Жүйеге кіру
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің COVID-19 пандемиясына байланысты бірлескен мәлімдемесі

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің COVID-19 пандемиясына байланысты бірлескен мәлімдемесі

14.04.2020

Біз, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес  мүшелері,

біздің елдеріміз арасындағы тығыз саяси, экономикалық, әлеуметтік және тарихи байланыстарды ескере отырып,

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта беркітілген мақсаттар мен қағидаттарға берілгендікті растай отырып,

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялаған және халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдаят ретінде сипатталған COVID-19 коронавирустық инфекциясы халықтың ұтқырлығының айтарлықтай төмендеуіне әкеп соқтыратынын, тауарлар мен қызметтер көрсету саудасын қиындататынын, жаһандық қаржы және шикізат нарықтарында құбылмалылық туғызатынын, әлемдік және өңірлік экономикалар үшін дезинтеграция тәуекелін туындататынын назарға ала отырып,

COVID-19 пандемиясы жағдайында біздің мемлекеттеріміздің азаматтарын қолдаудың және адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету әрі экономика үшін келеңсіз салдарды жеңілдету жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың ұжымдық күш-жігерінің маңыздылығын атап көрсете отырып,

бұл ортақ қатерге бірлесіп қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіруге деген шешімділікті білдіре отырып,

төмендегілер туралы мәлімдейміз:

COVID-19 пандемиясының теріс салдарын жою, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің интеграциялық ынтымақтастығының қол жеткізілген деңгейін және бұдан арғы экономикалық дамуын сақтау, біздің елдеріміздегі әлеуметтік және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, іскерлік және инвестициялық белсенділікті қолдау үшін тығыз бірліктегі жұмысты жалғастыруға дайын екенімізді растаймыз.

COVID-19 пандемиясымен күрес атқарымды кооперациялық байланыстардың үзілуіне, халықаралық сауданың тоқтауына, инвестициялық қызметтің тоқтатылуына әкеп соқпауға тиіс екеніне нық сенімдіміз.

Барлық мемлекеттерді халықаралық ынтымақтастықты қолдауға, сенімді нығайтуға, қарулы қақтығыстарды, сауда соғыстарын, біржақты қаржылық және экономикалық санкцияларды тоқтатуға және халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз ұстануға шақырамыз.

Халықаралық қоғамдастықтың бірлігін және әлемдік экономиканың тұрақтылығын, әлеуметтік маңызы бар тауарларды, азық-түлік өнімдерін, медициналық жабдықтар мен препараттарды, жеке қорғанудың медициналық құралдарын қоса, тауарлардың еркін қозғалыста болу қағидатын сақтауды жақтаймыз. Біздің мемлекеттеріміз қабылдап жатқан жедел де жүйелі сипаттағы шаралар COVID-19 пандемиясының  біздің елдеріміздің экономикасына әсерін жеңілдетуге және бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. COVID-19 пандемиясының туындауымен бүкіл әлемде енгізілген шектеулер мәжбүрлі шара болып табылады және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің жоқ болуымен олардың да күші жойылады деп білеміз.

Біз COVID-19 пандемиясымен күрес шеңберінде бір-бірімізге қажетті жәрдем көрсетуді, денсаулық сақтау жүйесін нығайтуды жалғастыру, инфекциялардың профилактикасы, диагностикасы және емдеу құралдарын әзірлеу саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, эпидемияға ден қою кезінде өзара іс-қимыл алгоритмдерін жетілдіру мақсатын алға қойып отырмыз.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкіметтеріне, орталық (ұлттық) банктеріне және Еуразиялық экономикалық комиссияға COVID-19 коронавирустық инфекциясы таралуының профилактикасы мен  оны болдырмау, біздің экономикалық ынтымақтастығымызды нығайту, ішкі нарықтардың, соның ішінде азық-түлік нарығының жұмыс істеу тұрақтылығын сақтау, біздің мемлекеттеріміздің азаматтары мен бизнеске COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру үшін қолдау көрсету жөнінде үйлестірілген шараларды жүзеге асыруды тапсырамыз.

Иинтеграцияның артықшылықтары біздің елдеріміз бен халықтарымызға бұл сынақтан лайықты өтуге көмектесетініне нық сенімдіміз.

Беларусь Республикасының  Президенті,  ЖЕЭК Төрағасы А.Г.Лукашенко
Армения Республикасының  Премьер-министрі, ЖЕЭК мүшесі Н.В.Пашинян
Қазақстан Республикасының  Президенті,  ЖЕЭК мүшесі Қ.К.Тоқаев
Қырғыз Республикасының  Президенті,  ЖЕЭК мүшесі С.Ш.Жээнбеков
Ресей Федерациясының Президенті,  ЖЕЭК мүшесі В.В.Путин