Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесі Одақтың газ қауіпсіздігі туралы техрегламентін қабылдады және тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын талаптарды нақтылады

ЕЭК Кеңесі Одақтың газ қауіпсіздігі туралы техрегламентін қабылдады және тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын талаптарды нақтылады

17.09.2018
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің 14 қыркүйекте өткен отырысында сауда, экономиканы цифрландыру, өнеркәсіп, қаржы саясаты және техникалық реттеу саласында шешімдер қабылданды.
ЕЭК Кеңесі, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімді және ЕАЭО мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру бойынша «жол карталарын» бекітті; үшінші тараптармен саудада шектеу шараларын жою мәселелері бойынша Одақ елдері мен Комиссия арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін мақұлдады, «Белаздарды» жинау үшін іштен жану қозғалтқыштарына арналған кедендік әкелу бажының нөлдік ставкасының қолданылу мерзімін ұзартты, ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру жөніндегі ақпаратты қарады.
ЕЭК Кеңесі ЕАЭО-ның «Тасымалдауға және (немесе) пайдалануға дайындалған жанатын табиғи газдың қауіпсіздігі туралы» техрегламентін қабылдады. Техрегламент: магистралды газжолмен тасымалдауға дайындалған; өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы; іштен жану қозғалтқыштары үшін отын ретінде пайдалануға дайындалып сығылған; арнайы дайындықтан кейін сұйытылған және отын ретінде пайдаланылатын жанатын табиғи газға қойылатын қауіпсіздік талаптарын белгілейді. Құжатта соның ішінде газ құрамындағы күкіртті сутегінің, оттегінің, көміртегі диоксидінің, меркаптанды және жалпы күкірттің, механикалық коспалардың параметрлері айқындалған.
ЕАЭО нарығындағы көгілдір отын айналысының қағидалары жазылып қойылған. Атап айтқанда, газдың әрбір партиясына әзірлеуші туралы мәліметтерді, газ көрсеткіштерінің нормативтік және іс жүзіндегі мағыналарын, зертханалық сынақтардың нәтижелерін, өнімнің ЕАЭО нарығындағы айналысының бірыңғай белгісін қоса, нақты айқындалған ақпараттар тізбесі бар сапа паспорты ілесе жүруге тиіс. Одақ елдеріндегі газға арналған нормалар мен стандарттар да біріздендіріледі, бұл ЕАЭО ортақ газ нарығына қатысушылардың мүше мемлекеттердің тауар нарықтарындағы биржалық сауда-саттықтарға және Одақ елдері арасында газдың кедергісіз тасымалдануына арналған ұлттық газ-көлік жүйелеріне еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
«Тасымалдауға және (немесе) пайдалануға дайындалған жанатын табиғи газдың қауіпсіздігі туралы» техрегламентті қабылдау Одақтағы ортақ газ нарығын қалыптастырудың маңызды кезеңі болып табылады. Құжат 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Одақтың «Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімі» техрегламентіне өзгерістер қабылданды. ЕЭК Кеңесі өнімдерді таңбалауға қойылатын талаптарды нақтылады, бұл тұтынушылық ораулардағы ақпараттың оқылымдылығы мен ұғынықтылығын жақсартуды қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, «жеңіл оқылымдылық», «түсініктілік» ұғымдарының критерийлері нақтыланды, тамақ өнімін таңбалау кезінде жекелеген мәліметтер көрсетілетін қаріп биіктігіне қойылатын талаптар айқындалды, тамақ өнімінің ойдан шығарылатын атауы туралы мәліметтерді орауға орналастыруға қойылатын талаптар енгізілді. Мысалы, әзірленген күні мен жарамдылық мерзімі туралы мәліметтер биіктігі 2 мм кем болмайтын жай әріптермен көрсетіледі.
Жеңіл оқылымдылық критерийлері таңбалауда пайдаланылатын қаріптің айқындығы мен анықтығы, сондай-ақ негізгі түс аясындағы түс пен оған жазылған, арнайы оптикалық бейімдегіштерді (бұған көзілдіріктер мен жапсырмалы линзалар қосылмайды) қолданбай оқу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ақпараттың түсі арасындағы кереғарлық болып табылады. «Түсініктіліктің» критерийі – мәтін нысанындағы не мәтін мен бейнеленудегі өнім туралы ақпараттың мән-мазмұнын берудің бір мағыналы болуы.
