Жүйеге кіру
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындылары

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындылары

19.05.2020

Бүгін бейнеконференция режимінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы болып өтті.

Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы тұтастай алғанда мақұлданды. Бұл ретте Одақ елдерінің Үкіметтеріне құжатты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі көзбе көз өткізу жоспарланып отырған отырысына дейін пысықтау тапсырылды.

 

ЕАЭО елдерінің үкіметтеріне каботаждық автомобиль тасымалдарын ырықтандыру бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Бағдарламаның түйінді міндеті –  бос жүрісті қысқарту, жүк автомобиль көлігі қызметтерін көрсетуді тұтынушылардың көлік шығындарын азайту.

ЖЕЭК Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің 2020-2021 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын бекітті. Құжатқа мүше мемлекеттердегі экономикалық жағдаятты жақсарту және коронавирустық инфекцияның пандемиясы мен шикізат бағаларының күрт төмендеуіне байланысты сыртқы күйзелістердің экономикалық салдарын барынша азайту жөніндегі ұлттық және интеграциялық шаралар кешені кірістірілген.

Сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес 2019 жылғы трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және оларда бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзудың жолын кесу жөнінде Еуразиялық экономикалық одақта қабылданатын шаралар туралы жылдық есепті мақұлдады. Одақта тауарлар қозғалысы жолындағы тосқауылдарды жою жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны, кәсіпкерлер үшін нарықтардың көбі ортақ әрі ашық бола түскені есепте атап өтілген.​