Жүйеге кіру
Тимур Жақсылықов Еуропалық одақпен тығыз өзара іс-қимылды дамыту қажеттігі туралы мәлімдеді

Тимур Жақсылықов Еуропалық одақпен тығыз өзара іс-қимылды дамыту қажеттігі туралы мәлімдеді

3.jpg
16.10.2019

Еуропалық одақ (ЕО) және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ірі сауда, инвестициялық әрі технологиялық әріптестер болып табылады және бірлестіктердің өзара іс-қимылын дамыту қажет. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов Берлин Еуразиялық клубының 27-отырысында және Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі жұмыс тобының отырысында мәлімдеді.

«Еуразиялық экономикалық одақ екі ірі өңірдің – Еуропалық одақ пен Азия – Тынық мұхит өңірінің арасында орналасқан. Бұл бізге Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның арасындағы экономикалық көпір ретінде бәсекелестік артықшылық береді», – деді Тимур Жақсылықов.

ЕЭК министрі әлемдік экономикалық архитектура өзгеріп жатқан жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың айрықша маңызы бар деп сөзін толықтырды.

 

«ЕАЭО мен ЕО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін, бәрінен бұрын, интеграцияның Еуразиялық және Еуропалық векторларын қадамдастыру қажет. Бізге «төменнен», кедендік әкімшілік ету, техникалық реттеу және тауарлар транзиті саласындағы талаптармен байланысты рәсімдерді үндестіруден бастап, тығыз өзара іс-қимылды дамыту қажет,- деп мәлімдеді Тимур Жақсылықов.- Еуропалық одақ біз үшін ірі сауда, инвестициялық әрі технологиялық әріптес және ЕАЭО мемлекеттері экспорттайтын тауарлардың негізгі сатып алушылары болып табылады».

Тимур Жақсылықов сондай-ақ неғұрлым бәсекеге қабілетті жекеше бизнес құрудың және сауда рәсімдерін оңайлатудың маңыздылығын атап өтті.

 

Тимур Жақсылықов ЕАЭО-ны құқықтық реттеу ДСҰ нормативтік базасына сәйкес құрылғанын атап көрсетті. Бұл ЕО мен ЕАЭО-ның кедендік декларациялау, техникалық реттеу, санитариялық, фитосанитариялық шаралар, зияткерлік меншікті қорғау және басқа көптеген салада заңнаманы үндестіруі үшін негіз қалайды.

 

Еуропалық дипломатиялық топтардың өкілдері де Еуропалық одақтың өз кезегінде Еуразиялық одақпен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін атап көрсетті.

 

Отырысқа Еуропалық комиссияның, Германия мен Қазақстанның дипломатиялық, саяси, іскер және сарапшы топтарының өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылар Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы шеңберінде экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық және өңірлік өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

 

Анықтама

Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы, сондай-ақ Еуроодақпен қоғамдық-саяси мәселелердің кең спектрін талқылау үшін диалог алаңы ретінде құрылды.

 

«Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі бірыңғай экономикалық кеңістік» жұмыс тобы 2015 жылғы қарашада Берлинде Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қоюды жақтаушы ірі Еуропалық бизнестің бастамасы бойынша құрылды.