Жүйеге кіру
«Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасы жаңа тыңдаушыларды қабылдайды

«Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасы жаңа тыңдаушыларды қабылдайды

14.04.2017

10 – 13 сәуір аралығында Венада (Аустрия) «Трансферттік баға белгілеу және ақпарат алмасу. Бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу» тақырыбында семинарлар циклы өтті. Іс-шараны Дүниежүзілік банктің қолдауымен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен Вена экономика және бизнес университеті ұйымдастырды. 

Семинарларға ЕЭК қаржы-экономикалық және кедендік блоктарының өкілдері, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің қаржы және салық ведомстволарының мамандары, Дүниежүзілік банк және Вена экономика және бизнес университетінің сарапшылары қатысты.

Салық салу мәселесі фискалды саясатты жүргізудің негізі болып табылатындықтан, сондай-ақ мемлекеттердің әл-ауқаты деңгейіне және орнықты дамуына ықпал ететіндіктен барлық мүше мемлекеттер үшін өзекті.

Семинарларда:
- трансферттік баға белгілеу бойынша құжаттамаларды дайындау және ұсыну,
- баға белгілеу туралы алдын ала келісімдер,
- бағалардың салыстырылымдылығына талдау жүргізу үшін пайдаланылуы мүмкін ақпарат көздері,
- Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) BEPS жоспары шеңберіндегі есептерге байланысты трансферттік баға белгілеудегі жаңашылдықтары – салық салу базасын жасыруға және салық салудан пайданы жалтаруға қарсы тұру бойынша жаңашылдықтары,
- бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу проблемалары секілді тақырыптар талқыланды.

Семинарлар ЕАЭО мемлекеттерінің қаржы және салық ведомстволары мамандарының біліктілігін арттыруға, салық саласында нормативтік құқықтық базаны тиімді іске асыруға және жетілдіруге ықпал етуге арналған «Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасы шеңберінде өткізілуде. 

Одақ елдерінде бағдарламаның талап етілуіне байланысты оны Дүниежүзілік банктің қаржылық қолдауымен Халықаралық және аустриялық салық құқығы институты (Вена экономика және бизнес университеті) базасында іске асыруды жалғастыру жоспарланып отыр.

Анықтама
«Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасы ЕЭК пен Вена экономика және бизнес университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылады. Бағдарламаның іске асырылуын ЕЭК Алқасы жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет үйлестіреді. 

Вена университетінің Аустриялық және халықаралық құқық институты – корпоративтік және халықаралық салық салу саласындағы зерттеулермен және оқытумен айналысатын әлемнің аса ірі институттарының бірі, Венада (Аустрия) орналасқан. Институт халықаралық салық салу мәселелері бойынша ғылыми және зерттеу қызметін белсенді түрде жүргізеді. 

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) – 1948 жылы негізі қаланған және 35 мемлекетті, соның ішінде Еуроодаққа мүше көпшілік елдерді, Австралияны, АҚШ-ты, Жапонияны және т.б. біріктіретін халықаралық ұйым. Ұйымның міндеті олардың экономикалық өсуін оңтайландыру мақсатында қатысушы елдер арасында тиімді ынтымақтастық жасау.

BEPS (Base Erosion and Profit Shifting) жоспары – салық салу базасын жасыруға және салық салудан пайданы жалтаруға қарсы тұру бойынша ЭЫДҰ есептері (15 бағыт).

Бақыланатын шетелдік компания – акцияларының белгілі бір бөлігі осы елдің салық резиденттеріне тиесілі шетелдік компания.