Жүйеге кіру
“ЯМАЛ СПГ” жобасын қолдау және жедел жәрдем автомобильдерін науқастарға көмек көрсетудің қазіргі заманғы жүйелерімен жарақтандыру: ЕЭК Кеңесінің 16 ақпандағы қорытындылары

“ЯМАЛ СПГ” жобасын қолдау және жедел жәрдем автомобильдерін науқастарға көмек көрсетудің қазіргі заманғы жүйелерімен жарақтандыру: ЕЭК Кеңесінің 16 ақпандағы қорытындылары

150615_003.JPG
16.02.2018

16 ақпандағы ЕЭК Кеңесінде Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің (ЕАЭО БКТ) терефталь қышқылы мен оның тұздарына қатысты кедендік әкелу бажының нөлдік ставкасын ұзарту, РФ аумағына “Ямал СПГ” жобасына арналған жабдықты бажсыз әкелу, кейбір техникалық регламенттерге және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылданды. Бұдан басқа, ЕАЭО интеграциялық күн тәртібінің бірқатар басқа да мәселелері қаралды. Атап айтқанда, ІІІ Халықаралық “Еуразиялық апта” көрме форумы 2018 жылғы қазан айында Арменияда өтеді деп шешілді.
 
“Ямал СПГ” жобасын іске асыру үшін Ресейге әкелінетін бірқатар тауарларды кедендік әкелу бажынан босату туралы шешім қабылданды. ЕЭК Кеңесінің шешімімен бекітілген тізімге технологиялық жабдық және жиынтықтауыштар кірді, оның ішінде - сығылған немесе сұйытылған газға арналған сыйымдылықтар, құбырлар, газ турбиналары және т.б. Шешім “Ямал СПГ” жобасын нақты іске асыру басталған күнді есепке ала отырып, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап туындайтын құқық қатынастарда қолданылады.
 
“Ямал СПГ” жобасы Ямал түбегінің солтүстік шығысында орналасқан, Оңтүстік Тамбейск кен орнының ресурстық базасында табиғи газды сұйылту (ТГС) бойынша интеграцияланған кешенді салу болып табылады. Оның іске асырылуы ЕАЭО аумағында аналогтары шығарылмайтын және РФ аумағына бірен-саран әкелінетін бірегей импорттық жабдықтың жеткізілуін болжалдайды.   

ЕЭК Кеңесінің шешімі ЕАЭО кедендік аумағына қажетті жабдықты, жинақтауыштарды және қосалқы бөлшектерді әкелу кезіндегі шығындарды айтарлықтай төмендетеді. Бұдан басқа, бірегей жабдықты және оның түпнұсқалы қосалқы бөлшектерін пайдалану кәсіпорынның өндірістік және экологиялық қауіпсіздігін  және оның айналасындағы экожүйенің қауіпсіздігін, өнімнің өндірілуін, сондай-ақ “Ямал СПГ” ААҚ-ның қол қойылған келісімшарттар бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

Терефталь қышқылы мен оның тұздарына қатысты ЕАЭО БКТ кедендік әкелу бажының нөлдік ставкасының қолданылу мерзімі қоса санағанда 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Комиссия Кеңесінің шешімімен ставка бұдан бұрын 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қоса санағанда 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін 5%-дан 0%-ға дейін төмендетілген еді.

Терефталь қышқылы (ЕАЭО СЭҚ ТН 2917 36 000 0 коды) полиэтилентерефталатты өндіруге арналған шикізат болып табылады, ол өз кезегінде пластикті бөтелкелерге, мақта-мата мен тағам өнеркәсібіндегі пленкалар мен қаптама ыдыстарға арналған қалыптарды дайындау кезінде пайдаланылады.

Одақта терефталь қышқылын жалғыз өндіруші Башқұртстан Республикасында орналасқан “Полиэф” ААҚ болып табылады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 270 мың т. өнім өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ретте 2016 жылы Одақ елдерінде оны тұтыну көлемі шамамен 500 мың т. құрады. Кедендік әкелу бажының нөлдік ставкасының қолданылу мерзімін ұзарту түпкілікті өндірушілерге қолдау көрсетеді әрі олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Таяу жылдары Татарстан Республикасында және Қабарда-Балқар Республикасында жаңа зауыттар салу арқылы өндіріс көлемін арттыру жоспарлануда.

Терефталь қышқылының негізгі тұтынушылары - “Полиэф” ААҚ, “Сибур-ПЭТФ” ААҚ, “Сенеж” жаңа полимерлер зауыты” ЖАҚ, “Алко-Нафта” ЖАҚ, “Могилевхимволокно” ААҚ.

