Жүйеге кіру
ЕЭК-те ауыл шаруашылығындағы бірлескен ғылыми зерттеулер тәртібі әзірленді

ЕЭК-те ауыл шаруашылығындағы бірлескен ғылыми зерттеулер тәртібі әзірленді

02.03.2017

Еуразиялық Экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы  Еуразиялық экономикалық  одаққа мүше мемлекеттердің  агроөнеркәсіптік кешені саласындағы бірлескен  ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) ұйымдастыру тәртібін мақұлдады. Құжатты биыл одақтас елдер үкіметтерінің басшылары бекітеді деп жоспарланып отыр.

Тәртіпті ЕЭК Комиссиясы  ғылыми және инновациялық әлеуетті  тиімді пайдалану және Одақ елдерінің  ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығын нығайту үшін әзірледі. Құжат бірлескен ҒЗТКЖ-ға қойылатын талаптарды, қатысушылар мен орындаушылардың функцияларын және жауапкершілігін, жұмыс кезеңдерін, қаржыландыру көздері мен схемасын регламенттейді.

Одақ мемлекеттерінің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін қызығушылық тудыратын ғылыми зерттеулер бірлескен ҒЗТКЖ болып табылады. Олар  келісілген тақырыптар негізінде жүзеге асырылады, тауарлар өндіруді және қызметтер көрсетуді іске асыруды инновациялық жағынан дамытуға бағытталған. Олардың мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін, өнімдер нарықтарының теңгерімділігін,  одақтас елдердің ауыл шарушылығының тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, оларда биологиялық алуандықтың және экологиялық тепе-теңдіктің сақталуын қамтамасыз ету. 

Бірлескен зерттеулерге ЕАЭО-ның кемінде екі елі қатысуға тиіс. ЕЭК Комиссиясы бірлескен ҒЗТКЖ орындауға қатысу туралы мүше мемлекеттердің үкіметтеріне немесе олар уәкілеттік берген органдарға сұрау жібереді. Одаққа мүше елдердің үкіметтері немесе уәкілетті органдар сұрауды алған күннен бастап бірлескен  ғылыми зерттеулерді орындауға қатысу мүмкіндігі немесе өздерінің қатысуға мүдделі емес екендігі туралы отыз күндік мерзім ішінде ЕЭК Комиссиясын хабардар етеді.

ҒЗТКЖ тізбесі қатысушы мемлекеттердің ұсыныстары негізінде  бес жылдық мерзімге қалыптастырылады және оны ЕЭК Комиссиясы бекітеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласын дамытудың ұлттық басымдықтары, Одақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ қатысушы мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық және инновациялық  басымдықтары ескеріледі.

Мүше мемлекеттердің  мемлекеттік билік органдары мен ғылым академиялары бірлескен ҒЗТКЖ-ға  тапсырыс берушілер бола алады. Бірлескен ҒЗТКЖ орындау мерзімі  бес жылмен шектелген.

«Бұл құжатты  әзірлеудің өзектілігі  ғылымның үздік жетістіктері мен озық тәжірибелерін пайдалану, технологиялар мен инновациялар трансфері негізінде ЕАЭО елдерінің аграрлық саласын  техникалық-технологиялық жағынан жаңғырту қажеттігінен туындап отыр» - деп атап көрсетті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Сергей Сидорский. – Осыған байланысты АӨК-ті ғылыми және инновациялық дамыту  келісілген агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалды».

ЕЭК министрінің айтуынша,  агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамытудың неғұрлым перспективалық бағыттарын ғылыми тұрғыдан пысықтау мақсатында  өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, аквадақылдарды, ветеринарияны және т.б. қоса алғанда, 14 басым тақырып тізбесі әзірленді. Олар бойынша тараптар жүргізетін зерттеулердің тізбесі қалыптастырылып, онда Одақ елдерінің 50 ғылыми ұйымы орындайтын  150-ден астам зерттеу қамтылады.

Тәртіпті қабылдау Одақта АӨК саласында  перспективалы бірлескен зерттеулерді іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл ЕАЭО елдеріне  ғылыми  әлеуетті пайдалану тиімділігін және оның нәтижелілігін арттыруға, зерттеулердің қайталануын болдырмауға және АӨК саласындағы ғылыми және инновациялық қызметте кооперацияны өрістете түсуге  мүмкіндік береді.