Жүйеге кіру
ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығы 2025 жылғы 1 қаңтардан кешікпей іске қосылатын болады

ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығы 2025 жылғы 1 қаңтардан кешікпей іске қосылатын болады

16.08.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Электр энергетикасы жөніндегі консультативтік комитетінің Чолпон-Атадағы (Қырғызстан) көшпелі отырысында осы күн аталды.

«Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО)
ортақ электр энергетикалық нарығын құру – Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді дамытудың маңызды кезеңдерінің бірі. Нарықты қалыптастыру, бәрінен бұрын, нарықтық, соның ішінде биржалық баға белгілеу механизмдеріне көшуге, сондай-ақ адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айта өткім келеді»,- деп атап көрсетті ЕЭК-тің Энергетика және инфақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Эмиль Кайкиев.

Биылғы мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы шеңберінде мемлекеттер басшылары
ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа қол қойғаны мәлім. Құжат оның құрылуының, жұмыс істеуі мен дамуының құқықтық негіздерін, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын басқару мен қалыптасуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын органдар мен ұйымдарды, оның қатысушылары мен инфрақұрылымдық ұйымдарын, сондай-ақ электр энергиясын сатудың тәсілдерін айқындады.

ЕЭК министрінің сөзінше,
ортақ электр энергиясы нарығын құру кәсіпкерлердің энергия ресурстарын жеткізушілерді еркін таңдауына мүмкіндік береді, бұл шығарылатын өнімнің өзіндік құнына оң әсер ететін болады. Бұдан басқа, бұл ЕАЭО мемлекеттерінің энергия қауіпсіздігін нығайтады, электр энергиясына айқын бағалар қалыптастыруға, Еуразиялық «бестік» экономикаларының орнықты дамуына ықпал ететін болады. «Бірақ бұл үшін біз нарықтың құқықтық негіздерін әзірлеуді жалғастыра отырып, әлі де көп жұмыс істеуіміз қажет»,- деп атап өтті Эмиль Кайкиев.

Мысалы,
ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу қағидаларын әзірлеуді аяқтау қажет. Бұлар - электр энергиясын сатуды, оның Одақ елдері арқылы транзитін, мемлекетаралық электр беру желілерінің өткізу қабілетін бөлуді және нарықтағы ақпараттық алмасуды реттейтін төрт құжат.

Бұдан басқа, электр энергиясы нарығы туралы бұрын қол қойылған шарт бұл энергия ресурсының электрондық саудасын ұйымдастыруды көздейді, демек, осындай сауданың регламенттерін де дайындаған жөн.

Биылғы жылы Комиссия нарықтың жұмыс істеуі үшін қажетті барлық құжаттарды қабылдау жоспарын ЕАЭО мемлекеттері басшыларының бекітуіне енгізуді жоспарлауда. Оның жобасы Консультативтік комитеттің отырысында келісілді. Комитет мүшелерінің есебінше, 2024 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей
ортақ электр энергетикалық нарығын имитациялық режімде іске қосу қажет, бұл оның жұмыс істеу қағидаларын тестілеуге, сондай-ақ электр энергиясын сатудың электрондық жүйесін ыңғайластыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа,
Консультативтік комитет отырысында Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтің Одақтың электр энергетикалық нарығын реттеу жөнінде орган құру туралы бастамасын іске асырудың мүмкін болатын жолдары талқыланды. Арнаулы жұмыс тобына - ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру жөніндегі кіші комитетке бұл мәселені мұқият пысықтау тапсырылды.