Сондай-ақ тұтынушылық орауда қамтылмаған немесе тамақ өнімін немесе тұтынушылық орауда болатын тамақ өнімінің құрауыштарын немесе осындай өнімнің құрамына кіретін құрауыштар жұпар иісін білдірмейтін дәмі өндіру кезінде пайдаланылмаған тамақ өнімі туралы мәліметтерді тұтынушылық орауларда орналастыруға қойылатын талаптар нақтыланды.
ЕЭК Кеңесінің шешімі Одақ елдерінің азаматтарына өнімді неғұрлым дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
Техрегламентке енгізілетін өзгерістердің күшіне ену мерзімі – ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 180 күн өткен соң деп көзделген. Жаңа орауға біртіндеп ауысу үшін – ЕАЭО техрегламенті күшіне енген күннен бастап кем дегенде 24 ай болатын өтпелі кезең ұйғарылған.
ЕЭК Кеңесі жарық техникасы жабдығын әзірлеу мен өндіру саласындағы жаңа техплатформа - «Еуразиялық жарық техникасы платформасын» бекітті. Осы мақсатта ЕЭК Кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы «Еуразиялық технологиялық платформаларды (ЕТП) қалыптастыру және олардың жұмыс істеуі туралы ережені бекіту туралы» № 32 өкіміне өзгерістер мақұлданды. Бекітілген платформа ЕАЭО-дағы он төртінші платформа болды.
Жаңа платформа жұмысының негізгі бағыттары – жарық техникасы өнімі өндірісі үшін замани жабдықтар мен инновациялық технологияларды, сондай-ақ Одақ агроөнеркәсіптік кешенінің тамақ және өңдеуші өндірісі үшін энергия үнемдегіш жарық техникасы жабдығын әзірлеу. Бұдан басқа, бірлестік Одақ елдерінің уәкілетті органдарында және халықаралық ұйымдарда ЕТП-ға қатысушылардың мүддесін білдіретін болады, әзірленіп жатқан технологиялардың патенттік қорғалуын бағалаумен және бейіндік білім беру мен іскерлік іс-шараларын ұйымдастырумен айналысады.
Еуразиялық жарық техникасы платформасы, тар бейінді жарық диодты платформаға қосымша, ЕАЭО-да бірлескен жобалар мен жарық көздерінің барлық түрлері: натрийлі, галогенді, люминесцентті және басқа шырағдандар негізінде жарықтандыру жүйелерінің кешенді өндірістерін құруға ықпал ететін болады.
Платформаның құрылтайшылары - С.И. Вавилов атындағы Ресей ғылыми-зерттеу жарық техникасы институты мен ЕАЭО елдерінің бірқатар жарық техникасын өндірушілері.
Одақ елдерінің вице-премьерлері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үндестіру туралы келісімге қол қойды. Келісім ЕАЭО елдерінің банк, сақтандыру секторларындағы және халықаралық қағидаттар мен стандарттар негізінде бағалы қағаздар нарығында қызметтер көрсету секторындағы заңнамасын үндестірудің бағыттары мен тәртібін айқындайды. Құжат ортақ қаржы нарығын құру және Одақ елдерінде лицензияларды өзара тану үшін қажет. Ұлттық нормаларды жақындату процесі 2025 жылға қарай аяқталуға тиіс.
Таяудағы уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің орталық және ұлттық банктерінің басшылары да келісімге қол қояды деп ұйғарылуда.
Келісім күшіне енген күннен бастап тоғыз ай ішінде тараптар ЕЭК-пен бірлесіп қаржы саласындағы ұлттық заңнамада көзделген нормаларды жақындату жөнінде «жол картасын» әзірлейді.
ЕЭК Кеңесі Алқаға ЕАЭО елдерінің билік органдарымен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп, экспортқа бағдарланған Еуразиялық зергерлік бренд құру мәселесін пысықтауды тапсырды.
Бұл үшін ЕЭК алаңында жобалық команда жұмыс істейтін болады, ол мүше мемлекеттердің мамандануы, тауар белгісінің атауы және брендті үшінші елдерге ілгерілету стратегиясы бойынша, Еуразиялық бренд маркасы аясында әзірленген өнімге қатысты қолданылатын стандарттар мен қағидалар бойынша және жобаға қатысушыларға қатысты, қажетті инфрақұрылым, цифрлық және ақпараттық шешімдер бойынша, сондай-ақ нарыққа қатысушылардың мүдделерін қорғау мен олардың шығындарын азайту үшін Одақ елдерінің заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар береді.
Комиссия нарықтың мүдделі қатысушыларын жобалық команданың жұмысына қосылуға шақырады.