одақ аумағында бизнес-процестерді цифрлау бойынша тағы бір прогрессивті жоба.

Жаңа кодекс СЭҚ қатысушыларын кеден органына солардың негізінде декларация толтырылған құжаттарды ұсыну қажеттілігінен босатады. Қазір кедендік декларацияға қағаз құжаттардың елеулі топтамасы қоса беріледі. Құжаттарды тек ақпараттық жүйе іске қосылған жағдайда ғана ұсыну қажет болады. Бұл ретте қажетті қағаздарды кеден қызметкері емес, «компьютер» айқындайды.

ЕАЭО кодексінің аса маңызды жаңалықтарының бірі – жетілдірілген уәкілетті экономикалық оператор (УЭО) институты. Атап айтқанда, УЭО үшін жеңілдіктер саны төрт есе ұлғайтылатын болады (ЕАЭО КК – 17, Кеден одағының Кеден кодексі (КО КК) – 4), УЭО куәліктерінің үш типі пайда болады (КО КК-де – тек 1). УЭО мәртебесіне үміткер СЭҚ қатысушылары өзіне неғұрлым тиімді жеңілдіктер топтамасын таңдай алады. Бұдан басқа, УЭО мәртебесіне СЭҚ барлық қатысушылары үміткер бола алады (КО КК сәйкес – тек испорттаушылар ғана). Бұл ретте ЕАЭО елдері бір-бірінің УЭО-н өзара тануға уағдаласты. Үшінші елдермен және бірлестіктермен де УЭО-ны өзара тануға болады.