Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы оптикалық талшықтарды өндіру үшін эпоксидті шайырлар мен полиуретандарға нөлдік кедендік әкелу баждарын белгілеуді қолдады

ЕЭК Алқасы оптикалық талшықтарды өндіру үшін эпоксидті шайырлар мен полиуретандарға нөлдік кедендік әкелу баждарын белгілеуді қолдады

18.02.2020

ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Кедендік номенклатурасында оптикалық талшықтарды өндіру үшін бастапқы пішіндегі эпоксидті шайырлар мен полиуретандардың жекелеген түрлерін бөліп көрсетуді және оларға қатысты 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифінің нөлдік кедендік әкелу баждарын белгілеуді қолдады. Түпкілікті шешімді ЕЭК Кеңесі қабылдауға тиіс.

Эпоксидті шайырлар мен полиуретандар оптикалық талшықтарды өндіру кезінде қорғаныс жабындары ретінде пайдаланылады. Оптикалық талшықтардың тұтынушылары байланыс желілерінде оптикалық сигналдарды беру үшін таптырмайтын бұйымдар - оптикалық кабельдерді өндіретін кабель зауыттары болып табылады. Бұл ретте, Одақ елдерінде оптикалық талшықтарды тұтыну үнемі өсуде. Мысалы, осы мәселе бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияға ұсыныс енгізген Ресейде талшықты-оптикалық кабельдерді өндірушілерге 2016 жылы 3,2 млн км, 2017 жылы 4,1 млн км, 2018 жылы 7 млн км оптикалық талшық қажет болды.

Ресей тарапының ақпараты бойынша, ЕАЭО аумағындағы оптикалық талшықтардың жалғыз өндірушісі және осындай талшықтарды өндіру үшін әкелінетін преформалардың және жабындардың негізгі тұтынушысы ресейлік кәсіпорындардың бірі болып табылады. Ол оптикалық талшықтарды жасау үшін үшінші елдерден импортталатын шетелдік өндірістің компоненттерін пайдалануға мәжбүр, өйткені Одақта эпоксидті және полиуретанды жабындар жеткіліксіз мөлшерде дайындалады әрі қажетті сапа талаптарына сәйкес келмейді. Нөлдік кедендік әкелу баждарын енгізу Одақтағы оптикалық талшық өндірісінің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, ЕАЭО аумағында телекоммуникациялық және техникалық оптоталшықты өнеркәсіптік өндіріске инвестициялау үшін қолайлы жағдайлар жасалады, сондай-ақ әлемдік нарықта саланың бәсекеге қабілеттілігі артады. Ресей аумағында оптикалық талшықтарды сериялап дайындауды ұйымдастыру кабель зауыттарын өз шикізатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар оптикалық талшықты экспорттауға да мүмкіндік береді.​