Жүйеге кіру
ЕЭК Салық консультанттарының Еуразиялық Конфедерациясын құруды қолдады

ЕЭК Салық консультанттарының Еуразиялық Конфедерациясын құруды қолдады

09.06.2016

8 маусымда Мәскеуде Консультативтік комитет Төрағасының орынбасары, Еуразиялық экономикалық комиссия Қаржы саясаты департаментінің директоры Бемби Хулхачиевтің төрағалық етуімен ЕЭК жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеттің тоғызыншы отырысы болды.

Оған Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) салық саясаты мәселелеріне жетекшілік ететін уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары және сарапшылары қатысты.

Комитет мүшелері Қазақстан Республикасы Салық консультанттары палатасының Салық консультанттарының Еуразиялық Конфедерациясы форматында заңды тұлғалардың бірлестігін құру туралы ұсынысын қарады. Конфедерацияның негізгі мақсаты салық консультанты мәртебесін жоғарылату және ЕАЭО нарығы шеңберінде қызметтің бірыңғай стандарттарын әзірлеу.

Тараптар ЕАЭО туралы шарттың «Салықтар және салық салу» деген XVII бөлімінің 71-73-баптарына, сондай-ақ оған №18-қосымшаға   өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін де талқылады.

Отырыс барысында Армения Республикасы бастамашылық жасаған ЕАЭО туралы шартқа қосымшалардың біріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысы қаралды. Әңгіме қосылған құн салығына (ҚҚС) нөлдік мөлшерлемені жылдам растау және ЕАЭО басқа мемлекеттері аумағында Армения аумағынан тауарлар экспорты жағдайында оны өтеу туралы болып отыр. Консультативтік комитет Одақ елдерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында экспорттық жеткізуді растау бойынша ЕАЭО мемлекеттері салық органдары арасында ақпараттық өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлейтін болады.

Сонымен қатар Жанама салықтардың төленген сомалары туралы ЕАЭО мемлекеттері салық органдары арасында электрондық түрде ақпарат алмасу туралы хаттамаға өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Бұл Одақ елдерінің салықшыларының жедел өзара іс-қимылын арттырады, бұл акциздерді төлеуден босатудың заңдылығы бойынша салықтық бақылаудың тиімділігіне және жинақталған дәлелдеу базасының сапасына оң әсерін тигізетін болады. Бұдан басқа, салық төлеуші – экспорттаушыда өзінің тауарларын өткізу туралы және ҚҚС бойынша нөлдік мөлшерлеме қолдану үшін салық төлеуші – импорттаушы мемлекеттерден жанама салық төлеу туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндігі пайда болады.

Консультативтік комитет мүшелері «ЕАЭО елдерінде салықтық қатынастарды реформалау. Экономика және қаржы саласында өзін-өзі реттеуді дамыту» атты халықаралық салық конференциясын өткізуді талқылады.

Интеграциялық бірлестіктерде салық салу мәселелері бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу шеңберінде Консультативтік комитет Вена экономика және бизнес университетімен бірлесіп ұйымдастырылатын ЕАЭО мемлекеттерінің қаржы және салық органдары үшін «Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасы семинарларын өткізу графигін бекітті.

Консультативтік комитеттің жауапты хатшысы, ЕЭК Қаржы саясаты департаменті Салық саясаты бөлімінің бастығы Нұрматбек Мәмбетәлиевтің ақпараты бойынша бұл бастама Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық шеңберінде іске асырылуда.

Консультативтік комитеттің келесі отырысы Қазақстан Республикасында 2016 жылдың IV тоқсанында өтетін болады.

Анықтама

Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 15 наурыздағы № 13 шешімімен құрылды. ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі) Тимур Сүлейменов Комитеттің төрағасы болып табылады.

Комитет Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29  мамырдағы шарттың XVII бөліміне сәйкес салық саясаты,  өзара саудада салықтарды өндіріп алу тетігін жетілдіру, салық саясаты мен әкімшілендру саласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бағдарламалары мен жобаларын әзірлеу және іске асыру барысы мәселелері жөніндегі Комиссияның консультативтік органы болып табылады.