Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің Ауыл шаруашылығы министрлері коронавирустық инфекция пандемиясы кезіндегі азық-түлік қауіпсіздігін талқылады

ЕАЭО елдерінің Ауыл шаруашылығы министрлері коронавирустық инфекция пандемиясы кезіндегі азық-түлік қауіпсіздігін талқылады

IMG_5380.JPG
19.05.2020

18 мамырда шұғыл жұмыс кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің Ауыл шаруашылығы министрлері мен Еуразиялық экономикалық комиссияның бейінді министрлері – ЕАЭО-ның Агроөнеркәсіптік саясат кеңесінің мүшелері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы қағидаттары мен тәсілдемелерін бейнеконференция режимінде талқылады. Одақтас елдерде қабылданып жатқан шаралар, соның ішінде COVID-19 пандемиясының дамуы жағдайындағы азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу шаралары қаралды.

Кеңес төрағасы Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Иван Крупко отырысты аша келіп, Ауыл шаруашылығы министрліктері басшыларының бірлескен шешімдері жағдаятты тұрақтандыру және Одақтың ортақ аграрлық нарығын одан әрі дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.

 

«Коронавирус пандемиясы жағдайында нарықты азық-түлік тауарларымен тұрақты молықтыру мәселелері - айрықша өткір әрі өзекті. Біз Одақтың ішкі аграрлық азық-түлік нарығының тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін сақтап қана қоймай, сонымен қатар жаңа экспорттық тауашаларды табу үшін күш-жігерімізді біріктіруге және келісілген іс-қимылдар қабылдауға тиіспіз»,- деп атап көрсетті Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

 

Ауыл шаруашылығы министрлері Одақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Екі негізгі тәсілдеме белсенді түрде талқыланды: оның біріншісі - тек қана ұлттық өндірістік ресурстар есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін реттеуге, екіншісі – ЕАЭО-ның барлық елінің экономикалық әлеуетін іске асыруды бағамдайтын ұжымдық модельді пайдалануға байланысты болды.


Кездесуге қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы қағидаттары мен тәсілдемелерін айқындайтын кешенді құжаттың негізі ретінде ЕАЭО органдарының тиісті актісі қабылданатынын атап өтті. Еске сала кетсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және Ауыл шаруашылығы ұйымының әдіснамасы негізінде Одақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы қағидаттары мен тәсілдемелерін әзірлеу жөніндегі ережені Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары жобасы шеңберінде барлық одақтық елдер қолдады.
 
Сондай-ақ министрлер ЕАЭО-да органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің ортақ нарығын қалыптастыру мәселесін қарады. Бүгінде Одақтың барлық елінде органикалық ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың заңнамалық базасы қабылданды, сертификатталған органикалық жер көлемі өсіп келеді, олар шамамен 900 мың га құрайды, органикалық өнім өндірушілер саны 1300-ден асты.
 
Артак Камалян таяудағы перспективада  әлемде осындай өнімге деген сұраныстың өсуі нарық көлемінің екі еселенуіне алып келіп,  200 млрд долларға жетуі мүмкін  екенін атап көрсетті.
 
Тараптардың заңнамасын талдау органикалық өнімді таңбалаудың, өндірісті реттеудің, сертификаттау және стандарттаудың, сәйкестікті растау жөніндегі органдарды аккредиттеудің тәсілдемелерінде айырмашылықтар бар екенін көрсетті. Осыған байланысты ұлттық заңнаманы біріздендіру негізінде органикалық өндірістің сәйкестігін бағалау туралы құжаттарды өзара тануға бағытталған ұлтүсті актісін дайындап, Одақта органикалық айналысты реттеу жүйесін құру орынды деп танылды. Бұл ЕАЭО-да органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді және органикалық тауарларға әлемдік сұраныстың өсуі аясында экспорттық әлеуетті іске асыру  шарыттарын жасайды.
 

Анықтама

 

ЕАЭО-ның Агроөнеркәсіптік саясат кеңесі келісілген агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру кезінде Одақ елдерінің Ауыл шаруашылығы министрліктерінің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін ЕАЭО мемлекеттері басшыларының шешімімен құрылды. Оның құрамына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Ауыл шаруашылығы министрлері, ЕЭК-тің  Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі, Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшелері (министрлері) кіреді.