Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің Премьер-министрлері цифрлық ортадағы өзара іс-қимылдың форматтары мен механизмдерін талқылады

ЕАЭО елдерінің Премьер-министрлері цифрлық ортадағы өзара іс-қимылдың форматтары мен механизмдерін талқылады

02.02.2018

2 ақпанда Алматыда (Қазақстан Республикасы) өткен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үкіметтерінің басшылары ЕАЭО цифрлық күн тәртібін, цифрлық трасформацияның бірлескен бағдарламасы мен электрондық сенім кеңістігін құруды, криптовалютаны қолдану мәселелеріндегі өзара іс-қимылды талқылады. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша ұйымдастырылды. Оның сессияларына Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Алқа мүшелері (министрлер), Әзербайжанның және Тәжікстанның ресми делегациялары, сондай-ақ бірқатар ірі халықаралық IT-компаниялардың  өкілдері қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзінде цифрландыру мәселелеріндегі күш-жігерді біріктіру ЕАЭО-ны дамыту үшін синергетикалық әсер беретіні айтылды.Одақтың ортақ нарығының бар болуы цифрландыру мәселелерінде бірлескен тәсілдемелер мен шаралар тұжырымдауды талап ететіні атап өтілді.

Ұлттық цифрлық күн тәртібін таныстыра отырып, Армения Республикасының Премьер-министрі Карен Карапетян елдегі ақпараттық технологиялардың белсенді дамуы туралы әңгімеледі. Бұл салада жыл сайынғы өсім бірнеше жылдан бері 25% құрап отыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ол 28-30% жетуге тиіс. Арменияның цифрлық дамуының алты негізгі даму бағыты айқындалған, олар: цифрлық үкімет, киберқауіпсіздік, жекеше сектор, институционалдық негіз, цифрлық дағдылар және  инфрақұрылым.  2030 жылға қарай  Армения мемлекет – бизнес өзара қарым-қатынастарында цифрландыруды 100% және азаматтарға қызметтер көрсету линиясы бойынша 80% жеткізуді жоспарлап отыр.

«Цифрлық трансформация – бұл технологиялық  прогреске қарай жасалған қадам ғана емес, ол қысқа мерзімде экономиканы басқарудың тиімді жүйесі бар мемлекет болудың бірден бір мүмкіндігі,- деп сенеді Карен Карапетян.- Бұл жерде балама жоқ».  
 
Беларусь Республикасының  Премьер-министрі Андрей Кобяковтың пікірінше, жоғары технологиялар саласындағы қазіргі заманғы қатер-сындарға әлемнің бірде бір елі жалғыз-жарым жауап бере алмайды. «Біздің ортақ цифрлық күн тәртібімізді іске асыру шеңберінде үйлестірілген бірлескен іс-қимылдар ғана Еуразия құрылығы аумағында да, сол сияқты әлемде де көшбасшылық позицияда орнығып қалуымызға мүмкіндік береді»,-деп есептейді Андрей Кобяков. 

Осыған байланысты Беларусь екі бастаманы қарауды ұсынады. Біріншісі – бірыңғай стандарттарды енгізуді ғана емес, сонымен бірге нақты инфрақұрылымды ортақ басқаруды, батыс-шығыс бағытында толық мәніндегі цифрлық көлік дәліздерін қалыптастыруды бағамдайтын ЕАЭО елдерінің цифрлық инфрақұрылымының интеграциясы.

Екінші бастама цифрлық ортадағы келісілген саясаттан Одаққа қатысушы елдердің  бірыңғай стратегиясына көшуді білдіреді. «ЕАЭО-ның цифрлық трасформациясының ортақ бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, оны  түсінікті ортақ қағидаттар мен тәсілдемелер деңгейінде емес,  нақты іс-шараларды және оларды іске асырудың мерзімдерін көрсете отырып әзірлеуді ұсынамыз,- деді Беларусь Үкіметінің басшысы.- Осы жағдайда ғана біз цифрлық саладағы декларация түріндегі емес, шынайы интеграция туралы айта аламыз».

Беларусь цифрлық трасформацияны ұлттық дамудың негізгі басымдығы деп айқындап та алды.Елдің стратегиясы үш негізгі ережеге құрылған: озық IT-компаниялардың жұмысы үшін барынша тартымды жағдайлар жасау, аса жаңа технологияларды ендіру үшін кедергілерді жаппай жою, инновациялардың экожүйесін қалыптастыру. Атап айтқанда, Андрей Кобяков бизнес үшін жеңілдікті шарттары бар Ақпараттық технологиялар паркін құру туралы және блокчейн мен криптовалюталар негізінде бизнесті заңдастыру туралы хабарлады.

Бірлескен цифрлық күн тәртібін іске асырудың маңыздылығы туралы Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сапар Исаков та айтты. Оның сөзінше, бұл цифрлық салада ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді біріктіруге және тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді,  өңірлік дамуға, қатысушы елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді.

