Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің Үкіметтеріне каботаждық автомобиль тасымалын ырықтандыру бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды

ЕАЭО елдерінің Үкіметтеріне каботаждық автомобиль тасымалын ырықтандыру бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды

19.05.2020
Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері басшыларының саммитінде ЕАЭО елдерінде каботаждық автомобиль жүк тасымалын ырықтандыру бағдарламасын іске асыру қаралды. Одақ елдерінің Үкіметтеріне Бағдарламаның үшінші кезеңінде көзделген іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
 
Бүгінгі күні ЕАЭО-ның барлық мемлекеті тиісті іс-шараларды мерзімінде өткізіп болған жоқ. Армения мен Қырғызстан бағдарламаның үшінші кезеңін іске қосуға дайын екендігі туралы мәлімдеді. Беларусь оны іске асыруға да кірісті: биылғы жыл басында оның аумағында тоғыз каботаждық тасымал жүзеге асырылды. Ресей әзірге Одақтың басқа елдерінің тасымалдаушыларына оның аумағы бойынша каботаждық тасымалдарды жасауға мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістерді әлі енгізген жоқ.
 
Бағдарламаның түйінді міндеті – бос жүрісті қысқарту, жүк автомобиль көлігі қызметтер көрсетуді тұтынушылардың көлік шығындарын азайту. Мұның барлығы ЕАЭО елдерінің өзара сауда айналымына да оң әсер етеді. Бұл ретте Каботаждық тасымалдарды ырықтандыру бағдарламасы бастапқыда Беларусьпен, Ресеймен және Армениямен келісілген болатын, оған Қырғызстан кейін қосылды. Қазақстан бағдарламаға 2025 жылдан бастап қатысатын болады. Бағдарламаны ЕАЭО елдерінің президенттері 2015 жылғы мамырда бекітті. Ол 2016 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі аралықтағы уақыт кезеңіне есептелген және бірнеше кезеңнен тұрады.
 

Бағдарламаны орындау Комиссияның Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитеттерінде және Одақ мемлекеттерінің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесінде, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің және Одақ мемлекеттері басшыларының отырыстарында бірнеше мәрте қаралды, олардың қорытындылары бойынша Одақ елдерінде бағдарламаны іске асыруды бастау үшін қажетті шараларды қабылдауды жеделдету қажеттігі атап өтілді.​