Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «Жас дипломаттар - ЕАЭО болашағы»

Тигран Саркисян: «Жас дипломаттар - ЕАЭО болашағы»

17.12.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян 16 желтоқсанда ЕЭК Жастар кеңесінің және Ресей СІМ Жас дипломаттар кеңесінің мүшелерімен кездесуде: «Біз Еуразиялық экономикалық одақта перспективалы жас Еуразиялық элитаның қалыптасуына мүдделіміз. Біз сіздердің өздеріңізді Еуразиялық элитамен сәйкестендіріп, Еуразиялық интеграция идеясын Еуразиялық кеңістікте ғана емес, сол сияқты әлемде де ілгерілете береді деп үміттенеміз», – деп атап көрсетті.

ЕЭК Алқасының басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қызығушылық жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Бірлестік нығая түсуіне қарай, танымал да бола түсуде. ЕАЭО-мен ынтымақтасуға ниет білдірген елдер, өңірлік бірлестіктер ЕЭК-ке жүгінеді.

Тигран Саркисянның сөзінше, ЕЭК жұмысының бағыттары көп жағынан дипломатиямен ортақ. Дипломатиялық дағдылар, білім қажет болатын екі трек бар. «Бірінші трек - біз бес тәуелсіз мемлекеттің өзара іс-қимылын, жаңа қоғамдық салтты, жаңа нарықтық қатынастарды қағидаттық жаңа негіздерде құрудамыз. Біздің Одағымыз теңдік, тең өкілдік, шешімдерді консенсустық қабылдау қағидаттарында қалыптасты», – деді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

ЕАЭО елдерінің ұлттық үкіметтерінің алдында тұрған міндеттер, басымдықтар әртүрлі, өйткені халық саны, аумақ бойынша айырмашылықтар бар, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, ұлттық шаруашылық құрылымы да өзгешелікті. «Бұл біздің алаңда күн сайын шешілетін - ортақ кеңістікті құру кезінде әртүрлі мүдделерді ескеріп отыру міндетінің бірегейлігін көрсетеді. Бұл жерде дипломатиялық дағдылар мен білім қажет болатыны сөзсіз», –деп түйіндеді Тигран Саркисян.

Екінші трек – сыртқы, бұл тректе де ЕЭК-тің Одақ атынан үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды құру жөнінде ұлтүсті өкілеттіктері бар. Үшінші елдермен және өңірлік бірлестіктермен ынтымақтастық форматтары меморандумдар, сауда-экономикалық келісімдер, еркін сауда аймақтарын қалыптастыру туралы келісімдер жасасуды бағамдайды. «Осы үш бағытта біз жұмысымызды құрудамыз, және бұл жерде, әрине, сіздердің қатысуларыңыз маңызды болады, өйткені біз кадрлық әлеуетіміздің кеңеюіне мүдделіміз. Ал сіздерде мұның нақты өмірде қалай жүзеге асырылып жатқанын көрудің, бізде практикадан өтудің қызықты мүмкіндігі болады», – деп қорытты Тигран Саркисян.

ЕЭК Алқасының басшысы жастарға таңдаған салада жемісті еңбек тіледі.

Кездесуге Еуразиялық экономикалық комиссияның Жастар кеңесінің және Ресей СІМ Жас дипломаттар кеңесінің мүшелері қатысты.

Іс-шараның модераторы Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің директоры, ЕЭК Жастар кеңесінің төрағасы Данияр Турусбеков болды.

ЕЭК өкілі Комиссияның Жастар кеңесінің қызметі туралы әңгімеледі. «ЕАЭО мерейтойы жылында біз ЕЭК жастар бағытын белсенді түрде іске асырдық. Бішкекте «Еуразиялық апта» халықаралық көрме форумы шеңберінде ЕАЭО жас көшбасшысының бірінші мектебін өткіздік, қызметін ЕЭК Алқасының Төрағасымен келіскен ерікті бірлестік – ЕЭК Жастар кеңесін құрдық, Еуразиялық кеңістіктегі Жас дипломаттар форумының ұйымдастырушылары болдық, Ресей СІМ ЖДК-нің ұйымдастыруымен жас дипломаттардың III жаһандық форумына қатыстық, бірқатар мәселелер бойынша Ресей СІМ ЖДК-мен белсенді өзара іс-қимылды жүргізудеміз. Алдағы уақытта 2020 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлейміз», – деді Данияр Турусбеков.

