Жүйеге кіру
ЕЭК Қытайда жасалған мұнай-газ кәсіпшілігі құбырлары бойынша қайтадан демпингке қарсы тергеп-тексеруді бастады

ЕЭК Қытайда жасалған мұнай-газ кәсіпшілігі құбырлары бойынша қайтадан демпингке қарсы тергеп-тексеруді бастады

14.05.2020

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК)  Ішкі нарықты қорғау департаменті ҚХР-да жасалған, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау мен пайдалану үшін қолданылатын тігіссіз болат құбырларға қатысты шараның қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты қайтадан демпингке қарсы тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылдады.

Бұған «Челябі құбыр-прокат зауыты» ЖарАҚ, «Первоуральск Новотрубный зауыты» АҚ, «Волжск құбыр зауыты» АҚ, «Северск құбыр зауыты» ЖарАҚ, «Таганрог металлургия зауыты» ЖарАҚ, «Синарск құбыр зауыты» ЖарАҚ, «ТМК-Казтрубпром» ЖШС берген өтініштерді қарау нәтижелері негіз болды. Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) көрсетілген өнімді өндіру көлемінің 50% -дан астамы 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі аралықтағы кезеңде өтініш беруші кәсіпорындардың үлесіне тиді.

«Ұсынылған ақпарат ҚХР-да жасалған мұнай-газ кәсіпшілігі құбырларының демпингтік импортын жалғастыру мүмкіндігін және демпингке қарсы шараның күші тоқтатылған кезде ЕАЭО экономикасының саласына келтірілген залалды қайта қалпына келтіру мүмкіндігін айғақтайды»,- деп түсіндіреді ЕЭК-тің сауда блогы.

Өтініште мұндай мәліметтердің бар болуы қайтадан демпингке қарсы тергеп-тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады. 

Анықтама

Қытайда жасалған, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау мен пайдалану үшін қолданылатын тігіссіз болат құбырларға қатысты демпингке қарсы шара ЕЭК Алқасының 2015 жылғы 18 тамыздағы шешімімен кедендік құнның 12,23 пайызынан 31%-ына дейінгі мөлшерде (өндірушіге байланысты) енгізілді. Бұл ретте, демпингке қарсы баж баға міндеттемелері мақұлданған өндірушілер тізбесіндегі компаниялар дайындайтын құбырларды ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелу кезінде (тиісті өндірушінің уәкілетті қызметкері қол қойған және мөрмен расталған сертификатты ұсынған кезде) алынбайды. Баға міндеттемелері Tianjin Pipe Manufacturing Co., Ltd.; Hengyang Valin Steel Tube Co., Ltd., Hengyang Valin MPM Co., Ltd.; Hunting Energy Services (Wuxi) Co. Ltd.; Shanghai Hilong Drill Pipe Co., Ltd. сияқты компаниялар үшін мақұлданды. Соңғы өндіруші 2017 жылы тізімнен шығарылды.​