Жүйеге кіру
Тимур Жақсылықов ЕАЭО-да жоғары білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығы туралы мәлімдеді

Тимур Жақсылықов ЕАЭО-да жоғары білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығы туралы мәлімдеді

15.11.2019
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов 12 қарашада Ереван мемлекеттік университетіндегі лекция барысында: «Еуразиялық экономикалық одақтың оқу орындарында алған білімдерін бірыңғай экономикалық кеңістікте қолдана алатын жоғары білікті мамандар даярлау - Одақтың интеграциялық әлеуетін іске асырудың түйінді қадамдарының бірі болып табылады», – деп атап өтті.

 

ЕЭК министрі Комиссияның бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту, зияткерлік меншік құқықтарын сақтау мен қорғау деңгейін арттыру жөніндегі бес жылдық жұмысының негізгі қорытындылары туралы, сондай-ақ қызметтер көрсетудің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етудегі Еуразиялық интеграцияны дамыту перспективалары туралы айтты.

 
Тимур Жақсылықов ЕЭК-та реттеуші әсерді бағалау рәсімін енгізу есебінен шешімдер қабылдаудың транспаренттік жүйесі құрылғанын хабарлады. Бұл бизнес-қоғамдастықтың барлық мүдделі өкілдерінің пікірін ескеруге және реттеудің тиімділігі мен оның кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларына ықпалы арасындағы қажетті теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
 
«Еуразиялық интеграцияны дамытудың маңызды бағыты – қызметтер көрсету саудасы, құру, қызметі және инвестициялар еркіндігіне қол жеткізу арқылы кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады», – деді Тимур Жақсылықов.

 

Бұдан басқа, ЕЭК министрі аудитория назарын кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау, сақтау және пайдалану мәселелерін ескеру қажеттігіне аударды.

 

«Комиссияның жұмысы бір жағынан, зияткерлік меншіктің замани тиімді жүйесін құру үшін Одақ шеңберінде заңнаманы дамытуға және жетілдіруге бағытталса, екінші жағынан, тауарлар мен қызметтер көрсету қозғалысы жолында тосқауылдар тұруына жол бермеуге бағытталған», – деп атап өтті Тимур Жақсылықов.

 

Лекция барысында сондай-ақ ортақ қаржы нарығы мен бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыру, келісілген валюта саясаты, өзара сауда үшін салық салудың қолайлы жағдайларын жасау мәселелері қозғалды.