Жүйеге кіру
ЕЭК және ЕАЭО-ның қаржылық институттары Еуразиялық бизнес-бастамалар конкурсын іске қосады

ЕЭК және ЕАЭО-ның қаржылық институттары Еуразиялық бизнес-бастамалар конкурсын іске қосады

конкурс, копия.png
14.05.2020

Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіп блогының қолдауымен тиісті келісімге Еуразиялық даму банкі, «Ресей экспорт орталығы» АҚ және қатысушылары «Сбербанк» ЖарАҚ пен «Россельхозбанк» АҚ болып табылатын «Өңірлер – орнықты даму» конкурсының ұйымдастыру комитеті қол қойды. Еуразиялық «Интеграция» конкурсы шеңберінде инвестициялық жобаларды (бизнес-бастамаларды) халықаралық іріктеу өткізу белгіленді.

Бұл арада сөз Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі интеграциялық нәтижесі бар инвестициялық жобаларды қаржылық және басқа  қолдау, кәсіпкерлердің бизнесті кооперациялауына және масштабтауына,  жаңа нарықтарға шығуына көмек көрсету туралы болып отыр.

«Конкурс маңызды әрі ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық күн тәртібін іске асырудың тиімді құралы болады деп үміттенемін.  Біздің елдерімізде инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі ынтымақтастық өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық кооперация үшін де, сол сияқты өзара тікелей және борыштық инвестицияларды арттыру үшін де кең мүмкіндіктерге жол ашады»,- деп мәлімдеді ЕЭК-тің Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Инвестициялық жобалар жыл сайын іріктеледі және бірнеше ірі интеграциялық бағытты дамыту шеңберінде қаралатын болады. Бұл - өнеркәсіп және АӨК, көлік және логистика, экология, туризм және мәдениет, денсаулық сақтау және медицина, инновациялар мен цифрландыру, инфрақұрылым.

Бастамашылық жасалатын жобаларға қойылатын базалық критерийлер:

- басқа мүше мемлекеттен кем дегенде бір технологиялық, қаржылық әріптесті тарта отырып, ЕАЭО мемлекетінде инвестициялық жобаны іске асыру; 

- қаржыландыру жаңа құрылыс объектісін құруға, қазіргі бар өндірістерді жаңғыртуға, жаңа өнім (қызметтер көрсету) өндірісін іске қосуға, өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, индустриялық және өзге де объектілерді цифрландыруға бағытталады;

- қаржыландыру сомасы - 50 млн рубльден басталады;  

-жоба бастамашысының жобаға қатысу мөлшері - 20%-дан басталады;

- кредиттеу мерзімі - 15 жылға дейін.

Ұйымдастырушылар екі жылдан кейін жылына кемінде 400 инвестициялық жобаны қарауға шығуды және банктер тарапынан кемінде 40 инвестициялық жобаны қаржыландыруға мақұлдау алынуын жоспарлап отыр. Инвестициялық жобаларды қаржыландырудың (кредиттеудің) жыл сайынғы көлемі жылына кемінде 4 млрд рубльді құрайды.

Еуразиялық экономикалық комиссия Одақ елдерінің кәсіпкерлерін үстіміздегі жылы конкурстың бірінші кезеңіне қатысуға шақырады.

Анықтама

Еуразиялық «Интеграция» конкурсының ұйымдастырушылық құжаттары шеңберіндегі  «интеграциялық әсері бар инвестициялық жоба» деп «ЕАЭО-ның өзге мүше мемлекеттерінің заңды тұлғаларымен қаржылық, технологиялық, өндірістік әріптестік кезінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірінің аумағында өтініш беруші бастамашылық ететін, өз қызметінен табыс алу арқылы болашақта өзін-өзі ақтауға (қаржылық орнықтылыққа) қол жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа өндірістік және өнеркәсіптік объектілерді, экономиканың нақты секторында экономикалық орнықты бизнес-модельдерді құру нысанындағы жоба» ұғынылады.

Еуразиялық ««ИНТЕГРАЦИЯ»  конкурсының ресми сайты - www.invest-eaeunion.org​