Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің экономикасы 2017 жылы оң дамуда: көптеген көрсеткіш бойынша өсу байқалуда

ЕАЭО елдерінің экономикасы 2017 жылы оң дамуда: көптеген көрсеткіш бойынша өсу байқалуда

15.12.2017

Еуразиялық экономикалық комиссияда Ашық есік күні шеңберінде өткен журналистермен кездесуде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы және ЕЭК министрлері Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі ЖІӨ өсімі, ұлтүсті деңгейіндегі цифрландырудың маңызы және 2018 жылға  арналған жоспарлар туралы  айтып берді.

ЕЭК  Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян  2018 жылы іске асырылатын неғұрлым маңызды жобаларды санамалап көрсетті. Олардың арасында  Еуразиялық брендтерді қалыптастыру, дәрілердің және медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарының жұмысын жетілдіру,  ЕАЭО ішкі нарығындағы тосқауыл-кедергілерді алып тастау, үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту сияқты мәселелер бар. Одақтың цифрлық күн тәртібінің іске асырылуына айрықша назар аударылады. «Екі жыл бұрын ЕЭК бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастыру жөнінде бастама көтерді,- деді ЕЭК  Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян.- Алғашқы кезең күрделілеу болды, өйткені ЕАЭО туралы шартта қызметтің бұл бағыты туралы ештеңе айтылмағаны белгілі. Біз Одақ елдері үкіметтерінің назарын экономиканы цифрлық трансформациялау жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығына аудара алдық. Нәтижесінде 2016 жылдың соңында біздің мемлекеттеріміздің президенттері цифрлық күн тәртібі туралы мәлімдеме қабылдады және бұл біздің тұтастай жыл бойғы жұмысымыздың маңызды векторын айқындап берді. Егер интеграция өзіне цифрлық құрауышты қоса қамтымайтын болса, онда біз Одақ дамуының қажетті динамикасын қамтамасыз ете алмайтын едік деп бүгінде сеніммен айтуға болады».

Одақта цифрлық күн тәртібін іске асыру басымдықтары айқындалды. Осы орайдағы бірінші басым бағыт – өнімдердің, тауарлардың, қызметтер көрсетудің және цифрлық активтердің қозғалысының бақыланып отыруы бойынша жұмыс басталды.

Мемлекеттік органдар сияқты, іскерлік қоғамдастық та бастама білдіре алады. «Бізге бизнес әртүрлі бастамалармен келуде,-деді  ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Карине Минасян.-Өндірістік кооперация, транзиттік тасымал саласында көптеген жобалар бар.Бизнес мемлекеттік-жекеше әріптестік шартымен ЕАЭО-ның барлық аумағында қызметті кеңейту мәселелерін қарастыруға дайын».

Карине Минасян сонымен бірге ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы кедергі-тосқауылдарды жою жөніндегі жұмыстың негізгі қорытындылары туралы хабарлады. 2017 жылы тоғыз тосқауыл жойылды және екі жыл ішінде жойылуға тиіс 17 тосқауыл белгіленген «жол картасы» қалыптастырылды.

ЕАЭО елдерінің экономикалық табыстары туралы ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Татьяна Валовая әңгімелеп берді. Оның айтуынша,  Одақтың ЖІӨ өсуі жыл қорытындысы бойынша 2%-ға жетуі мүмкін. «Алғашқы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ЕАЭО ЖІӨ өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,9 %-ға өсіп отыр,- деді Татьяна Валовая.- Құны жағынан өзара сауда өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға өсті. Бұл айтарлықтай өсім».

ЕЭК министрі Одақ елдерінің экономикасы көптеген көрсеткіш бойынша өсіп отырғанын атап өтті. Мысалы,  өнеркәсіп өндірісі 2017 жылғы тоғыз ай ішінде  өткен жылдың ұқсас  кезеңімен салыстырғанда 2,3% өсті. ЕАЭО шеңберіндегі жүк айналымы 2017 жылдың қаңтар-қазан айлары ішінде 7%-ға жуық өсті.

