Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері Global Management Challenge стратегиясы және басқару чемпионатына қосылуы мүмкін

ЕАЭО елдері Global Management Challenge стратегиясы және басқару чемпионатына қосылуы мүмкін

17 сент.jpg
17.09.2019
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян мен Global Management Challenge (GMC) атқарушы директоры, SDG – Simuladores e Modelos de Gestão компаниясының бас директоры Жуао Матозу Энрикеш 16 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық комиссия және Global Management Challenge стратегиясы және басқару чемпионатының халықаралық ұйымдастырушы комитеті арасындағы әріптестік мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, кездесуге РФ Президентінің жанындағы Ресейдің Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының (РХШМҚ) Ұйымдық даму және стратегиялық бастамалар институтының директоры, Ресейдегі GMC жобасының басшысы Вячеслав Шоптенко қатысты. Кездесу ЕЭК-тің штаб-пәтерінде өтті. 

«Біз еуразиялық элитаның қалыптасуына айтарлықтай көңіл бөлеміз. Одағымыздың мүше мемлекеттерінің Global Management Challenge-бен әріптестігі, халықаралық чемпионаттарға сәтті қатысу ЕАЭО елдерінен жас басқарушы-кәсіпкерлерге кәсіби деңгейін жоғарылату, бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігін береді, яғни елдеріміздің экономикасының дамуына себепші болады», – деп атап өтті Тигран Саркисян.

Осы жылы Global Management Challenge-ге 40 жыл толады. 37 елде ұсынылған ұйым студенттік және корпоративтік әлемдерді біріктіретін, стратегия және басқару жөніндегі жарыстар өткізеді, деп хабарлады Жуао Матозу Энрикеш.

Бүгінгі таңда Global Management Challenge чемпионаттары 2006 жылдан бастап ЕАЭО елдерінің ішінен тек Ресейде өткізілді, сол уақыттың ішінде 70 мыңға жуық адам қатысты. 2019 жылы әлемдік мәре Екатеринбургте өткізілді, онда ресейлік команда чемпион атанды. Бұл ретте жарысқа Беларусь Республикасының және Қырғыз Республикасының командалары қатысты. 

Global Management Challenge жарыс тәжірибесін Одақтың өзге мүше мемлекеттеріне де таратуды болжайды. «Біздің мақсатымыз – студенттерді, корпорация қызметкерлерін және кәсіпкерлерді ЕАЭО-ның әрбір елінен жеңімпаз командалар болатындай, конкурсқа қатыстыру. Содан соң олар жыл сайын өткізілетін Global Management Challenge чемпионатының халықаралық мәресіне қатысады. Сонымен бірге, біз жыл сайын еуразиялық жеңімпаз болатындай, еуразиялық елдер үшін арнайы жарыстар ұйымдастыруды жоспарлаймыз», – деп хабарлады Жуао Матозу Энрикеш.

Сонымен қатар, тараптар 2020 жылғы қаңтарда Гайдар форумының шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың үздік командалары үшін жеке кубок өткізу мүмкіндігін талқылады. 

Жуао Матозу Энрикеш ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянды 2020 жылғы мамырда Лиссабонда чемпионаттың әлемдік мәресін ашу шеңберінде өтетін, экономикалық ықпалдасу тақырыбына арналған арнайы пікірталасқа қатысуға шақырды. 

Вячеслав Шоптенко атап өткендей, Global Management Challenge ұйымдастырушылары Ресейдегі чемпионатты ұйымдастырушы РХШМҚ-ға ЕАЭО және ТМД елдеріндегі чемпионаттар үшін әдістемелік орталық болуды ұсынды. «Біз бірнеше пилоттық “бастаманы” өткіздік, атап айтқанда, Екатеринбургтегі әлемдік мәреге Қырғызстан және Беларусь командалары қатысты. Олар корпоративтік сектор атынан қатысты және осы жарыста жоғары нәтижеге қол жеткізді», – деп, әңгімеледі ол. Вячеслав Шоптенко 2019–2020 жылдары ЕАЭО-ның әр елінде толық ауқымды ұлттық кезең ғана емес, сондай-ақ әлемдегі алғаш рет арнайы жарыс - тек Одақтың бес елі арасында - ЕАЭО кубогы өтетініне сенім білдірді. Оның болжамы бойынша, мұндай жарыс чемпионаттың жыл сайынғы күнтізбесіне енуі мүмкін.