Жүйеге кіру
ЕЭК аграрлық саясат және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша ФАО-мен ынтымақтастықты кеңейтеді

ЕЭК аграрлық саясат және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша ФАО-мен ынтымақтастықты кеңейтеді

14.08.2019

ЕЭК-тің Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Александр Субботиннің ФАО бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Владимир Рахманинмен 14 тамызда Будапешттегі (Мажарстан) кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 2019-2023 жылдарға арналған бірлескен жоспары қабылданды.

Кездесуге Беларусь Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Александр Пономарёв, Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов және Ресей Федерациясының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Владимир Сергеев қатысты.

Іс-шаралар жоспарын іске асыру аграрлық саясат және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша ФАО-мен іс жүзіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін болады. Өсімдік шаруашылығы мен өсімдік қорғау, мал шаруашылығы мен малдың денсаулығын қорғау, азық-түлік саясаты, сондай-ақ ең жаңа аграрлық технологиялар саласында бірлесіп зерттеулер жүргізу бірлескен жұмыстың басым бағыттары болып айқындалды.

Осы бағыттар шеңберінде ФАО-мен  белсенді іс-қимыл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, инновацияларды ендіру арқылы ауыл шаруашылығында кооперацияны дамытуға, үкіметтік емес ұйымдарды азық-түлік қауіпсіздігі саласында шешімдер қабылдау процесіне тартуға мүмкіндік береді. Фитосанитариялық шаралар жөнінде жаңа стандарттар әзірлеу және қолданыстағыларын қайта қарау, биотехнологияларды және ауыл шаруашылығы өсімдіктері мен жануарларының селекциясын дамыту, мүше мемлекеттердің тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі деңгейін арттыру, аграрлық-азық-түлік экспортын кеңейту де ынтымақтастық нәтижесі болады.

Александр Субботин «іс-шаралар жоспарын іске асыру Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің келісілген агроөнеркәсіптік саясатының әртүрлі бағыттары шеңберінде озат тәжірибені пайдалану үшін жақсы негіз болады» деп сенім білдірді.

ЕЭК министрі ЕАЭО шеңберінде ветеринариялық және фитосанитариялық бақылаудың бірыңғай қағидаларын қалыптастыру үшін өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өте келіп, мүше мемлекеттердің аграрлық саясатының негізгі бағыттары туралы айтты. Александр Субботин ФАО-ны Одақтан тыс жерлерде ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді ықпал етуге шақырды.

Тараптар ЕЭК пен ФАО арасындағы өзара түсіністік туралы қолданыстағы Меморандум шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру мәселелерін талқылады. Владимир Рахманин Еуразиялық өңір елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуді жақтап сөйледі, ФАО-ның ЕАЭО елдерімен жұмысының негізгі бағыттары туралы, сондай-ақ үстіміздегі жылға жоспарланған неғұрлым маңызды іс-шаралар жайында хабардар етті.