Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы электромобильдерге кедендік әкелу бажының нөлдік ставкасын белгілеуді қолдады

ЕЭК Алқасы электромобильдерге кедендік әкелу бажының нөлдік ставкасын белгілеуді қолдады

18.02.2020

18 ақпанда ЕЭК Алқасының отырысында ЕЭК Кеңесінің 2020 жылдың соңына дейін электромобильдерге ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифінің кедендік әкелу бажының нөлдік ставкасын белгілеу туралы шешімінің жобасы қолдау тапты. Бұл шараның қолданылуы соның ішінде жеке тұлғалардың кедендік шекара арқылы өткізетін тауарларына да қатысты болады.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович атап өткендей, бұл шара ЕАЭО-да электромобильдер нарығын қалыптастыруға, олардың өндірісі мен зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ықпал ететін болады.

«ЕАЭО-ның электромобильдер нарығын қалыптастыру үшін ең алдымен, инфрақұрылым мен зарядтау станциялары озық қарқынмен құрылуға тиіс. Екінші мәселе -өз электромобильдеріміздің өндірісі. Қазірдің өзінде үш ел осымен белсенді түрде айналысуда», - деп атап өтті ЕЭК Алқасының басшысы.

Бұдан бұрын электромобильдерге қатысты 2016 жылғы қыркүйектен бастап 2017 жылғы тамызға дейін кедендік әкелу бажының 0% ставкасы қолданылған болатын. Осы уақыт ішінде импорт, мысалы, Беларусьте физикалық тұрғыдан 4 есе дерлік, құндық жағынан 8 есе өсті. Сонымен қатар, Одақтың басқа мемлекеттерінде электромобильдерді әкелу және сату көлемі нөлдік ставканы бір жылдан аз уақыт бойы қолдану электромобильдер нарығын қалыптастыру бойынша жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейтінін көрсетті. Бұдан басқа, шараның жеке тұлғаларға қатысты қолданылмауы және бір шектеу болды.

Талқылау қорытындысы бойынша ЕЭК Алқасының мүшелері электромобильдерге кедендік әкелу бажының нөлдік ставкасын уақытша белгілеу туралы ұсынысты қолдады. Түпкілікті шешімді ЕЭК Кеңесі қабылдауы керек.

Анықтама

Комиссия ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен бірлесіп әзірлеген және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 23 өкімімен бекітілген ЕАЭО-ға  мүше мемлекеттерде электр қозғалтқыштары бар доңғалақты көлік құралдарын жасауды және пайдалануды ынталандыруды қамтамасыз ету жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында,, өзгелерді айтпағанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде электромобильдерді әзірлеуге және өндіруге гранттар ұсыну, электромобильдерді, зарядтау және сервистік инфрақұрылымды өндіру үшін ЕАЭО аумағында өндірілмейтін жиынтықтаушы және базалық компоненттерге ЕАЭО БКТ кедендік әкелу баждарының ставкаларын төмендету көзделген.​