Жүйеге кіру
ЕЭК-те АӨК мәселелері бойынша дауларды сотқа дейін реттеудің ашық жүйесі қалыптастырылды

ЕЭК-те АӨК мәселелері бойынша дауларды сотқа дейін реттеудің ашық жүйесі қалыптастырылды

02.03.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) келісілген агроөнеркәсіптік саясатты іске асырумен байланысты даулар бойынша, соның ішінде ауыл шаруашылығын мемлекетттік қолдау мәселелері бойынша     келіссөздер мен консультацияларды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін мақұлдады.

Мұндай  құжат әзірлеуді Одақ елдері ЕАЭО туралы шартқа тиісті ережелерді  алдын ала енгізе отырып көздеді. Елдер арасындағы дауды сотқа дейін реттеуге кемінде  күнтізбелік 60 күн беріледі. Сонымен қатар ЕЭК Алқасы қақтығыстарды сотқа дейін реттеуде ЕАЭО елдеріне жәрдем көрсетеді деп көзделген.

Агроөнеркәсіптік кешенде болуы мүмкін даулар бойынша келіссөздер мен консультацияларды ұйымдастыру және жүргізу тәртібінде Одақ пен Комиссияның өзара қарым-қатынасының нақты алгоритмі қамтылады. Атап айтқанда,  даудың бастамашы елі ЕЭК-ке жіберетін  ресми өтініште  оның себебі болған фактілерді көрсету, ұлттық және одақтық  заңнамаға сілтеме жасау керек. Сондай-ақ Комиссия Алқасы жанындағы АӨК жөніндегі консультативтік комитет шеңберінде өткізілуі мүмкін келіссөздерді ұйымдастыру бойынша ұсыныстар қажет.

Одақтың жауапкер елі  ресми өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде даудың бастамашысымен келіссөздер мен консультациялар өткізілетін  күнді және орынды  келіседі әрі бұл туралы ЕЭК-ті хабардар етеді.  Келіссөздердің өткізілетіні туралы барлық мүше  мемлекеттерге хабарлау үшін  Комиссияға бес жұмыс күні беріледі. Келесі он күн ішінде  ЕАЭО елдері  келіссөз процесіне қатысатыны, дау бойынша ұстанымдары және ұстанымдарды қалыптастыруға жауапты уәкілетті мемлекеттік орган туралы Комиссияға хабарлайды.

Бұдан басқа, келіссөздер мен консультациялардың аяқталу сатысының тәртібі айқындалды: мемлекеттік органдардың ресми өкілдері дауды реттеу  нәтижелері бойынша қорытынды хаттамаға қол қояды.

Елдер арасында ауыл шаруашылығы мәселелерімен байланысты сотта қарауға болатын жағдай ЕАЭО-да әзірге  болған жоқ, әйтсе де ЕЭК мұндай  мүмкіндікті жоққа шығармайды. Жаңа нормативтік акт Одақ мемлекеттеріне дауды Еуразиялық сотқа жеткізбестен өркениетті түрде шешуге көмектеседі.

Алдын ала келіссөздер мен консультациялар жүргізу дауды кейіннен Еуразиялық экономикалық одақ сотында ықтимал қарау  үшін  міндетті шарт болып табылатынын айта кеткен маңызды.