Жүйеге кіру
ЖЕЭК қорытындылары: Молдоваға ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесі берілді, Одақ елдері орнықты экономикалық дамудың негізін, үшінші елдермен өзара іс-қимылды нығайтуда, цифрлық күн тәртібін іске асыруда, бірыңғай қызметтер көрсету нарығын кеңейтуд

ЖЕЭК қорытындылары: Молдоваға ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесі берілді, Одақ елдері орнықты экономикалық дамудың негізін, үшінші елдермен өзара іс-қимылды нығайтуда, цифрлық күн тәртібін іске асыруда, бірыңғай қызметтер көрсету нарығын кеңейтуд

14.05.2018

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) 14 мамырдағы Сочиде (Ресей) болған отырысында интеграция, макроэкономика, сауда, цифрландыру, қызметтер көрсету нарығы, көлік, агроөнеркәсіптік кешен, техникалық реттеу салаларында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) бес елдің үкіметтерімен бірлесіп интеграциялық бірлестікті тереңдету туралы декларацияны дайындайды  және бұл құжатты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында ЖЕЭК мүшелерінің талқылауына ұсынады. Бұл туралы отырыс қорытындысы бойынша ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян мәлімдеді.

Іс-шараға Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Отырысқа сондай-ақ Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон қатысты.

Отырысты ашқан ЖЕЭК Төрағасы Владимир Путин  Ресей төрағалығы бүтіндей Одақты нығайтуға, «бестік» елдерінің экономикаларының жақындасуына қосымша серпін беруге, ал ең бастысы – мемлекеттерді тұтастай қамтып дамытуға ықпал етуге  бағытталғанын атап көрсетті. Ресей Президентінің сөзі бойынша, басымдықтар арасынан тауарлар мен қызметтер көрсетудің бірыңғай нарықтарын құру жөніндегі күш-жігерді ұлғайтуды, сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі дамытуды, өндірістік және технологиялық кооперацияны нығайтуды айрықша бөліп көрсетуге болады. Ресей Федерациясының басшысы «жаңа, неғұрлым тиімді көлік және логистикалық тізбектер тізе отырып,  біздің елдеріміздің валюта-қаржы және ақша-кредит саясатын жақындастыру бағытын жалғастыру қажет» деп  санайды. 

Осы бағыттардың көпшілігі бойынша қазірдің өзінде елеулі жетістіктер бар. «Тұтастай алғанда Еуразиялық экономикалық одақ өте серпінді дамуда,- деп атап өтті Владимир Путин.- Айталық, мысалы, 2017 жылы қатысушы елдердің жалпы ішкі өнімі 1,8% өсті, өнеркәсіп өндірісі 1,7%, ауыл шаруашылығы 2,5% артты».

Бұдан басқа барлық мемлекеттерде инфляция деңгейі Одақ бойынша орташа 3,1%-ға дейін азайды.

Сыртқы және ішкі сауданың жай-күйі жақсарды. Тауарлар мен қызметтер көрсетуді үшінші елдердің нарығына жеткізу 24,4%, ал ЕАЭО мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 26%-дан астам өсті.

Владимир Путиннің пікірі бойынша, интеграциялық процестерді  одан әрі дамыта түскен маңызды. «Атом энергетикасында, жаңғыртылатын энергия көздері саласында, экологияда, медицинада, ғарышта ынтымақтастықты ұлғайта түсудің жаңа мүмкіндіктері ашылуда»,- деп атап өтті мемлекет басшысы. Бұл озық салаларда өндірістік кооперацияны кеңейту, жаңа технологиялар және ноу-хау бойынша бірлесіп жұмыс істеу, әлемдік экономиканың, жаһандық технологиялық дамудың талаптарына жауап беретін инновацияларды ендіру маңызды.

