Жүйеге кіру
ЕАЭО мен ҚХР кедендік рәсімдерді оңайлату мүмкіндіктерін талқылауда

ЕАЭО мен ҚХР кедендік рәсімдерді оңайлату мүмкіндіктерін талқылауда

Фото 2.jpg
19.03.2018

Тауарларды қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз ету, кедендік әкімшіліктердің өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылы, кедендік бақылаудың нәтижелерін өзара тану, кедендік статистиканың деректерімен алмасу, кедендік әкімшілік жүргізуді жетілдіру және СЭҚ қатысушылары үшін сауда рәсімдерін оңайлату Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) арасындағы ынтымақтастықтықты одан әрі дамытудың бағыттары болуы мүмкін.

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Кедендік ынтымақтастық жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Мукай Кадыркулов пен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасының (ҚХР БКБ) басшысы Юй Гуанчжоу Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен ҚХР-ға және Қытайдан Одақтың кедендік аумағына өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы ақпаратпен электрондық алмасу туралы келісім жобасын талқылады. Кездесу Бейжіңде Дүниежүзілік кеден ұйымы мен Қытайдың Кеден қызметі ұйымдастырған электрондық сауда жөніндегі бірінші халықаралық трансшекаралық конференция шеңберінде өтті.

Бұдан басқа, ҚХР мен ЕАЭО арасындағы кеден саласындағы өзара іс-қимылдың ұйымдастырушылық-техникалық және рәсімдік аспектілері, ЕАЭО кеңістігіндегі «Бір белдеу және бір жол» бастамасы, кедендік әкімшілік жүргізуді жетілдіру және сауда рәсімдерін оңайлату мәселелері қаралды.

Қытай тарапы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген ЕАЭО Кеден кодексінің құқықтық жаңартпаларын оң бағалады. Қытайдың Кеден қызметінің басшысы соның ішінде Қытай мен ЕАЭО уәкілетті экономикалық операторларының құқықтық мәртебесін өзара тануға қатысты жаңа кодекс ережелерін іске асыру қажеттігін атап өтті.
 
Анықтама

Комиссия Қытай Халық Республикасымен ақпараттық алмасуды ұйымдастыру жұмысын жүргізуде. ЕАЭО елдері және ҚХР кедендік әкімшіліктерінің арасындағы, келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылатын мұндай алмасу туралы келісім Одақтың кедендік шекарасын кесіп өтетін тауар ағынын неғұрлым мұқият бақылап отыруға, Қытай өнімдерінің ЕАЭО елдеріне импортын, сондай-ақ олардың Одақтың бірыңғай кедендік аумағы арқылы транзитін толық ауқымда бақылау үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Ақпараттық өзара іс-қимыл өнім жеткізудің «сұрқай» схемасы деп аталатынды анықтауға және, соған орай, сапасыз импорт көлемін кемітуге ықпал ететін болады, ал бұл өз кезегінде Одаққа мүше мемлекеттердің жалпы экономикалық ахуалына игі әсерін тигізеді.

Келісім жобасы қазір ЕАЭО елдерінде және Қытайда мемлекетішілік келісуден өткізілуде.