Ресей СІМ ТМД елдерінің Бірінші департаментінің директоры Михаил Евдокимов болашақ жастардың қолында екенін атап өтті. «ЕЭК-тің және қатысушы елдердің жас ұрпағының қатысуы, пікір сайыстыруы және өзара іс-қимылы маңызды, өйткені болашақ - сіздер. Уақыт өтеді және сіздер өз лауазымдарыңызда, соның ішінде Еуразиялық интеграция бойынша маңызды шешімдер қабылдайтын боласыздар», – деді Михаил Евдокимов.

«Одақтың бірлескен күн тәртібі шеңберіндегі жұмысқа жастардың саналы және дербес қосылғаны сүйінішті, – деп санайды Михаил Евдокимов. – Біздің интеграциялық құрылымдарымыз үшін сіздердің жаңа идеяларыңыз бен бастамаларыңыз сөзсіз қажет болады. Осы жылы өткізілген «Еуразия» Жас дипломаттар форумы (Мәскеу қ., 2019 ж. маусым) және «Еуразиялық апта» форумы шеңберінде Жас көшбасшы мектебі (Бішкек қ., 2019 ж.қыркүйек) жақсы жағынан көрініп үлгерді».

Оның пікірінше, бүгінгі кездесу пікір алмасудың сұраныстылығы мен қажеттілігін, ЕАЭО-ның даму әлеуетін ашуды айғақтайды және сенім мен өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

Ресей СІМ Жас дипломаттар кеңесінің төрағасы Константин Колпаков 2020 жылға көптеген іс-шаралар, соның ішінде «Еуразия» форумын, Жас дипломаттардың 4-ші жаһандық форумын, Жеңіс дипломатиясы форумын жалғастыру жоспарланып отырып отырғанын айтты. «Осы жыл Ресей СІМ мен ЕЭК жастар кәсіби ұйымдары арасындағы қарым-қатынастарды дамытуда серпілісті болды», – деді Константин Колпаков.

Ол сондай-ақ ЕАЭО Жас дипломаттар қауымдастығын құру бойынша Ресей СІМ ЖДК мен ЕЭК ЖК бірлескен бастамасын атап өтті. «Бұл процесс аз уақыттан бері жүріп жатыр. Қазірдің өзінде қарқын алып келеді. Біз екіжақты және көпжақты тректерде келіссөздер жүргізудеміз. Атап айтқанда, қараша айында Қазақстан делегациясымен, қазан айында Қырғызстан делегациясымен келіссөздер жүргізілді. Бұған дейін бізде «Еуразия» форумы шеңберінде Армениялық әріптестерімізбен байланысу болды. Беларусь Республикасына келетін болсақ, онда жас дипломаттардың толық мәнді клубы құрылған, олармен жыл сайынғы екі жақты консультациялар жүйесі орнатылды», – деп хабарлады Константин Колпаков.

Тараптар Одақ күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мүше мемлекеттердің жас дипломаттары мен Комиссия қызметкерлерінің ынтымақтастығын дамыту мақсатында тұрақты негізде бірлескен кездесулер өткізуге, сондай-ақ ЕАЭО Жас дипломаттар қауымдастығын құру мүмкіндігін пысықтауға уағдаласты.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық комиссияның жастар кеңесі (ЕЭК ЖК) – 2019 жылы құрылған ЕЭК лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің ерікті бірлестігі. Оның мақсаты - Еуразиялық интеграция идеясын дәріптеу, ЕАЭО шеңберінде жастар ынтымақтастығын, соның ішінде Одақ елдерінің мемлекеттік органдарының жастар бірлестіктерімен, мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің басқа да жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру жолымен дамыту.

Жас дипломаттар кеңесі (ЖДК) – Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің жастар қоғамдық ұйымы. Кеңес 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді: ол 2001 жылы Ресей СІМ басшылығы мен белсенді жастардың өзара бастамасы бойынша құрылды.

Кеңестің негізгі міндеттері жас қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, дипломатиялық қызмет дәстүрлерін және корпоративтік рухты қолдау, жас қызметкерлер жұмысының қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жасауға жәрдемдесу және жастардың уәждемесін арттыру, Министрлік басшылығымен өзара байланысты жолға қою, жастардың өзін өзі тиімді танытуы мақсатында шығармашылық және ғылыми әлеуетті дамыту, Ресей СІМ қоғамдық ұйымдарымен ынтымақтастық болып табылады.​