Жүйеге кіру
«Еуропалық және Еуразиялық интеграция: ұштастыру мәселелері» ПХЭФ панельдік сессиясының қорытындысы: еуропалық бизнес ЕАЭО елдеріндегі әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуды жалғастыратын болады

«Еуропалық және Еуразиялық интеграция: ұштастыру мәселелері» ПХЭФ панельдік сессиясының қорытындысы: еуропалық бизнес ЕАЭО елдеріндегі әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуды жалғастыратын болады

02.06.2017

Еуропалық бизнес Еуропалық және Еуразиялық экономикалық комиссиялар арасындағы институционалдық өзара іс-қимылдың болмауына қарамастан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріндегі әріптестерімен ынтымақтастықты кеңейтуді қалайды. 1 маусымда Петербург экономикалық форумы шеңберінде өткен «Еуропалық және Еуразиялық интеграция: ұштастыру мәселелері» панельдік сессиясының қатысушылары осындай қорытындылар жасады.

Сессияның модераторы ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян болды. Оның әріптесі және интерактивті дауыс беруді ұйымдастырушы ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Татьяна Валовая болды. Іс-шараның негізгі тақырыбына Еуропалық және Еуразиялық экономикалық одақтар арасындағы сындарлы диалогты қолдауға және дамытуға мүмкіндік беретін форматтар мен құралдарды іздеу таңдап алынды.

Тигран Саркисян бүгінгі сессия өткен жылғы сессияның тақырыптық жалғасы болып табылатынын атап өтті. Ол 2016 жылы алаңда өткізілген интерактивті дауыс беру Еуропалық одақты ЕАЭО ең қалаулы әріптесі ретінде көретіндер тек салыстырмалы басым бөлігін – дауыс бергендер санының 26%-ын ғана көрсеткенін еске түсірді.

Биылғы жылы сессияға қатысушылардың жартысына жуығы – 41% ЕО-мен диалогты дамытуға дауыс берді. Дауыс бергендердің 70%-ы еуропалық бизнес Еуразиялық бизнеспен ынтымақтастыққа дайын екеніне сенімді.

Тигран Саркисян өткен жылы ЕАЭО дамуында маңызды кезеңнің басталғанына – Қытаймен сауда-экономикалық келісімге қол қою мәселесі бойынша келіссөздер іске қосылғанына назар аударды. «Бұл тректі Одақтың сауда және экономикалық күн тәртібінде аса маңызды және ЕАЭО мен Жібек жолы Экономикалық белдеуін ұштастырудың негізгі элементі деп есептеуге болады. Бізге Қытаймен де, Еуропамен де арада тосқауылсыз орта, нарықтарға қолжетімділік және өзара қолайлы стандарттар мен нормалар қажет», – деп атап өтті Тигран Саркисян. Сонымен бірге, ол ЕЭК пен Үндістанның еркін сауда аймағы туралы келісім жасасу бойынша келіссөздердің басталуы туралы мәлімдемеге қол қойылғанын хабарлап өтті. 

«Жоғары экономика мектебі» Ұлттық зерттеу университетінің Әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің деканы, Сыртқы және қорғаныс саясаты жөніндегі кеңес төралқасының құрметті төрағасы Сергей Караганов ЕАЭО елдері еуропалық бюрократиямен уағдаласу қиын болғандықтан, Шығысқа бет бұра бастағанын атап өтті. Оның пікірі бойынша, бизнес-қауымдастықтар Еуропалық және Еуразиялық комиссияларға ұсынылуы тиіс күн тәртібін әзірлеуі қажет. Спикер диалог орнату үшін төменнен бастау маңызды, бұл ретте ақырын жылжу қажет деп есептейді. 

Ресейдегі Alstom президенті, Еуропалық бизнес қауымдастығы (ЕБҚ) басқармасының мүшесі Филипп Пегорье өзінің сөзінде ЕО мен ЕАЭО арасында институционалдық диалогтың болмауына қарамастан, еуропалық компаниялар басымдықты пайдалана отырып Одақтың ортақ нарығында жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Филипп Пегорье іскерлік ынтымақтастықты ынталандыру үшін көлік дәліздерін дамытуды ұсынды. Сонымен қатар, ол ЕАЭО барлық елдерінің Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі аса тығыз өзара іс-қимылға ықпал ететініне қатысты пікір білдірді. 

