Жүйеге кіру
Сергей Глазьев: «ЕАЭО мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ұштасуы шеңберінде ұлттық валюталармен есептесу үлесі елеулі түрде өсуге тиіс»

Сергей Глазьев: «ЕАЭО мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ұштасуы шеңберінде ұлттық валюталармен есептесу үлесі елеулі түрде өсуге тиіс»

17.09.2020

Еуразиялық экономикалық одақ елдері Одақ ішінде біртіндеп ұлттық валюталармен есептесуге көшуде. Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев 16 қыркүйекте «ЕАЭО елдері мен Қытай қандай жолды таңдайды?» онлайн-конференциясында Қытаймен саудада да осыған ұмтылу керек деп мәлімдеді.

Негізгі тақырып әлемдік шаруашылық салттарының өзгеруі және АҚШ пен ҚХР арасындағы қатынастардың нашарлауы жағдайында ЕАЭО мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ұштасуын талқылау болды. Конференцияға ҚХР-дың, ЕАЭО мемлекеттерінің билік органдарының, Еуразиялық экономикалық комиссияның жетекші сарапшылары мен өкілдері қатысты.

«ЕАЭО мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ұштасуы идеясын халықаралық экономикалық ынтымақтастықта жаңа оралымды белгілеуге мүмкіндік бере алатын серпілісті бастамалармен толықтыру қажет болатын сәт туды», - деп атап көрсетті Сергей Глазьев.

Ол көлік-логистика жүйелерін жаңғырту, Еуразиялық өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мүддесіндегі құбыржол құрылысы бөлігінде жеткілікті түрде көп нәрсе жасалғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы шамамен 50 контейнерлік поезд біздің аумағымыз арқылы өтеді, яғни іс жүзінде көлік тасқындарын оңтайландыруға қол жетуде. Біз орталық Қытай мен орталық Ресейдің арасында контейнерлік поездардың бір апталық өту жылдамдығына шықтық», - деп мысал келтірді ЕЭК министрі.

Сергей Глазьев ұлттық валюталарда есептесуге көшудің маңыздылығы туралы былай деп мәлімдеді: «Еуразиялық экономикалық одақта елдер Одақтың ішінде де, сол сияқты Қытаймен саудада да ұлттық валюталармен есептесу үлесін біртіндеп арттырып келеді. Бізге қаржы реттеушілері мен ірі сауда құрылымдарының ынтымақтастығы қажет – бұл орайда бірінші кезекте өзара сауда айналымының негізінде жататын шикізат тауарларымен сауданы айтып отырмын».

Мәселен, 2019 жылы ЕАЭО мемлекеттерінің өзара саудада Ресей рублімен есептесу үлесі 2015 жылмен салыстырғанда 4,4 пайыздық пунктке артып, 72,4% құрады.

Бұдан басқа, ЕЭК министрі экономикалық ынтымақтастық инфрақұрылымын құру қажеттігін, сондай-ақ тауарлар саудасын реттеудің өзіндік жүйесін және мемлекеттердің ұзақ мерзімдік қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін баға белгілеуді атап өтті. Конференцияға қатысушылар киберқауіпсіздік, технологияларды дамыту, электрондық сауда және басқа салалардағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы туралы мәлімдеді.

«Бізге синергетикалық нәтиже алу мақсатында экономикалардың бәсекелестік басымдықтары мен әр алуандығын ұштастыру үшін халықаралық ынтымақтастықты тереңдету қажет», - деп түйіндеді Сергей Глазьев.

Қытай-Ресей гуманитарлық алмасуларды зерттеу орталығының басшысы, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің халықаралық бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары Чжоу Ли Қытай мен АҚШ қатынастарының нашарлауына байланысты әлемдегі жағдаятқа тоқталды және халықаралық қатынастарды демократияландыру мен елдердің ішкі істеріне араласпау туралы мәлімдеді.

«Үлкен Еуразиялық әріптестік» пен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының мақсаттары көп жағынан сәйкес келеді. Біз ЕАЭО мемлекеттерімен және оның байқаушыларымен стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға бағдар ұстап отырмыз», - деп мәлімдеді Чжоу Ли.

Іс-шараның ұйымдастырушысы - Қытай халық университетінің «Чуньян» Қаржылық зерттеулер институты жанындағы Қытай-Ресей гуманитарлық алмасуларды зерттеу орталығы. Жалпы саны 177 мыңнан адам онлайн-конференция көрермені болды.