Жүйеге кіру
Францияда өткен Еуразия елдерінің фискалды сарапшылар семинарының шеңберінде ЕЭК жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру бойынша Консультативтік комитеті мен Салық және инвестициялар бойынша Халықаралық орталығы арасында Өзара түсіністік туралы Меморан

Францияда өткен Еуразия елдерінің фискалды сарапшылар семинарының шеңберінде ЕЭК жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру бойынша Консультативтік комитеті мен Салық және инвестициялар бойынша Халықаралық орталығы арасында Өзара түсіністік туралы Меморан

16.07.2013

8-10 шілде аралығында Экономикалық ынтымақтастық және даму Ұйымының (ЭЫДҰ) Париждегі штаб-пәтерінде Салықтар мен инвестициялар бойынша халықаралық орталығы (СИХО) ЭЫДҰ-мен және Халықаралық энергетикалық Агенттігімен бірлесе отырып, Еуразия елдерінің фискалды сарапшыларының жылда өтетін 9-шы кеңес-семинарын ұйымдастырды.

Семинарға 16 елдің, соның ішінде Еуразия мемлекеттерінен жоғары лауазымды шенеуніктер, парламентарийлер мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Атап айтсақ, Еуразиялық экономикалық комиссиясы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикаларының Қаржы министрліктері, Ресейдің Федералдық Салық қызметі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет бойынша комитеті, РФ Мемлекеттік Думасының Бюджет және салық комитетінің өкілдері, Кеден одағына мүше мемлекеттердің парламентарийлері қатысты.

Іс-шара барысында тараптар арасында салық саясаты мен салықтық әкімшілендіру мәселелері бойынша, атап айтқанда, халықаралық салық салу, ҚҚС сомасы мен елдер арасында тауарды тасымалдау барысындағы акцизді салықты есептеу, трансфертті баға құру мәселелері бойынша ашық кеңес берілді.

«Еуразия елдерінің тығыз экономикалық интеграциясы барысындағы фискалды саясаттың ағымдық жедел мәселелері» атты сессияны ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің директоры Бембя Хулхачиев басқарды. ЕЭК өкілі ЕЭК қызметі туралы, және ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің алдына қойылған мақсаттар мен міндеттер туралы, соның ішінде салық саясаты туралы баяндама жасады.

Бұдан басқа, ЕЭК Салық саясаты бөлімінің бастығы Нұрматбек Мәмбеталиев те Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістігінде салықты реттеу туралы баяндама жасады.

Семинар шеңберінде ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің директоры Бембя Хулхачиев пен Салық пен инвестициялар бойынша Халықаралық орталық Президенті (ITIC) Даниэл Витт ЕЭК Салық саясаты мен әкімшілендіру бойынша Консультативтік комитеті мен Салық және Инвестициялар бойынша халықаралық орталық арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандум тараптар салық саясаты мен әкімшілендіру саласында шаруашылық субъектілерінің қызметіне қолайлы жағдай жасау үшін өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және қолдау, мемлекеттік бақылауды оңтайландыру, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің сыртқы және ішкі саудасында заманауи технологиялық және техникалық шешімдерді қолдануда өзара ынтымақтастықта әрекет етуді қарайды.

Тараптар сол сияқты бірлескен ақпараттық-талдаушылық жұмысты ұйымдастыру, салық саясаты мен әкімшілендіру саласында ақпарат алмасу, кеңес, семинар, конференция, форум, дөңгелек үстелдер мен басқа іс-шараларды өткізу мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы келісті.

Меморандум салық саясатын жетілдіру, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің салық әкімшілігінің қызметінің тиімділігін салық саласында ЕЭК жанындағы Консультативтік комитеті дайындаған және ұсынған құжаттарды жүргізу арқылы тиімділігін арттыруға ықпалын тигізеді.

Семинар шеңберінде ЕЭК делегациясы ЭЫДҰ Салық саясаты мен әкімшілендіру орталығының директоры Паскаль Сент-Аманмен кездесу өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша ЭЫДҰ өткізетін барлық салық форумдарына ЕЭК Салық саясаты мен әкімшілендіру бойынша Консультативтік комитеті мүшелерінің бақылаушы ретінде қатысуына келісімге қол жеткізді.

Анықтамалық ақпарат.

ЭЫДҰ Салық саясаты мен әкімшілендіру орталығы заманауи халықаралық экономикалық қатынастардың басты элементтерінің бірі және әлемдік экономиканың ең ірі зерттеу орталығы болып табылады. ЭЫДҰ қызметінің басымды бағыты болып салық салу саналады. ЭЫДҰ салық қызметтерін тығыз ынтымақтастыққа ықпал ететін форумдар өткізеді. Ұлттық салық органдарының өкілдері екі рет салық салудан аулақ болу, салық төлеуден жалтарумен күрес, сауда және инвестициялық лектің салық әсерінен бұрмалауды азайту механизмдерін сараптайды, талдайды. Конвенция салық моделі, кәсіпорын ішінде трансфертті бағаларды калькуляциялау бойынша басшылық, ЭЫДҰ-ға кірмеген елдермен ынтымақтастықты қарайды, ЭЫДҰ стандарттары мен нормаларын таратуға ықпал етеді.