Жүйеге кіру
Виктор Назаренко: «ЕАЭО-ға мемлекетаралық стандарттауды дамыту жөнінде кешенді шаралар қажет»

Виктор Назаренко: «ЕАЭО-ға мемлекетаралық стандарттауды дамыту жөнінде кешенді шаралар қажет»

TS_06826.jpg
18.06.2020

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекетаралық стандарттауға қатысуын үйлестірудің және, бірінші кезекте, өнімге қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды орындау үшін стандарттардың замани базасын қалыптастырудың нақты қағидаларын белгілеудің аса қажеттілігі пісіп-жетілді. Бұл тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін және өнеркәсіптің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру үшін қажет. ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде өткен ЕАЭО мемлекеттерінің стандарттау жөніндегі ұлттық органдары басшылары кеңесінің 5-ші отырысы барысында осы жайында мәлімдеді.

 

Отырысқа қатысушылар стандарттау саласындағы жетілдіру бағыттарын талқылады және Одақтың мемлекетаралық стандарттарын келісу мен қолдануды үйлестіру бойынша шешімдер тұжырымдады.

 

«Өнімнің қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі стандарттаудың рөлі, сондай-ақ тосқауылсыз сауда үшін жағдайлар жасау үнемі артуға тиіс. Комиссияға мүше мемлекеттермен бірлесе отырып, ЕАЭО-да стандарттауды дамытудың бірыңғай тәсілдемелерін тұжырымдау және Одақтың техникалық регламенттерін іске асыру үшін жетіспейтін құжаттарды әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс ұйымдастыру аса маңызды», - деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

 

Бұл ретте Виктор Назаренко бизнесті, реттеушілерді, қадағалау органдарын ең замани, стандартталған сынақтау әдістемелерімен қамтамасыз етудің ерекше өзектілігін атап өтті.

 

Отырысқа қатысушылар одақтық техникалық регламенттерге арналған стандарттар тізбесіне кірістірілген барлық бағалау жүргізудің орындылығымен келісті, бұл 400-ге жуық ведомстволық құжат. Бұл жұмыстың нәтижелері техникалық регламенттер талаптарын орындау үшін мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу бойынша ЕАЭО-ның мақсатты бағдарламасын қалыптастырудың негізі бола алады.

 

Кеңес мүшелері сондай-ақ шоколад өніміне қойылатын талаптарды белгілейтін техникалық регламентті іске асыру үшін қабылданған мемлекетаралық стандарттарға ЕАЭО-ның барлық елінің қосылу тақырыбын талқылады. Кондитер өнеркәсібі кәсіпорындарының мәселелерін реттеу үшін Комиссия алаңында Одақтың стандарттау және бизнес саласындағы уәкілетті органдарының өкілдерімен мақсатты кеңес ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

 

Комиссия стандарттау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру тәртібінің жобасына мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу бағдарламаларының орындалу мониторингі жөніндегі ережелерді өзектілігіне және уақытылы болуына орай кірістіру мәселесін қарайды. Бұл мүше мемлекеттердің ЕАЭО-ның қандай да бір елінің аумағында әрекет ету мерзімі тоқтатылған стандарттарын анықтауға мүмкіндік береді.

 

Отырыста техникалық регламенттер талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін мемлекетаралық немесе ұлттық стандарттардың күшін жою бағамдалғаны туралы Комиссия мен одақтас мемлекеттерге алдын ала хабарлама білдіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «Комиссия Одақ актілеріне енгізілетін өзгерістер жобасын дайындады, ол қазірдің өзінде қолданылып жүрген мемлекетаралық құжаттарға ұқсас ұлттық құжаттарды стандарттар тізбесіне кірстіруді шектейді. Бұл ЕАЭО дамуының жоспарлары мен стратегиялық бағыттарын іске асыруды қамтамасыз ете отырып, жаңа перспективалы мемлекетаралық стандарттарды әзірлеуді жандандырады», – деп атап өтті Виктор Назаренко.

 

Кеңес мүшелері ЕАЭО-да бірқатар шетелдік стандарттардың аудармасын дұрыс және өзара тану мәселесін талқылады. Осындай аудармалардың базасын құру және оны қалыптастырудың тиісті тәртібі мен рәсімдерін әзірлеу орынды деп танылды. Стандарттау жөніндегі ұлттық институттарға бұл мәселені пысықтау және оны ЕАЭО мен ТМД-да іске асырудың тиімді тәсілдемелерін дайындау ұсынылды.

 

Бұдан басқа, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті техникалық реттеу саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету аясындағы бірлескен қызмет туралы келісімге Армения мен Қырғызстанның қосылуы есебінен ЕАЭО-ның барлық бес елінің аумағында «Кеден одағы. Техникалық реттеу» кешенді ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін өрістетуге дайындықтың практикалық мәселелері қаралды.​