Жүйеге кіру
ЕЭК пен Медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасы агенттігі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

ЕЭК пен Медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасы агенттігі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

19.03.2019
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен Медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасы агенттігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға ЕЭК-тің Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко және Агенттіктің атқарушы директоры  Марк Васмут қол қойды.

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) медициналық бұйымдарының бірыңғай нарығы толық көлемде 2022 жылдан жұмыс істей бастайды. Медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді іске асыру үшін  20-дан астам ортақ реттеуші құжаттар әзірленді, солардың ішінен екі құжат Одақтың медициналық бұйымдарының номенклатурасын құру және жүргізу мәселелеріне арналған.

ЕЭК актілеріне сәйкес Одақ номенклатурасын мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы тіркеу сатысындағы өзара іс-қимыл кезінде, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен тиімділігінің сатудан кейінгі мониторингі кезінде, сондай-ақ медбұйымдарды тұтынушыларды (пайдаланушыларды) жаңылыстыруға соқтыратын іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында пайдалану бағамдалған.

Меморандумға қол қою кезінде ЕАЭО медициналық бұйымдарының номенклатурасы реттеушілердің, өндірушілердің және пайдаланушылардың бірлескен күш-жігерімен құрылатыны және медбұйымдардың бірыңғай одақтық нарығын қалыптастыру кезіндегі реттеу үшін көбірек маңызға ие бола түсетіні атап өтілді. 

Осыған байланысты Виктор Назаренко: «ЕАЭО медициналық бұйымдарының номенклатурасын Жаһандық номенклатурамен үндестірудің мақсаты – Одақта осындай өнімнің әлемдік деңгейде стандартталған номенклатурасын қалыптастыру. Меморандум ЕАЭО кеңістігінде медбұйымдардың ортақ нарығын одан әрі қалыптастыру үшін қажет жағдайларды жасауды және Одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпорындары жүргізетін медициналық бұйымдар экспортын дамытуды қамтамасыз ететін болады», - деп атап көрсетті.

 «Медициналық бұйымдардың әлемдік нарығы екпінді даму үстінде», - деп өз кезегінде атап өтті Марк Васмут, - «Еуропалық одақта  әрбір жарты сағат сайын сол немесе өзге медициналық бұйымға патент беріледі». Сол себепті медициналық бұйымдарды жүйеленген номенклатуралық сыныптауыш арқылы нарықтық реттеуге дер кезінде және  дұрыс ендіру мәселесі өндірушілер үшін өз бұйымдарын сәйкестендіру, нарықта жайғастыру, постмаркетингтік зерттеулер, қолайсыз әсерлерді анықтау және бақылап отыру бөлігінде, сол сияқты тұтынушылар – медициналық ұйымдар мен пациенттер үшін өте-мөте маңызды.

Жаһандық номенклатурамен үндестірілген Одақ медбұйымдарының номенклатурасы Одақ елдерінің реттеуші органдары арасында тіркеу және деректермен алмасу үшін пайдаланылатын болады, әзірлеушілердің, сарапшылық және ғылыми ұйымдардың, медициналық қызметтер көрсетуді жеткізушілердің ЕАЭО нарығында айналыста жүретін медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмысы үшін  негіз болады.

Іс-шара шеңберінде Одақта медициналық бұйымдар номенклатурасын оларды таңбалау кезінде пайдалану және одақтық мемлекеттерде тиісті бақылап отыру жүйесін құру мәселелері, сондай-ақ медициналық бұйымдар номенклатурасының сыныптауышын өткізілетін медициналық бұйымдардың сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы кодтарына тиесілігін нақтылау үшін пайдалану мүмкіндігі де талқыланды.

Анықтама
 
Медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасы – медициналық құрылғылардың 70-тен астам ұлттық реттеушілері пайдаланатын, халықаралық деңгейде танылған, медициналық бұйымдар түрлерінің жүйелендірілген номенклатуралық сыныптауышы. Оны «Медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасы агенттігі» халықаралық коммерциялық емес ұйымы қалыптастырады және жүргізеді.