Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесінің шешімдері ЕАЭО елдерінің ұлттық экономикаларын дамытуға ынталандырады

ЕЭК Кеңесінің шешімдері ЕАЭО елдерінің ұлттық экономикаларын дамытуға ынталандырады

17.03.2017

17 наурызда Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысы өтті. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде тұтынушылардың қауіпсіздігін және фитосанитариялық бақылаудың тиімділігін қамтамасыз ететін шешімдер бекітілді.

ЕЭК Кеңесінің төрағасы, Қырғыз Республикасының Вице-премьер-министрі Олег Панкратов Кеңес қабылдаған шешімдердің маңыздылығына назар аударды. «Қазіргі заманда әлемде техникалық реттеу нормалары мен ережелері тұтынушылар үшін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өндірістің тиімділігін арттыруға және бизнес үшін шығындарды төмендетуге шақырады, – деп атап өтті Олег Панкратов. – Біз үшін Одақ елдеріне ортақ біртекті тәсілдемелерді, ЕАЭО тауарлар және қызметтер стандарттарына сәйкестендіруді белгілейтін тәртіптерді әзірлеу маңызды».

ЕЭК Кеңесі бекітті:
  • Аяқ киім өндірісінде кеңінен қолданылатын эфир спирттеріне және олардың туындыларына әкелу баждарының мөлшерлемелерін нөлге теңестіру. Ресей тері илеушілер мен аяқ киім тігушілер одағының бағалауы бойынша, бұл шара сала кәсіпорындарының шығындарын жылына 735,3 мың АҚШ долларына төмендетуге және өндірістің табыстылығын ағымдағы деңгеймен салыстырғанда 13%-ға арттыруға (2,8%-дан 3,16%-ға дейін) мүмкіндік береді.
  • Еуразиялық экономикалық одақтың «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне бірқатар, соның ішінде магниттік элементтері бар өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа ережелерді қосу. Атап айтқанда, бекітілмеген шамадан тым күшті кіші көлемді магниттері бар ойыншықтарды сатуға және таратуға тыйым салынады. Бұл оларды жұтып қою мүмкіндігін болдырмайтындықтан, балалардың денсаулығына қауіпті төмендетуге мүмкіндік береді.
  • ЕАЭО-да карантинге жатқызылған өнімді әкелу және мүше мемлекеттер арасында оны өткізу кезінде жүзеге асырылатын карантиндік фитосанитариялық бақылау саласындағы қайталанатын бірқатар нормаларды жою. Бұл шешім саудада негізсіз әкімшілік кедергілерді жоюға және карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүргізу кезінде кикілжің жағдайларды қысқартуға ықпал етеді.
  • «Жарылғыш заттардың және олардың негізіндегі бұйымдардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке өзгерістер енгізу. Жарылғыш заттарды таңбалауды көздейтін нормалардың әрекет ету мерзімінің басталуы 2021 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды. Регламент ЕАЭО елдерінде көмір, мұнай, газ және басқа бірқатар өнеркәсіп салаларында қолданылатын жарылғыш заттардың айналымын нормативтік бекітеді.

Техникалық регламенттің 4-бабының 1-тармағы жарылғыш заттарға өндіруші елдің кодтық белгісі, өнімнің, өндірушінің типі, өндірілген партиясы және өндірілген күні жазылатын таңбалаушы заттарды енгізуді көздейді.

Эфирлік спирттерді және олардың туындыларын әкелу баждарын нөлге теңестіру жөніндегі шешімге қатысты ЕЭК Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина бұл шара қоса алғанда 2019 жылғы 28 ақпанға дейінгі аралықта қолданылатынын атап өтті. «Көрсетілген химиялық өнімді әкелуге нөлдік мөлшерлеме ендіру химияны сатып алу шығындары валюта бағамының артуына байланысты 2,5 есе өскен тері илеу, тері галантереясы өнімдері мен аяқ киім өндірушілерді қолдауды қамтамасыз етеді, – деп хабарлады Вероника Никишина. – Осылайша, әкелу баждарын нөлге теңестіру кәсіпорындардың шығындарын қысқартуға және ішкі және сыртқы нарықта барынша бәсекеге қабілетті бағаларды ұсынуға мүмкіндік беруі тиіс».

ЕЭК Кеңесі шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуына байланысты ел экономикасын бейімдеу процесінде Қырғызстанға техникалық және қаржылық көмек ұсыну туралы құжаттарға қол қойды. «ЕАЭО мемлекеттері тарапынан қолдау бізге ең қысқа мерзім ішінде интеграцияның барлық басымдықтарын пайдалануға, республика кәсіпорындарының өзара саудаға қатысуын арттыруға және елдегі өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік беретініне сенеміз, – деп атап өтті Қырғызстан Вице-премьер-министрі Олег Панкратов. – Мен Президенттер деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтар бүгін қол қойылған келісімдерге ұласқанына қуаныштымын».

Қырғызстан Вице-премьер-министрінің айтуынша, республика Одақ елдеріне жеткізілетін тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беретін жағдайлар жасау үшін үлкен жұмыс атқарды. «Қазақстанның қаражаты қажетті инфрақұрылымды жаңғыртуға және дамытуға, атап айтқанда, ветеринариялық және фитосанитариялық зертханаларға жұмсалатын болады», – дейді Олег Панкратов.

Қазақстан қаржылық қолдау көлемін 7 млн доллардан 41 млн долларға дейін арттырады. Қаражат инфрақұрылымды, соның ішінде құрылысты дамытуға, Қырғыз Республикасының бақылау-өткізу пункттерін және зертханаларын жаңғыртуға және жеткілікті жабдықтауға жұмсалады.

Сонымен бірге, екі елдің өзара іс-қимылы процесі де жеңілдетіледі. Тараптар көмек ұсыну талаптары мен форматтарын айқындайтын уәкілетті органдарды келісті – Қырғызстан Экономика министрлігі мен Қазақстан Қаржы министрлігі.