Жүйеге кіру
ЕЭК электрондық саудаға салық салу саласындағы заңнаманы үндестіру мүмкіндігін зерделеуде

ЕЭК электрондық саудаға салық салу саласындағы заңнаманы үндестіру мүмкіндігін зерделеуде

18.04.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Еуразиялық «бестік» елдерінің электрондық саудасына салық салуға талдау жүргізуде және осы саланы ортақ ұлтүсті реттеуді әзірлеу мүмкіндігін зерделеуде. Бұл туралы Мәскеуде Комиссия алаңында уәкілетті мемлекеттік органдар сарапшыларының қатысуымен өткен «Электрондық саудаға салық салу» атты дөңгелек үстелде ЕЭК өкілдері айтып берді. 

«Қарқынды дамып келе жатқан халықаралық электрондық коммерция Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бюджетін толықтыратын жетекші көздердің біріне айналуы мүмкін. Мүше мемлекеттердің электрондық саудаға ҚҚС салу саласындағы заңнамасын үндестіру Комиссия үшін басым бағыт болып табылады», – деп мәлімдеді ЕЭК Қаржы саясаты департаменті директорының орынбасары Аида Абарбекова дөңгелек үстелде. Оның пікірі бойынша, бұл кезеңде өзара саудаға салық салу жүйесін жетілдіру үшін ықтимал жолдарды бірыңғай түсінуді қамтамасыз ету маңызды. Бұл, соның ішіне Комиссияның, мемлекеттік органдардың өкілдері мен ғылыми қоғамдастық өкілдері арасындағы тікелей диалог есебінен мүмкін болады деп санайды Аида Абарбекова. 

Жаһандану және экономикалық процестерді ақпараттандыру салықтық әкімшілендірудің жаңа механизмдерін әзірлеу және қолдану қажеттілігін негіздейді. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде осы мәселеге қатысты тәсілдемелер бүгінде әртүрлі. Олардың кейбірінде электрондық коммерцияға салық салу жоқ. Басқаларында қазір бар, бірақ нормативтік база толықтырылуда және қайта қаралуда. 

ЕЭК-те Одақ елдеріне электрондық бизнеске қатысушылардың салықтарды жасыруының және негізсіз кемітуінің алдын алуға бағытталған келісілген салық саясатын әзірлеу қажет деп есептейді. Сонымен бірге, ЕАЭО елдері арасында электрондық саудада, соның ішінде оны ынталандыру және дамыту үшін салық тосқауылдарын төмендету және адал бәсекелестік жағдайын жасау да маңызды. 

2017 жылдың екінші жартысында ЕЭК-те ЕАЭО мемлекеттерінде Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерді (конвенцияларды) қолдану мәселелерінде тәжірибе алмасу жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істей бастайды. Кеңестерде электрондық коммерция, соның ішінде осы саладағы қызметтен түскен кіріске салық салу бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін де қозғау жоспарлануда. Мұндай жұмыс Одақта интеграциялық процестерді одан әрі тереңдету үшін де қажет. 

Анықтама 
Арменияда бүгінде электрондық саудаға салық салудың құқықтық негіздері жоқ: 2018 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетін жаңа Салық кодексі 3-оқылымда мақұлданды. 

Беларусь Республикасында электрондық саудаға салық салудың ерекше тәртібі көзделген. Беларусь Республикасының Салық кодексі «электрондық ақша», «электрондық әмиян» ұғымдарымен толықтырылды. Бұл түзетулер салықтарды, алымдарды (баждарды), өсімпұлдарды өндіріп алуға болатын объектілердің тізбесін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар, төлем терминалдарын орнату және пайдалану, қолма-қол ақшасыз есептесу нысанын пайдалану бойынша ережелер айқындалған. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Беларусь Республикасы Салық кодексінің шетелдік компаниялар көрсететін электрондық қызметтерден ҚҚС өндіріп алуды көздейтін ережелері күшіне енеді.

Қырғызстанда электрондық саудаға салық салуды арнайы құқықтық реттеу жоқ. Қазақстанда да ол жоқ, алайда соның ішінде электрондық коммерцияға салық салу мәселесі бойынша озық халықаралық тәжірибені және халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын ескере отырып, жаңа Салық кодексін әзірлеу жүргізілуде.

Ресей Федерациясында соңғы уақытта тауарлар ретінде де, қызметтер көрсету ретінде де электрондық саудаға салық салу мүмкіндігін талдау бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде. Интернет арқылы ресейлік пайдаланушыларға электрондық контент сататын шетелдік компаниялар үшін 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 18% мөлшерінде ҚҚС ендірілген және қолданылуда. 

Ресей ФСҚ ақпараты бойынша, 2017 жылғы ақпанның басында 74 шетелдік компания ҚҚС төлеуші ретінде есепке қою туралы өтініш берді. Олар Ресейде салық есептілігін тапсырып, ҚҚС төлей бастайды. Жеке тұлғаларға трансшекаралық электрондық сауда тауарлары бойынша операцияларға ҚҚС ендіру белсенді түрде талқылануда.