Оның пікірі бойынша, Германия және Франция тарапынан саяси серпін қажет, Францияның жаңа президенті жағдайға ықпал етуі мүмкін.

Тигран Саркисян өз тарапынан Еуропалық бизнеспен өзара іс-қимыл тәжірибесі туралы айтып берді. Оның айтуынша, биылғы жылы Германияның екі ірі бизнес-қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараға қатысушылардың ырық-ыңғайы Еуропа мен Еуразия арасындағы ынтымақтастық бизнестің мүдделеріне жауап беретіндігін, ал Еуразиялық комиссияға деген сенімі барынша жоғары екенін айғақтайды.

«Еуразияны танып білеміз» («Познаём Евразию») Қауымдастығының президенті, «Банк Интеза» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Антонио Фаллико өзінің 60 жылдығын атап өткен Еуропалық одақ бүгінде жаңа сын-қатерлерге ұшырауда және оның әзірше бұлардың басым бөлігіне жауабы жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, ЕО өзін интеграциялық сәннің заң шығарушысы деп есептейді және, мүмкін, бұл жаңылысудың бірі шығар. Антонио Фаллико Еуропалық одақты жұмыс деңгейінде техникалық диалог орнатуға және оны дамытуға тер төгіп жұмыс істеуге шақырды. «Еуропалық бизнес өкілдері диалог және жұмыс жекелеген елдермен емес, ЕАЭО-ның өзімен, тек осы ұйымның шеңберінде жүргізілетінін түсінуі тиіс және бұны ескеру қажет», – деді ол.  

ЕАЭО Іскерлік кеңесінің президенті Виктор Христенко ЕО мен ЕАЭО арасында қарым-қатынастар орнатудың нұсқалары туралы айта келіп, әлемнің түбегейлі өзгергенін атап өтті. Оның болашағы төрт маңызды инфрақұрылымды қалыптастырады: көліктік, ақпараттық, энергетикалық және қаржылық. «Олар шаруашылықтың бейнесін анықтайды, – деп айтты ЕАЭО Іскерлік кеңесінің басшысы. – Ал, «цифр» түптеп келгенде барлығын өзгертеді. Бұл жағдайда интеграциялар ішінде де, олардың арасында да процестерді қалыпқа салудың бір жолы бар – осы төрт инфрақұрылымды біріздендіру және цифрландыру».

Армения Республикасының Вице-премьер-министрі, халықаралық экономикалық интеграция және реформалар министрі Ваче Габриелян Арменияның Еуропалық және Еуразиялық интеграцияны бір-бірін өзара толықтыратын процестер ретінде қарайтынын және оларды салыстыра отырып, бүкіл Еуразиялық аумақта аса кең ауқымда қолдануға жарамды форматтарды қалыптастыруға тырысатынын атап өтті. «Армения ЕО мен ЕАЭО арасындағы көпір атағына аса қатты үміттенбейді. Бұл үшін экономикалық мүмкіндіктер, ауқымды әсердің және көптеген тағы басқалардың болуы қажет. Сонымен қатар, біздің тәжірибеміз ЕО мен ЕАЭО ынтымақтастығының перспективасы бар екенін көрсетеді», – деді Ваче Габриелян.

Тек бизнесмен ғана емес, сонымен қатар философ болып табылатын Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич болашақтағы ынтымақтастық үшін әр күн сайын бірнәрсені істеп, қазірдің өзінде диалог жүргізу қажет деп есептейді. «Ең алдымен өз елінде бизнес жүргізу үшін үздік жағдайлар жасай отырып, стандарттарды үйлестіруге тырысу керек. Қанеки, әлемге біз ашық екенімізді көрсетейік. Барлық бағыттарда және барлығымен ынтымақтастықты күшейту қажет. Менің пікірімше, тек жарасымды адам ғана табысты болуға қабілетті. Мемлекетті де солай қарастыруға болады», – деп атап өтті спикер. 

Еуропалық және Еуразиялық одақтардың ынтымақтастығы перспективаларын талқылауға Thomas Vendome Investment президенті, Франция Президенті Николя Саркозидің бұрынғы кеңесшісі Жан-Пьер Тома, Еуропалық бизнес қауымдастығының (ЕБҚ) бас директоры Франк Шауфф, кеңейту мәселелері және тату көршілік саясаты жөніндегі экс-еурокомиссар Штефан Фюле де қатысты.