Жүйеге кіру
Еуразиялық интеграция туралы мерекелік кітаптың таныстырылымы: ЕАЭО қалыптасып болды

Еуразиялық интеграция туралы мерекелік кітаптың таныстырылымы: ЕАЭО қалыптасып болды

15.10.2019

«Еуразиялық экономикалық одақ – 25: көкжиектен көкжиекке» деп аталатын кітап Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын қоса, соңғы ширек ғасырдағы Еуразиялық идеяның дамуына арналған. Оның таныстырылымы Мәскеуде, Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) баспасөз орталығында болып өтті. Кітапты ЕЭК-тің және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің жәрдемімен мәскеулік «Восточный экспресс» баспасы шығарған.

Кітап белгілі экономистердің, саясатшылардың, журналистердің, ғылым мен білім қайраткерлерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның және Комиссияның барлық салалық министрлерінің материалдарын қамтиды. Кітап шығару идеясы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовке тиесілі.

 

«Біз биыл ЕАЭО туралы шартқа қол қойылуының бес жылдығын атап өтеміз. Одақ – Еуразиялық интеграция идеясын жүзеге асырған және өткен жылдар ішінде өзінің қалыптасып болғандығы мен тиімділігін растаған экономикалық бірлестік, – деп атап көрсетеді кітап авторларының бірі Тигран Саркисян. – Бұдан 25 жыл бұрын ММУ қабырғасында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын жария етті. Бұл идеяның нығаюы процесінде ол Одақтың тең құқықтық, өзара пайда қағидаттарында және әрбір қатысушы елдің прагматикалық мүдделері ескеріле отырып құрылады деп әлденеше рет атап өтті».

 

Іс-шарада ЕЭК-тің Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Серік Жұманғарин құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгінгі таңдағы ЕАЭО – бұл 183 миллион адам, әлемдік құрлықтың 14%-ы, оның сыртқы сауда тауар айналымы 2015 жылғы 579 миллиард доллардан 753 миллиард долларға дейін өсті. ЕАЭО шеңберінде тауарлардың, қызметтер көрсетудің және жұмыс күшінің ортақ нарықтары құрылған.Бірыңғай кедендік кеңістік қалыптастырылған. Қатысушы елдер арасында тауар қозғалысы жолындағы тосқауылдар мен шектеулерді алып тастау жөнінде дәйекті жұмыс жүргізілуде, нарықтар кәсіпкерлер үшін көбіне ортақ әрі ашық бола түсуде»,- деп атап өтті ЕЭК министрі.

Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Хатшылығының басшысы Асқар Кішкембаев ЕАЭО құрылған кезде экономикалық есептеу іске қосылғанына, тарихи дамудың ортақтығы көмектескеніне сенімді. «Біздің елдеріміз интеграцияға мұқтаж болған уақыт туды. Оған бізді ортақ тарихымыз да жақындатты. Бүгінде нақ осы өңірлік экономикалық одақтар әлемдік кеңістікте үлкен рөл атқарып отыр» деді ол.

ЕАЭО-ның зор болашағына Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесші уәкілі Нұржан Қажиақпаров та сенімді. «Бізге ортақ менталдылық, тарих, мәдени және адами байланыстар білінбей қалмасы белгілі еді. Бүгін біз толық негізде ЕАЭО қалыптасып болды деп айта аламыз. Ол аса ірі және беделді өңірлік одақтың бірі болып, әлемде үлкен рөл атқара түсуде».

 

Ресейлік «Көркем әдебиет» баспасының бас редакторы, осы жобаға басшылық жасаған Георгий Пряхин кітаптың негізгі мазмұны Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерімен сұхбат болып табылатынын хабарлады. «Бұл сұхбаттарда өте оң, жұмыс күйі бар, – деп санайды ол. – Кітап белгілі бір дәрежеде ЕЭК Алқасының жұмысын бейнелейді және бәрінен бұрын Еуразиялық идеяның және Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы қызықтыратын адамдарға арналған». Георгий Пряхин атап өткендей, қазіргі әлемде бұл идея көбірек өз орнын алып келеді. Оның сөзінше, «бүгінде көпшілік әл-ауқаттың артуына және орасан кеңістіктегі бейбітшілікке деген үмітін осымен байланыстырады».