Жүйеге кіру
ЕЭК-те салық саясаты және кедендік әкімшілік ету саласындағы пікірталасқа түсетін мәселелерді талқылады

ЕЭК-те салық саясаты және кедендік әкімшілік ету саласындағы пікірталасқа түсетін мәселелерді талқылады

15.09.2016

14 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық комиссияда (ЕЭК) салық саясаты және әкімшілік ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде салық саясаты және кедендік әкімшілік ету саласындағы пікірталасқа түсетін мәселелер талқыланды.

Іс-шараны ЕЭК Қаржы саясаты департаменті Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталықпен (СИХО) бірлесіп ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге ЕЭК, СИХО және Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақта кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар өкілдері  қатысты.

ЕЭК Экономика және қарсы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) хатшылығының басшысы Асқар Кішкембаев өзінің ілтипат лебізінде мүше мемлекеттер үшін салық саясатының таяу перспективаға арналған мейлінше өзекті мәселелерін атап көрсетті. Атап айтқанда, өзара саудада ҚҚС-ты алуды әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері, Қосарлы салық салуды болдырмау туралы Конвенция, ЕАЭО мүше елдерінің ЭЫДҰ-ның салық салынатын базаның жылыстауына қарсы іс-қимыл және пайданы салық салудан шығаруға жөніндегі Іс-қимыл жоспарын (BEPS жоспары) іске асыруын талдау мәселелері туралы сөз болды.

Комиссия өкілі ЕЭК жұмысының перспективалық бағыттарына назар аударды. Олар мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамасын үндестіруді, мейлінше сезімтал акцизделетін тауарлар бойынша акциздердің мөлшерлемелерін үндестіруді, заңсыз өнім айналымының алдын алу, Еуразиялық одақтағы салықтық сипаттағы кедергілерді айқындау мен жою мақсатында мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының әкімшілік ынтымақтастығы тетігін құруды, салық аспектілерінің «Жібек жолының экономикалық белдеуі» инфрақұрылымдық жобасын қалыптастыруға әсеріне талдау жүргізуді т.б. қамтиды.

Қаржы саясаты департаментінің қызметкерлері  бизнес қоғамдастығының ЕАЭО-тағы жанама салықты алуды әкімшілендіруге, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті толтыру тәртібі мен оларды жетілдіруге қатысты сұрақтарына жауап берді. «ЕЭК пен Одақ елдері ҚҚС алуды әкімшіліктендіру мәселелеріне аса мән береді, өйткені бұл ішкі нарықтағы өзара сауданы дамытуды айқындайтын факторлардың бірі», – деп атап өтті  Асқар Кішкембаев. Бұл ретте Одақ елдерінің мемлекеттік органдары арасында тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы ақпаратпен алмасу жанама салықтардың толықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Оны жетілдіру үшін ҚҚС-ты бизнес қоғамдастыққа қайтару рәсімін оңайлатуға болады.

Пікірталасқа қатысушылар мүше мемлекеттердің Қосарлы салықтарды болдырмау және салықты төлеуден жалтару туралы конвенция ережелерін қолдануымен байланысты проблемаларға айрықша назар аударды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында туындаған проблемалық жағдай қаралды. Қазақстан ресейлік салық төлеушілерден салық резиденттігін растайтын құжаттарға апостиль қоюды талап етеді. ЕЭК өкілдері қазіргі кезде бұл проблема ЕЭК тарапының үйлестіруі арқылы екіжақты форматта іс жүзінде шешілгенін атап көрсетті.

Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің өкілдері дөңгелек үстелге қатысушыларға ЕАЭО жаңа Кеден кодексінің дайындалу барысы туралы айтып берді, сондай-ақ бизнес өкілдерінің Кодексте болжанатын алдын ала және кезең-кезеңдік декларациялау тәртібі туралы сұрақтарына жауап берді. ЕАЭО Кеден кодексінің жобасы мүше мемлекеттерде мемлекетішілік және келісу кезеңінен өтіп жатқандықтан бизнес өкілдерінің оның редакциясы бойынша ұсыныстары Одақ елдеріндегі осы рәсім шеңберінде қаралуы мүмкін.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары мен бизнесі өкілдерінің арасындағы тікелей диалог Еуразиялық одақтағы салық саясатының, сондай-ақ салық салу мен салықтық әкімшілендіру жөніндегі заңнаманың мақсаттарын біркелкі түсінуді қамтамасыз етеді деген ортақ пікірге келді. Бұл осы салалардағы іс-қимылдың келісімді болуына септігін тигізеді, даулы жайттарды барынша азайтады әрі, түптеп келгенде, Одақта бизнес-орта сапасын арттырады.

Дөңгелек үстел барысында ЕЭК-тің, СИХО мен мүше мемлекеттер бизнес-қоғамдастығының ынтымақтастығын жалғастыру және тереңдету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді

Анықтама

Салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталық (СИХО)– 1993 жылдан бастап фискалды сектор мен инвестициялық режим реформаларын жүргізуде жәрдем көрсететін тәуелсіз, коммерциялық емес, зерттеу, білім беру ұйымы.

Орталықтың миссиясы өтпелі экономикасы бар елдерде және дамушы елдерде инвестициялық климатты жақсартуға және экономикалық өсу қарқынын арттыруға бағытталған салық реформаларын жүргізуде, әлеуетін арттыра түсуде және мемлекеттік-жекеше жобаларын іске асыруда жәрдем көрсету болып табылады.

СИХО мүдделі тараптар саясат саласындағы ғылыми талдау, зерттеу нәтижелерін және озық халықаралық практиканы талқылау үшін кездесетін СИХО-ның «бейтарап дөңгелек үстелі» форматында өзара іс-қимыл жасау арқылы бизнес пен мемлекет арасындағы өзара түсіністікке және сенімге қол жеткізуге ықпал етеді.​