Сапар Исаков Қырғызстанда жалпыұлттық «Таза Коом» цифрлық трансформация бағдарламасы әзірленгенін еске салды. «Ол бізге мемлекеттік шығыстарды оңтайландыруға, бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға, белгілі бір сыбайлас жемқорлық элементтерін түп-тамырымен жоюға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Қырғызстан Үкіметінің басшысы. Ол сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларда криптовалюталарды қолдану мүмкіндігі пысықталып жатқанын хабарлады.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде жоғары технологияларды дамытуда Одақтың әрбір елі өзінше ілгерілегенімен, цифрлық салада интеграциялану мүмкіндігі болғаны маңызды екенін атап көрсетті. «Біз әртүрлі министрліктерде қабылданған бағдарламалардың өзі кейде өзара интеграцияланбайтынына жиі тап болып жүрміз,- деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.- Ал егер ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық платформасы шеңберіндегі интеграция туралы сөз ететін болсақ, онда бізге мұның бәрін қандай жолмен біріктіреміз деп байсалды түрде ойлануға тура келеді.  Бұл ретте бәлкім технологиялық кәсіпкерлік үшін ең жақсы жағдайлар жасау маңызды болатын шығар». 

Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы Дмитрий Медведев цифрлық процестерді реттеудің, әсіресе траншекаралық деңгейде реттеудің сенімді, ауыртпалық түсірмейтін және ашық режимінің қажеттігі туралы мәлімдеді.Бұл реттегі маңызды міндет хакерлік шабуылдарға, кибералаяқтыққа және террорлық қызметке қарсы іс-қимыл болады.

Дмитрий Медведевтің пікірінше, Одақ шеңберіндегі цифрлық интеграцияға үш элементті қосуға болады. Бірінші, ЕАЭО Data X  шартты атауы аясындағы - деректерді электрондық түрде берудің және алмасудың бірыңғай кіші жүйесі. Ақпарат алмасу үшін пайдаланылуы мүмкін бұл платформа, сайып келгенде, жекеше компаниялар арасында заң жағынан маңызы бар хаттамалармен алмасу үшін пайдаланылады.

Екінші элемент - ЕАЭО ID – электрондық сенімнің бірыңғай кеңістігі. Ол сәйкестендіру, түпнұсқаландыру, авторластыру, цифрлық архив сервистерін қамтиды. Бұл, мәселен, бір елдің азаматына басқа елдің аумағында цифрлық форматта анықтама беруге мүмкіндік тудырады.

Үшінші элемент - ЕАЭО Geo – бұл тауарларды тасымалдауға және бақылап отыруға бақылау жасауды оңайлатуға мүмкіндік беретін геоақпараттық жүйе және картографиялық негіздегі сервистер.

«Міне осындай құралдар біздің өзара іс-қимылымыздың контурын құрайды,- деді Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы.- Әрине бізге ортақ стандарттар туралы, ұлттық шешімдердің үйлесуі турасында уағдаласуға тура келеді. Біз өз құзыреттерімізді барлық достарымыз бен әріптестерімізге  іс жүзінде  өтеусіз негізде ұсынуға әзірміз».

Криптовалюта туралы айта келіп, Дмитрий Медведев оны реттеуді бір елдің шеңберінде іске асыру мүмкін еместігін және оның ұлтүсті болуға тиіс екендігін атап өтті. «Біздің Одақ деңгейіндегі тәсілдемелерімізді жақындату керек. Криптоактивтер бойынша ақиқатына келгенде халықаралық конвенциялар дайындау керектігі туралы айтып та тұрғаным жоқ»,- деді Ресей Үкіметінің басшысы.

Форумға қатысқан Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов ТМД елдерін бірлескен күш-жігермен адам капиталын дамыту жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ қаржылық технологиялар саласында дәстүрлі қаржы институттары мен инновациялық компаниялар арасындағы интеграциялық әріптестіктің бірлескен алаңын құруға шақырды. Мұндай ынтымақтастық ТМД мемлекеттерінің қаржы нарықтарында цифрлық инновациялық өнімдерді бірлесіп ендіруге ықпал етеді.

Анықтама

«Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша өткізілді. 2017 жылғы қазанда Жоғары Евразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібінің Негізгі бағыттарын бекітті, сондай-ақ  Қазақстан Президентінің ЕАЭО экономикасын цифрландыру жөнінде арнайы кездесу өткізу туралы бастамасын қолдады.

Бүгінгі таңда әлемнің жетекші елдері Төртінші өнеркәсіптік революцияның технологияларын пайдалана  отырып, цифрлық салалардың дамуына елеулі ресурстар салуда. Форумның басты мақсаты – олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, дербес цифрлық экономикаларды дамытуды жеделтеуге мүмкіндік беретін бірлескен шаралар тұжырымдау, сондай-ақ елдік басымдықтар мен өңірлік интеграциялық трансформация негізінде кейіннен дивиденттер алу жолын табу.