Жүйеге кіру
ЕАЭО мен ТМД ұйымдары пандемия жағдайында тұтынушылар құқықтарын қорғаудың ортақ тәсілдемелерін айқындады

ЕАЭО мен ТМД ұйымдары пандемия жағдайында тұтынушылар құқықтарын қорғаудың ортақ тәсілдемелерін айқындады

19.06.2020

ЕАЭО елдері тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік комитет пен ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік кеңестің 18 маусымда бейне конференция режимінде болып өткен бірлескен отырысында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Грузияның мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдарының басшылары пандемия кезеңінде тұтынушылардың мүдделерін қорғау механизмдерін талқылады.

Бірлескен отырысты ЕАЭО Консультативтік комитетінің төрағасы, Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко мен ТМД Консультативтік кеңесінің төрағасы, Федералдық тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы қадағалау қызметінің басшысы Анна Попова жүргізді.

«Пандемия электрондық сауда көлемі мен онлайн-сервистерді, электрондық қызметтер көрсетудің сан алуан түрлерін дамытудың бұлқына өсуінің шапшаңдатқышы болды. Одақ елдерінің Үкіметтері осы салада бірқатар реттеуші құжаттар қабылдауда. Электрондық сауда форматтарын қайта құрудан кешігіп қалмау және бірінші кезекте тұтынушы алатын тауарлар мен қызметтер көрсетудің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету маңызды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері алғы шепке шығады және Одақты дамытудың жалпы әрі цифрлық күн тәртібіндегі түйінді міндеттер қатарында қарастырылуға тиіс, бұл үшін Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында оларды ғылыми сүйемелдеуді қоса алғанда, іс-шаралардың тұтас блогы көзделген»,- деп атап өтті Виктор Назаренко.

Отырысқа қатысушылар өзгерісті жағдайларда тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету тұрғысынан келгенде ЕАЭО мен ТМД елдері үшін айрықша назар аудару талап етілетін ең өзекті қызмет салаларының қатарында туризмді, авиатасымалды, электрондық сауданы және қаржылық қызметтер көрсетуді атап өтті.

Елдерде тұтынушылардың осы салалардағы құқықтарын қорғау жөніндегі бастамалар мен қабылданған шараларды қарап және талқылай келе, отырысқа қатысушылар Арменияның, Беларусьтің, Ресейдің, Қазақстанның, Қырғызстанның дәрілерді, коронавирустық инфекцияға және басқа да ауруларға қатысты препараттардың емдік қасиеттерін жалған жарнамалауды қоса алғанда, тауарларға бағаны негізсіз көтерудің жосықсыз практикасын алдын ала ескерту, сондай-ақ тұтынушылардың неғұрлым осал санаттарының құқықтарын қорғау үшін шаралар қабылдау жөніндегі тәжірибесін атап өтті.

Комиссия туристік қызметтер көрсетуді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін реттеуге шолуды және дағдарыс кезеңінде осы саланы қолдау үшін елдер қабылдап жатқан шаралар туралы ақпаратты ұсынды. Отырысқа қатысушылар шолуда қамтылған ақпарат пен ұсыныстарды тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдар мен ұйымдардың практикалық қызметінде пайдалану үшін қабылдады.

Талқылау нәтижелері бойынша ЕАЭО және ТМД консультативтік органдарының бұдан арғы бірлескен отырыстарының өзектілігі мен ЕАЭО және ТМД интеграциялық бірлестіктері тұтынушыларының құқықтарын қорғау үшін олардың практикалық маңыздылығы бар екендігі атап өтілді.

Анықтама

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитеті Комиссияның Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы келісілген саясатты іске асыру мәселелері бойынша ұсыныстар, ұсынымдар дайындауды және консультациялар өткізуді қамтамасыз ететін консультативтік органы болып табылады. Консультативтік комитеттің құрамына мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдарының және қоғамдық ұйымдарының басшылары кіреді. Консультативтік комитеттің төрағасы - ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік кеңесі – салалық ынтымақтастық органы, оның құрамына ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдарының және қоғамдық ұйымдарының басшылары кіреді. Консультативтік кеңестің төрағасы – Федералдық тұтынушылар құқықтарын қорғау және адамның саламаттығы саласындағы қадағалау қызметінің басшысы Анна Попова.​