Жүйеге кіру
ЕАЭО-ның тау-кен өндірісі саласында цифрлық технологиялар қолданылатын болады

ЕАЭО-ның тау-кен өндірісі саласында цифрлық технологиялар қолданылатын болады

16.07.2019
Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) тау-кен өндірісі саласындағы стратегиялық бағыттар мен цифрлық шешімдерді дамыту жөніндегі ең үздік ұсыныстары «Тау-кен өндірісі саласы: ЕАЭО шеңберінде интеграциялық жобаларды дамыту әлеуеті» дөңгелек үстелінде іріктеп алынды.

Іс-шара 16 шілдеде «Қатты пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу технологиялары» Еуразиялық технологиялық платформасы (ЕТП) шеңберінде мүше мемлекеттердің тау-кен өндірісі саласының негізгі ойыншыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) штаб-пәтерінде болып өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар саланы нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде бастамалар ұсынды. Атап айтқанда, олар ақпараттық модельдеу (ВІМ) технологияларының бірыңғай мемлекетаралық стандарттарын құруды, техногендік кен орындарының ресурстары мен қорларын бағалаудың стандарттарын әзірлеуді, өндірістік процестерді оңтайландыру және ЕАЭО шеңберінде тау-кен өнеркәсібі саласының өнеркәсіптік қауіпсіздігі стандарттарын сақтау үшін цифрлық шешімдерді пайдалануды ұсынды.
ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Александр Готовский тау-кен өндірісі саласында өнеркәсіптік кооперация қажеттігін атап өтті, сондай-ақ іс-шараға қатысушыларды ЕАЭО-ның өнеркәсіптік саясаты саласында Комиссияда бар өкілеттіктер жайында, экономиканың басым секторларындағы кооперациялық жобалардың табысты практикасы туралы хабардар етті.
Анықтама
«Қатты пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу технологиялары» Еуразиялық технологиялық платформасы 2016 жылғы 18 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің № 32 өкімімен бекітілді.
ЕТП ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі бизнестің жетекші ұйымдарының (салалық өнеркәсіптік кәсіпорындар, мемлекеттік компаниялар), ғылымның (ғылыми-зерттеу институттары, басқа да білім беру мекемелері), мемлекеттің (даму институттары, бейінді мемлекеттік органдар), қоғамдық ұйымдардың (салалық қауымдастықтар мен бірлестіктер) арасындағы ынтымақтастық үшін жағдайлар жасау арқылы қалыптасады.
Бүгінгі таңда ЕТП Еуразиялық экономикалық одақтың 400-ден астам жетекші ұлттық ғылыми және өнеркәсіптік ұйымдарын біріктіреді. Сегіз бағыт бойынша барлығы 15 ЕТП бар. Олардың ішіндегі маңыздылары - «Ғарыштық және геоақпараттық технологиялар – жаһандық бәсекеге қабілеттілік өнімдері», «Еуразиялық биомедициналық технологиялық платформа», «Еуразиялық суперкомпьютерлік технологиялық платформа», «Фотоника», «Еуразиялық жарық диодты технологиялық платформа», «Қатты пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу технологиялары», «Экологиялық даму технологиялары», «ЕуразияБио», «АӨК тамақ және өңдеуші өнеркәсіп технологиясы – дұрыс тамақтану өнімдері», «Еуразиялық ауыл шаруашылығы технологиялық платформасы», «Жеңіл өнеркәсіп» өнеркәсіптік технологиясы», «Металлургия технологиялары және жаңа материалдар», «Құрылыс индустриясы саласының өнеркәсіптік технологиялары» (ҚИСӨТ), «Еуразиялық жарық техникасы платформасы», «Энергетика және электрификация» ЕТП болып табылады.