Тауарлардың, капиталдардың, жұмыс күшінің еркін орын ауыстыруы, ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру жолында сақталып қалып отырған шектеулер мен алып қоюларды жоюға көңіл бөлуге бұрынғысынша басым назар аударылады. «Кәсіпкерлік белсенділікті, соның ішінде іскер топтармен жүйелі жұмыс істеу және олардың тілегін ескере отырып дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағдар ұстаймыз»,- деп мәлімдеді РФ Президенті.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян  атап өткендей, қазір 60-қа тарта тосқауылдар мен кедергілер бар, елдер бұларға қатысты келісімге келе алмауда. Алайда қағидаттық тұрғыда бұл проблемаларды шешу үшін саяси еріктің бар болуы маңызды. «Нарықтың барлық қатысушыларына тең бәсекелестік жағдай болуы үшін және ұлттық үкіметтер өз өндірушілерін қорғау жөніндегі ұлттық эгоизмнен бас тартуы үшін,  барлық осы кедергілерді, алып қоюларды және шектеулерді алып тастау арқылы біздің интеграциялық бірлестігімізді тереңдету қажеттігін Президенттер барлық уақытта атап көрсетіп келеді. Бұл мәселелер біздің Комиссияның ең басты назарында болады»,- деп хабарлады Тигран Саркисян.

ЕАЭО-дағы 66 тосқауыл бойынша оларды еңсеру керектігі жөнінде түсіністік бар. Өткен жыл ішінде ЕЭК 13-ке тарта кедергіні алып тастауға қол жеткізді. Биылғы жылы Комиссия осындай онға тарта кедергіні жою бойынша жұмыс істейтін болады.


ЖЕЭК ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесі туралы ережені бекітті және  бұл мәртебені Молдова Республикасына беру туралы шешім қабылдады.  Одақ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесі ЕАЭО туралы Шарттың 109-бабында көзделген. Ережеге сәйкес, осындай мәртебесі бар мемлекеттердің өкілдері ЕАЭО органдарының отырыстарына шақыру бойынша шешім қабылдауға қатысу құқығынсыз қатыса алады және Одақ органдары қабылдайтын құпиялы сипатты болып табылмайтын құжаттарды ала алады. Байқаушы мәртебесі бар  мемлекет Одақтың және қатысушы елдердің мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін кез келген іс-әрекеттен тартынуға міндетті.
 
ЕАЭО мемлекеттерінің макроэкономикалық саясатының 2018-2019 жылдарға арналған негізгі бағдарлары бекітілді.
 
Орташа мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясаттың басым мақсаттары экономикалық өсуді қалпына келтіру процесін жандандыру және Одақ елдерінің орнықты экономикалық дамуы үшін базис құру болады. Бұл мақсаттарға жету ЕАЭО шеңберінде бірлескен шараларды, сондай-ақ елдердің қолайлы макроэкономикалық жағдайлар жасау, инвестициялық белсенділікті ынталандыру, іскерлік  климатты жақсарту, экономиканың  нақты секторында өнімділікті арттыру үшін жағдайлар жасау жолында қабылдап жатқан ұлттық шараларды іске асыруды көздейді.
 
ЕАЭО елдері үкіметтеріне макроэкономикалық саясат жүргізу кезінде негізгі бағдарларды ескеру ұсынылды. Комиссия Одақ мемлекеттерінің макроэкономикалық саясат саласындағы қабылдайтын шараларына  олардың бекітілген бағдарларға сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізеді.
 
ЖЕЭК мүшелері Одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асыру барысын талқылады. Атап айтқанда, цифрлық күн тәртібін іске асыруды бастау үшін  жеткілікті нормативтік база қалыптастырылғаны атап өтілді,  басым бағыттар бойынша цифрлық түрлендіруді пысықтау үшін орта қалыптасуда, сарапшылық алаңдар жасалуда, бастамалар мен жобалар талқылануда.
 
