Жүйеге кіру
ЕАЭО-да электромобильдерге арналған баж нөлге түсіріледі

ЕАЭО-да электромобильдерге арналған баж нөлге түсіріледі

16.03.2020

ЕЭК Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің электр қозғалтқыштары бар моторлы көлік құралдарының жекелеген түрлеріне арналған (ЕАЭО СЭҚ ТН 8703 80 000 2 позициясы) кедендік әкелу бажы ставкасын нөлге түсіруге шешім алды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев: «Бұл шараны ұлттық валюта бағамдарының күрт өзгерісін және ішкі өндірістің болмауын ескере отырып, сондай-ақ қажетті инфрақұрылым қалыптастыру бойынша ынталандырым жасау үшін белгілеу ұсынылады», – деп атап өтті.

Нөлдік ставка қоса алғанда 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта қолданылатын болады және заңды тұлғалардың да, жеке тұлғалардың да ЕАЭО-да электромобильдерді импорттауы кезінде қолданылады. Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

Бұдан бұрын да ЕАЭО-да электробильдерге арналған кедендік баждар нөлге түсірілді. Мұндай шара 2016 жылғы 15 қыркүйектен бастап қоса алғанда 2017 жылғы 31 тамызға дейінгі аралықта қолданыста болды (Комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 11 шілдедегі № 53 шешімі негізінде). Алайда оның бір жылдан аз уақыт қолданылуы жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермеді. Оның үстіне, мұндай режим жеке тұлғаларға қолданылған жоқ. Олар кедендік құннан 48-54% мөлшерінде баж төледі, бұл іс жүзінде электромобильдерді сатып алу үшін бөгеуші тосқауыл болып табылатын еді.

Осы орайда электробильдерге Одақтың барлық елдерінде қызығушылық бар екенін айтқан жөн. ЕЭК Статистика департаментінің деректері бойынша, 2019 жылғы қаңтар-қазанда олардың ЕАЭО елдеріне импорты жалпы сомасы 14,86 млн АҚШ долл. құрайтын 292 электромобиль (ЕАЭО СЭҚ ТН 8703 80 000 2 позициясы) болды. Импорттың үлесі Арменияда - 0,7%, Беларусьте - 30,8%, Қазақстанда - 7,2%, Ресейде - 61,3% құрады. Электромобильдер негізінен АҚШ-тан, Қытайдан, Австриядан, Германиялан әкелінеді.

ЕАЭО-да электромобильдердің өзіне меншікті сериялы өндірісі жоқ. Бірақ практикалық жағынан барлық елде өнеркәсіптік әлеует бар. Беларусьте бұлар - «ЮНИСОН» ЖАҚ БК мен «БЕЛДЖИ» БЖАҚ. Ұсынылатын кедендік-тарифтік реттеу шараларын ескере келгенде, 2022 жылдың соңына қарай Беларусь Республикасында өндірілетін электромобильдердің көлемін жылына 30 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Беларусьте электромобильдерді зарядтауға арналған мемлекеттік зарядтау желісін құру бағдарламасы бекітілді. 2019 жылы «Белорусьнефть» ӨБ» РБК зарядтау станцияларының саны 125 бірлікке дейін артты. 2021 жылға қарай олардың санын 500 станцияға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Электромобильдерді зарядтау уақытын 10-20 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік беретін аса жылдам электр зарядтау кешендерін салу жоспарланған.

Электр қозғалтқыштары бар моторлы көлік құралдарының жекелеген өндірісі Қазақстан Республикасында да жүзеге асырылады: қазіргі уақытта Ресей Федерациясындағы «НАМИ» автополигонында сертификаттық сынақтан өтіп жатқан JAC iEV7s электромобилінің алғашқы сериялық өндірісін іске қосуға дайындық жасалуда. Көлік құралының типі мақұлданғаннан кейін өндірістің бірінші жылында 200 бірлікке дейін электромобиль шығару жоспарлануда.

Қырғыз Республикасында «Қырғызстан - жасыл экономика елі» Жасыл экономика тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бішкекте, сондай-ақ негізгі магистралды жолдар бойында зарядтау инфрақұрылымын құру жөнінде халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізілуде.

Ресей Федерациясында «Россети» ЖарАҚ 2020 жылы «Қала энергиясы», «Магистралдар энергиясы» және «Қалалық көлік энергиясы» жобаларын іске қосуды көздейтін «30/30» бағдарламасын іске асыруды жобалап отыр. 30 ірі қаланы және 30 негізгі автокөлік магистралын қамтитын 440 жылдам зарядтау станциясы мен 330 баяу зарядтау станциясынан тұратын желі құру, «жасыл экономика» бойынша пилоттық жобаны іске асыру, сондай-ақ электромобиль иелері мен зарядтау станцияларының иелері үшін ақпараттық платформа құру жоспарланған.

Сөйтіп, ЕАЭО-да қабылданған және өткізілетін шаралар мен іс-шараларды ескере келгенде, электромобильдерге қатысты кедендік әкелу ставкасының төмендеуі «бестік» елдерінде электромобильдер нарығының қалыптасуына, олардың өндірісі мен зарядтау инфрақұрылымының дамуына ықпал ететін болады.​