Жүйеге кіру
ЕЭК және Кореяның технологиялар мен стандарттар агенттігі техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады

ЕЭК және Кореяның технологиялар мен стандарттар агенттігі техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады

Фото-1.JPG
14.09.2020

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Корея Республикасы арасындағы сауданың дамуы үшін техникалық реттеу механизмдерінің маңызды мәні бар. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Тимур Нұрашев 10 қыркүйекте Кореяның технологиялар мен стандарттар агенттігі (КТСА) өкілдерімен техникалық реттеу мәселелері бойынша бейнекөпір форматында өткен жұмыс кездесуінде мәлімдеді.

 

«Біз үшін осы салада сыртқы әріптестерімізбен ынтымақтастықты дамытудың зор маңызы бар. Бұл өнімге қойылатын талаптардың деңгейін бағалау мен оны бағалаудың халықаралық талаптарға сәйкес рәсімдеріне мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге саудадағы басы артық техникалық тосқауылдарды алып тастауға ықпал етеді», - деп атап көрсетті Тимур Нұрашев.

 

Тараптар келесі жылға қарай ЕЭК пен КТСА арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды дайындау мүмкіндігін пысықтауға уағдаласты. Оған, атап айтқанда, техникалық нормалау саласындағы тәжірибе және ақпарат алмасу, өнім қауіпсіздігін бақылау жүйелері жөніндегі, соның ішінде қауіпті өнімдерді кері қайтарып алу жүйесі жөніндегі, бизнеске, тұтынушыға түсетін жүктемеде теңгерім орнату мақсатында сертификаттау жүйесін жетілдіру және басқалар жөніндегі бөлімдер кіруі мүмкін.

 

Тараптар таяудағы үш жылда тәжірибе алмасу және бір бірінің жұмысы туралы хабардарлық деңгейін арттыру үшін ЕЭК пен КТСА арасында тұрақты консультациялар өткізуді белгіледі.

 

КТСА Техникалық ынтымақтастық департаментінің директоры Джаехунг Парк өзара жеткізілетін өнімге техникалық регламенттерді қолдану бойынша ЕЭК-пен және мүше мемлекеттермен диалогты жалғастыруға мүдделілігін атап көрсетті.

 

Жұмыс кездесуі барысында белгіленген міндеттерді практикалық іске асыру шеңберінде 11 қыркүйекте энергия тұтыну құрылғыларына, құрылыс жабдығына, доңғалақты көлік құралдарына, химия өніміне және т.б. қауіпсіздік талаптарын белгілейтін Одақтың техникалық регламенттерінің негізгі аспектілерін түсіндіру жөнінде Корея Республикасы бизнес-қоғамдастығы үшін семинар болып өтті. Корея бизнесінің өкілдері өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша да түсіндірмелер алды.

Семинарға Корея сынақтар мен зерттеулер институтының, Hyundai Motors, Корея автоөндірушілер қауымдастығын (KAMA), CETEC, SAMSUNG Electronics, DOOSAN Infracore, Құрылыс жабдығын өндірушілер қауымдастығын (KOCEMA) қоса, Кореяның бірқатар жетекші бизнес-құрылымдарының өкілдері қатысты.

Анықтама

 

Кореяның технологиялар мен стандарттар агенттігі - Корея Республикасының техникалық реттеу саласындағы мәселелерді үйлестіруші мемлекеттік органы болып табылады. Өз құзыреті шеңберінде электр техникалық және электрондық өнім, ойыншықтардың қауіпсіздігі салаларында, энергия тиімділігі және басқа мәселелер бойынша жауапкершілікті болады.​