Кеден одағының 2011 жылғы 9 желтоқсанда қабылданған “Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы” техникалық регламентіне (КО ТР 018/2011) өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

БҰҰ жаңа Ережелерінің қабылдануын ескере отырып, доңғалақты көлік құралдарына қойылатын техникалық талаптар жаңартылды, доңғалақты көлік құралдарының сәйкестігін бағалау бойынша жекелеген рәсімдер нақтылануда, төтенше жағдайлар мен табиғи апат салдарын жою мақсаттары үшін жіберілетін техникаға қатысты өзгерістер енгізілуде. Бұдан басқа, жедел жәрдем автомобильдерін науқастарға көмек көрсетудің қазіргі заманғы жүйелерімен жабдықтау талаптары енгізілді. Мысалы, В және С класты жедел медициналық жәрдем автомобильдерінің салондары жоғары қысым мәнінің индикациясы бар және жүйедегі қысымның төтенше мәндері туралы сигнал беретін медициналық газ беру жүйесімен, сондай-ақ негізгі зембілдерді қабылдау құрылғысына орналастыруға арналған қоларбамен жабдықталу керек.

Өзгерістер ресми жарияланған күнінен бастап  күнтізбелік 180 күн өткен соң    күшіне енеді.

ЕАЭО кедендік шекарасын кесіп өтетін тұлғалар мен көлік құралдарын, сондай-ақ ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы және ЕАЭО кедендік аумағында тасымалданатын тауарларды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау (бақылау) тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізілді.

Ереженің бұдан бұрынғы редакциясы санитариялық бақылау нормаларына сәйкес келмейтін өнімді анықтаған жағдайда Одақ елдерінің уәкілетті органдары арасындағы ақпарат алмасу ережелерін регламенттеген жоқ. Биліктің уәкілетті органдарының іс-қимылы ЕАЭО шеңберінде үндестірілмеген ұлттық заңнамамен реттеліп келді.

Ереженің қабылданған редакциясында бақылаудағы тауарлардың Комиссия актілеріне сәйкес келмейтіні анықталған кездегі іс-қимыл дәйектілігі нақтыланған. Берілетін ақпараттың мерзімдері көрсетілген, қажетті көлемі белгіленген. Құжат бақылау органы аумақтық бөлімшесінің басшысын ұлттық заңнамада көзделген шараларды қабылдауға ғана емес, сондай-ақ ЕАЭО-да белгілеген талаптарға сай келмейтін өнімді сатуға тыйым салуға да міндеттейді. Бұдан басқа, Одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті билік органдарына екі жұмыс күні ішінде қауіпті тауарды дайындаушының орналасқан жері туралы хабарлау туралы міндетті талап енгізіледі. ЕАЭО нормалары мен талаптарына сәйкес келмейтін өнім туралы мәліметтер тексерулер өткізу және тәуекелдерді бағалау үшін негіз болуға тиіс.

Одақтың техникалық регламенттерімен оған қойылатын талаптар белгіленбеген өнімнің ЕАЭО шеңберіндегі айналыс тәртібі және осындай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелері туралы келісім жобасы мақұлданды.

Ең үздік халықаралық, Еуропалық және ұлттық практикаларды қамтыған келісім қауіпсіздікті қамтамасыз етудің екі түрлі механизмін белгілейді: біріншісі - міндетті салаға түсетін және оған қатысты бірыңғай техникалық регламенттер әлі енгізілмеген өнім үшін, екіншісі - бірыңғай тізбеге енбейтін өнім үшін.

Мүше мемлекеттер өзінің заңнамасында қауіпті өнімді айналысқа шығарғаны үшін жауапкершілік белгілейді, ал оның айналысқа түсу фактілері анықталған жағдайда Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің ортақ ақпараттық ресурстарында ол туралы ақпаратты орналастырады.

Келісім жобасы қол қоюдан бұрын мүше мемлекеттерге алты ай ішінде өткізілетін мемлекетішілік рәсімдерден өткізу үшін жіберіледі.

ІІІ Халықаралық “Еуразиялық апта” көрме форумын 2018 жылғы 24-26 қазанда Ереванда, Армения Республикасында өткізу туралы шешім қабылданды.

Жыл сайын форум Одақ елдерінің бірінде өткізіледі. 2017 жылы Астанада (Қазақстан Республикасы) өтті. Іс-шараға әлемнің 46 елінен 2000-нан астам адам қатысты. Қатысушылардың жалпы санының 58%-ын бизнес өкілдері, 24% -ын мемлекеттік билік органдарының өкілдері, 10%-ын даму институттарының өкілдері, 5%-ын журналистер құрады. Іскерлік бағдарламасы шеңберінде Одақты дамытудың ең өзекті тақырыптары бойынша 30-дан астам пікірсайыстық іс-шара өтті. Кездесулерді тағайындаудың интерактивті жүйесінің арқасында форум аясында В2В форматында 450-ден астам келіссөз өтті және ынтымақтастық туралы 15 келісімге қол қойылды.