Комиссия жанында құрылған цифрлық бастамаларды  басқару офисі бизнестен және мүше мемлекеттердің билік органдарынан түскен 10-нан астам ұсыныстарды пысықтауда. Олар, атап айтқанда, цифрлық бақылап отыру (соның ішінде сәйкестендіру) жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуына; электрондық ілеспе құжаттарды ендіруге және оларды ЕАЭО елдерінде өзара тануға; Еуразиялық электрондық еңбек биржасын, салалық цифрлық платформалардың мамандандырылған венчурлық қорын, цифрлық Еуразиялық көлік дәлізін, өнеркәсіптік кооперация және қосалқы келісімшарт жасасу жүйесін құруға және т.б. қатысты.
 
ЕАЭО-да электрондық ілеспе құжаттарды ендіру және өзара тану туралы - бірінші түскен бастама бойынша зерттеу іске қосу процесі үстінде. Тауарлар қозғалысын цифрлық бақылап отыру жүйесін құруға және дамытуға қатысты пилоттық жобалар бойынша жұмыс басталды. Деректер экономикасы, реттеуші «құмсалғыштар» және цифрлық күн тәртібін іске асырудың басқа да басымдықтары мәселелері бойынша сарапшылық алаңдар дамытылуда.
 
ЖЕЭК Одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе  халықаралық интеграциялық  бірлестіктермен халықаралық шарттарын  жасасу, тоқтату және тоқтата тұру тәртібі туралы келісімді мақұлдады.
 
Халықаралық шарт жасасу туралы ұсынысты ЕАЭО елі,  Комиссия Кеңесінің мүшесі – Одақ елдерінің бірінің вице-премьер-министрі немесе үшінші тарап енгізуге құқылы. Бұдан басқа, ЕЭК Алқасы Комиссия Кеңесіне осы мәселеге бастамашылық жасау туралы өтініш білдіруі мүмкін.
 
Егер барлық мүше мемлекеттер осындай шарт  жасасу туралы ұсынысты қарауға дайын болса, оның экономикалық орындылығына алдын ала талдауды ЕЭК Алқасы жанындағы тиісті консультациялық органдар жүргізеді. Преференциялы сауда келісімін жасасу мүмкін болатын қарсаңда  жобаны бірлескен зерттеу тобы  талдайды. 
 
Халықаралық шартқа қол қою, оның қолданысын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы шешімді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (ЖЕЭК) қабылдайды.
 
Еуразиялық экономикалық одақтың 2017 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын іске асыру туралы баяндаманың түбірлі тұжырымдары арасында мыналар бар: ЕАЭО халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытын дәйекті жүргізеді, ал қалыптастырылған  халықаралық өзара іс-қимыл жүйесі экспорттың географиясы мен көлемін кеңейту, сондай-ақ  шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту жөніндегі міндеттерді кешенді шешуге мүмкіндік береді.
 
ЖЕЭК мүшелеріне  ЕАЭО шеңберіндегі жекелеген секторлар бойынша ырықтандыру жоспарларын іске асыру туралы баяндама да ұсынылды.
 
Құжат Одақ мемлекеттерінің құзыретті органдары мен ЕЭК-тің 2016-2017 жылдардағы ырықтандыру жоспарларының орындалуына мониторинг жүргізу және бақылау қорытындылары бойынша дайындалған. Ол Одақ елдеріндегі реттеуді салыстырмалы талдау нәтижелерін, бейінді жұмыс топтарының жұмысын,  сондай-ақ әрбір ырықтандыру жоспарының іс-шараларын іске асыру жөніндегі  алгоритммен және ұсынымдармен бірге қабылданған шешімдердің негіздемесін қамтиды.
 
Мүше мемлекеттердің үкіметтері мен Комиссияға ЖЕЭК-тің 2016 жылғы желтоқсандағы шешімімен бекітілген осы жоспарларды іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыру, сондай-ақ тиісті іс-шараларды белгіленген мерзімдерінде орындау тапсырылды.
 
Одақта бірыңғай қызметтер көрсету нарығы жұмыс істейтін қызметтер көрсету секторларының (кіші секторларының) тізбесіне өзгерістер енгізілді.
 