Татьяна Валоваяның пікірінше,  интеграциялық әсердің арқасында  Армения мен Қырғызстан қазірдің өзінде ЖІӨ өсімінің 5%-ын көрсетіп отыр, бұл ЕАЭО-ның  басқа елдерінен айтарлықтай жоғары. Мысалы,  2017 жылдың тоғыз айы ішіне Армениядағы құрылыс көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29% өсті. Биылғы жылдың тоғыз айы ішіндегі өнеркәсіп өндірісінің  неғұрлым жоғары өсу көрсеткіші  - 13,7% Қырғызстанда байқалып отыр. Армения екінші орында – өнеркәсіп өндірісінің өсімі 2016 жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 12,4% құрады. «Одақ елдерінің экономикалық табыстары біздің интеграцияны тереңдетіп дұрыс іс жасап отырғанымызды көрсетеді» деді Татьяна Валовая.

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Тимур Жақсылықов интеграциялық процестерді ойдағыдай құру үшін Комиссияның барлық шешімі реттеуші әсерді бағалау рәсімінен (РӘБ ) өтетінін еске салды. «РӘБ рәсімі жұмыс істеген екі жарым жыл ішінде 200-ден астам Комиссия шешімінің жобалары көпшілік талқылауынан өтті,- деді Тимур Жақсылықов.- Біз бизнестен 4,5 мыңнан астам ұсынымдар мен ұсыныстар алдық, бұл ретте олардың 65,5%-ы ескерілді. Демек, РӘБ  бізге де, кәсіпкерлерге де пайда беретін жақсы құрал деп есептейміз».

ЕЭК министрі Комиссияның  Одақ елдері үкіметтерімен бірлесіп капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін, атап айтқанда, қаржы нарығы саласында мүше мемлекеттер заңнамасын үндестіру бойынша ЕАЭО мемлекеттерінің ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жөніндегі жұмысы туралы айтып берді. ЕАЭО-ның  ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы әзірленуде, онда мұны қалыптастыру қағидалары, құқықтық негізі, шарттары, мерзімі, механизмдері мен құралдары  айқын көрсетілетін болады.

2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 43 секторда бірыңғай қызметтер көрсету нарығы жұмыс істеуде. 2017 жылы қызметтер көрсетудің экономикалық жағынан маңызды секторлары бойынша 20 ырықтандыру жоспарын іске асыру басталды, бұл Одақтың бірыңғай қызметтер көрсету нарығын 50-ден 60%-ға дейін қосымша арттырады. Бұл бизнестің бірыңғай экономикалық аумақтағы қызметі үшін мүмкіндікті кеңейтеді.
Тимур Жақсылықов атап көрсеткендей, 2015 жылдан бастап Одақ ішінде жұмыс күшінің еркін орналасуына және мүше мемлекеттер азаматтары үшін тең экономикалық құқықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ортақ еңбек нарығы жұмыс істеуде. Бұл ретте  ЕАЭО елдерінен келген еңбекші мигранттардың басқа мүше мемлекетте жұмыс істеген кезеңінде өздерінің зейнетақы құқығын қалыптастыру мүмкіндігі болмады. Зейнетақы саласында тең құқықтарды сақтау үшін ЕЭК Одақ мемлекеттерімен бірлесіп мүше мемлекеттер еңбекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шарт жобасын әзірледі. Құжат қорытындылаушы сатыда, оған қол қою 2018 жылға жоспарланып отыр. Шарттың күшіне енуі қатысушы елдер азаматтарының олар Одақ мемлекеттеріндегі жұмысы кезінде ие болған зейнетақы құқықтарын қалыптастыруын, сақтауын және іске асыруын қамтамасыз етеді.

ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Адамкул Жунусов энергия ресурстарының ортақ нарықтарын құру жөніндегі жұмыстар жөнінде айтты. «2018 жылғы 1 шілдеге дейін Одақтың ортақ энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы шарт және нарық қағидаларын айқындайтын бес құжат әзірленуге тиіс,- деді ЕЭК министрі.- Бұдан әрі осы нарықтың жұмыс істеуінің технологиялық негізін қалыптастыру міндеті тұр. Газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары тұжырымдамасын әзірлеу аяқталып келеді. Энергетика саласында жою қажет болатын он бір шектеу мен екі алып қою қалды».

Адамкул Жунусовтің айтуынша, көлік саласындағы 2017 жылғы маңызды оқиға «жол картасының» қабылдануы болды, оны іске асыру 2025 жылға дейін Одақ шеңберіндегі көліктің барлық түрімен тасымалдауға қазіргі бар шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді. Су көлігі саласында Кеме қатынасы туралы келісім жобасын келісу бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Оған қол қою Одақ елдерінің жалауы аясында кемелердің мүше мемлекеттердің ішкі су жолдары бойынша жүріп өтуіне рұқсат беру тәртібін жоюға мүмкіндік береді.