Жүйеге кіру
Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында (РХШжМҚА) Еуразиялық экономикалық интеграция кафедрасы құрылды

Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында (РХШжМҚА) Еуразиялық экономикалық интеграция кафедрасы құрылды

17.01.2020
Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының (РХШжМҚА) Құқық және ұлттық қауіпсіздік институтында Еуразиялық экономикалық интеграция кафедрасын құру туралы келісімге 16 қаңтарда Мәскеуде Гайдар форумы аясында қол қойылды.

Құжатқа Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян және РХШжМҚА ректоры Владимир Мау қол қойды.

Келісім РХШжМҚА мен ЕЭК арасындағы ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды көздейді. Құжатта атап өтілгендей, базалық кафедра «құқық, кеден ісі, көші-қон процестері, кәсіпкерлік қызмет, цифрлық экономика, соның ішінде IT-технологиялар мен инноватика саласындағы оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, жүзеге асыру және қамтамасыз етуге» қатысатын болады.

Тараптар сондай-ақ бірлескен білім беру іс-шараларын, соның ішінде білім алушылардың практикалары мен тағылымдамаларын, семинарларды, мастер-класстарды, конференциялар мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастыру және өткізу туралы уағдаласты.

Тигран Саркисян интеграцияның маңызын терең түсінетін кадрларды даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біздің интеграциялық жобаны табысты дамыту үшін жас элита қажет. Біздің ынтымақтастығымыз Еуразиялық жобаны тиімді ілгерілетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп атап өтті Тигран Саркисян.

Владимир Мау өз кезегінде ынтымақтастықтың жемісті болатынына сенім білдірді.

«Біз осы құжатқа қол қойғаны үшін Комиссия мен Тигран Суреновичке алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл базалық кафедраны құру туралы оған Комиссия мен оқу және ғылым мекемесі қол қойып отырған алғашқы келісім болып табылады», - деді РХШжМҚА ректоры.

Тигран Саркисян Еуразиялық интеграция процестерін сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуге қосқан үлкен үлесі үшін Владимир Мау мен РХШжМҚА Құқық және ұлттық қауіпсіздік институты директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Валерий Смирновқа алғыс хат табыс етті.