ЖЕЭК шешіміне дейін мұндай 43 сектор болды. Бұл ретте  қызметтер көрсету саудасы саласында Одақ елдері бұрын стратегиялық мақсат - 2022 жылға қарай ырықтандыру жоспарлары арқылы ЖЕЭК-тің 2016 жылғы желтоқсандағы шешімімен бекітілген тағы да 18 секторды қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығына көшіруді алға қойды.
 
ЖЕЭК-тің жаңа шешімі нарықты 18-дің ішінен тоғыз сектормен толықтыруға мүмкіндік берді: кино- және бейнефильмдер шығару және тарату, бейнефильмдерді көрсету бойынша қызметтер көрсету, меншікті немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікке байланысты қызметтер көрсету, серуендеу кемелерін операторсыз жалға алу және оның лизингі бойынша қызметтер көрсету.  Сондай-ақ тізбеге жарнама саласында қызметтер көрсету, геология бөлігінде ғылыми консультациялық қызметтер көрсету,  туристік қызметтер көрсету, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде қызметтер көрсету  енгізілген.
 
Бұл шешімнің қабылдануына байланысты қызметтер көрсетудің 52 секторы бірыңғай нарық форматында жұмыс істейтін болады. Олар ЕАЭО елдерінде шектеулерсіз, алып қоюларсыз және қосымша талаптар мен шарттар қойылмай; кез келген мүше мемлекеттің аумағында заңды тұлға нысанында құрылмай;  қызметтер көрсетуді жеткізушінің өзінің қатысушы елінде алған қызметтер көрсетуді жеткізуге арналған рұқсатының негізінде; қызметтер көрсетуді жеткізуші персоналының кәсіби біліктілігін автоматты түрде және сөзсіз тани отырып ұсынылады.
 
Сөйтіп, 2021 жылға дейін мүше мемлекеттердегі қызметтер көрсету көлемінің 60%-дан астамын бірыңғай нарық қағидалары бойынша ұсыну жоспарлануда.
 
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу, стандарттау, агроөнеркәсіптік кешен және көлік салаларындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңестері құрылды.
 
Одақтың жаңа көмекші органдарына тиісті ұлттық министрліктер мен ведомстволардың басшылары, сондай-ақ  осы бағыттарға жетекшілік жасайтын ЕЭК Алқасының мүшелері (министрлер) кіреді. Басшылар кеңесі ЕАЭО елдері экономикаларының аталған салаларындағы жұмысты үйлестіру үшін қосымша алаң болады.
 
ЖЕЭК мүшелеріне Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасының ЕАЭО-да болған екі жыл ішінде қол жеткізген алғашқы нәтижелері туралы баяндама ұсынылды.
 
Қырғызстан ең көп нәтижелерді жұмыс күшінің, тауарлар мен қызметтер көрсетудің еркін қозғалысынан алды, бұл, атап айтқанда, ЕАЭО аумағындағы  қырғыз еңбекшілерінің  Қырғызстанға ақша аударымдарының артуынан (2016 жылы  - 1,9 млрд АҚШ долл. – ЖІӨ-нің 30%-ы және ел табысының 102,3% дерлік), экспорттық-импорттық операциялар көлемінің өсуінен көрінеді. Сондай-ақ  елдің ЖІӨ құрылымында  қызметтер көрсетудің үлесі артты.
 

Арменияның ЕАЭО-ға қатысуы жөніндегі баяндамада Одақтың жұмысына жарасымды қосылған елдің  экономикалық пайдалар алып отырғаны атап өтілген. Мысалы,  «масштаб әсерінің» арқасында Армения мен Одақ мемлекеттерінің өнеркәсіп өнімі саудасының көлемі 2016 жылы 40,3% өсті. Ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша  57,4% өсіп отыр. ЕАЭО мемлекеттері мен ЕЭК-ке ЕАЭО шеңберінде интеграцияны дамытудың алдағы бағыттарын айқындау кезінде баяндама ережелерін ескеру тапсырылды.