Жүйеге кіру
Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты бойынша Министрі Тимур Сүлейменов пен Халықаралық көші-қон бойынша ұйымның басшысы Уильям Лейси Свинг Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты бойынша Министрі Тимур Сүлейменов пен Халықаралық көші-қон бойынша ұйымның басшысы Уильям Лейси Свинг Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

15.04.2013

12 сәуір күні Женева қаласында Халықаралық көші-қон бойынша ұйымның штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты бойынша Алқа Мүшесі (Министр) Тимур Сүлейменов пен ХКҰ Бас директоры Уильям Лейси Свинг ЕЭК пен ХКҰ арасындағы Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қоюдың мақсаты – ұйымдардың арасында көші-қон саласындағы ынтымақтастықты жандандыру және іскерлік байланыстар орнату болып табылады. ЕЭК халықаралық ынтымақтастығын дамыту аясында Комиссияның ХКҰ-мен байланыстар орнатуы Комиссияның өз міндеттері мен функцияларын іске асыруының тиімділігін жоғарылатуға бағдарланып отыр және де Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК) шеңберінде ықпалдастық процестерінің одан әрі дами түсуіне жағымды әсер етеді.

Меморандум БЭК қатысушы мемлекеттердің дамуына және әрекет жасауына ықпалын тигізетін көші-қон процестерін тиімді басқару үшін жағдай туындату мақсатымен өзара ықпалдасудың жүзеге асырылуын көздеп отыр.


Бұл құжатта Тараптардың ынтымақтастығының бағыттары, соның ішінде көші-қон жағдайына жасалатын мониторинг пен БЭК қатысушы мемлекеттердің аумағында көші-қон заңнамасының қолданылу тәжірибесі, сондай-ақ көші-қон процестерін басқарудың халықаралық тәжірибесін зерделеу белгіленіп отыр.

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты бойынша Алқа Мүшесі (Министр) Тимур Сүлейменов Меморандумға қол қойылуын «әлемдегі көпшілік таныған беделі бар ұйым – ХКҰ әріптестерімізбен өзара пайдалы және сындарлы диалогқа қарай жасалған жақсы бастамаға» балады. Ол сонымен қатар, БЭК аумағында жүріп жатқан ықпалдасу процестер өндірістің ең маңызды факторларының бірі саналатын қатысушы елдердің еңбек әлеуетін тиімді пайдалану үшін жағдай жасауды талап ететіндігін атап айтты.


Анықтамалық ақпарат.

Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) 1951 жылы құрылған, көші-қон саласындағы үкіметаралық жетекші мекеме болып табылады, үкіметтік, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста іс-қимыл жасап отырады.

ХКҰ құрамына 149 мемлекет кіріп отыр, тағы 12 ел бақылаушылар мәртебесін иеленген. Ұйымның бөлімшелері 100 астам елдерде әрекет етіп отыр. ХКҰ міндеті – баршаның игілігі үшін көші-қон процестерін ізгілендіріп реттеп отыруға қолдау жасайды. Осы міндетін шешу жолында ХКҰ үкіметтерге және мигранттарға кеңесулер өткізіп, қызметтер көрсетеді.

ХҚҰ қызметі көші-қон процестерін ізгілендіруге және реттеп отыруға, көші-қон саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, көші-қон проблемаларына оңтайлы шешімдер іздестіруге көмек жасауға және жәрдемдесуді қажет ететін мигранттарға, соның ішінде босқындарға әрі ішкі қоныс аударушыларға ізгілікті көмек беруге бағытталған.