Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің азаматтарының еркін жүріп-тұруы және жұмысқа орналасуы туралы келісімдер жалпы еңбек нарығын ырықтандыру аясында пысықталады.

ЕАЭО елдерінің азаматтарының еркін жүріп-тұруы және жұмысқа орналасуы туралы келісімдер жалпы еңбек нарығын ырықтандыру аясында пысықталады.

02.10.2017

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кеңістігінде жұмыс іздеген кезде инновациялық технологияларды қолдану Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Алқасына қарасты көші-қон саясаты жөніндегі Консультативтік комитеттің бесінші отырысында талқыланған тақырыптардың бірі болды. Мұндай тәсілдеме, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде жұмысқа орналасқысы келетін ізденушілердің қызметтеріне сұраныстың қай жерде бар екені туралы сұраққа жауап алуына мүмкіндік береді.

Бұл үшін Одақ аясындағы еңбек етушілерді ұйымдастырып жинау мәселелерін реттейтін құқықтық актіні әзірлеу болжамданады. Оны ЕАЭО аясында еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыру және дамыту механизмдерін жасап шығару жөніндегі Жұмыс тобы дайындайды.

ЕАЭО елдерінің көші-қон саласындағы уәкілетті органдарының өкілдері және сарапшылары қатысқан іс-шара ЕЭК Экономика және қаржылық саясат жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі) Тимур Жақсылықовтың төрағалығымен Мәскеу қаласында өтті.

«ЕАЭО туралы Шарт біздің интеграциялық бірлестікте еңбек ресурстарының еркін жүріп-тұруы үшін шарттарды бекітті. Қолданыстағы нормалар құқықтық ахуалды айтарлықтай жақсартты, жалпы еңбек нарығына қол жеткізу бойынша шектеулердің едәуір бөлігі алынып тасталды және еңбек етушілерді әлеуметтік қорғау деңгейін арттырды, - деп санайды ЕЭК министрі.-Алайда әзірше біздің азаматтарымыз экономикалық интеграцияның барлық артықшылықтарын ала алмайды, әлі бірқатар тосқауылдар бар. Осыған байланысты біздің алдымызда ЕАЭО-ның жалпы еңбек нарығының жұмыс істеу процесін одан әрі жетілдіру, атап айтқанда, Одақтың елдерінде жұмыс істеу үшін еңбек етушілерді ұйымдастырып жұмылдыруға жәрдемдесу саласында мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дұрыстау міндеті тұр. Бұл біздің мемлекеттер азаматтарының еңбек қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмектеседі».

ЕЭК өкілдері отырыстың қатысушыларын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарының келу, кету, транзит бойынша жүру тәртібі туралы Келісімнің жобасымен жұмыс туралы хабардар етті. Құжат бірыңғай еңбек нарығының одан әрі ырықтандырылуына және Одақтың елдерінде еңбек ресурстарының еркін жүріп-тұруына ықпал етеді. Келісім осы мемлекеттердің азаматтары үшін ЕАЭО елдерінің ішкі шекараларын кесіп өту ресімін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ол қабылданса, олар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін құжаттар бойынша Одақтың басқа елдеріне кіре алады. ЕАЭО шекараларында «ішкі» төлқұжаттарды, жеке бас куәліктерін, ID-картаны қолдану талқыланатыны болжалады.

Консультативтік комитеттің мүшелеріне Одақтың елдерімен мүше мемлекеттер азаматтарының өзара болу тәртібі мен реадмиссия туралы екіжақты халықаралық келісімдерді әзірлеу қалай өтіп жатқаны туралы ақпарат ұсынылады. Армения, Қырғызстан арасында бір тараптан және ЕАЭО басқа елдерімен екінші тараптан осындай шарттарға қол қою, мүше мемлекеттердің президенттерімен бекітілген Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасын Еуразиялық экономикалық одаққа қосу бойынша «жол карталарының» тармақтарымен көзделген. Азаматтардың болу тәртібі туралы екіжақты келісімдер, кірген күннен бастап 30 тәулік бойы тіркелусіз олардың болу мерзімін регламенттейді. Одақтың елдеріне осы бағыттағы жұмысты жандандыру ұсынылды.

Консультативтік комитеттің мүшелері мүше мемлекеттердегі еңбек көші-қоны саласында статистикалық есептің принциптері мен тетіктерін талқылады. Комиссияға ұсынылатын статистикалық деректердің құрамын кеңейту ұсынылды. ЕАЭО мемлекеттерінде еңбек қызметін жүзеге асыратын Одақ елдерінің азаматтарының саны туралы мәліметтерден бөлек, ЕЭК-да қосымша түрде мүше мемлекеттердің еңбек етушілерінің жас-жыныс құрамы; жұмысқа орналасу және жалдау түрлері бойынша олардың бөлінуі; еңбек қызметінің ұзақтығы; жұмыспен қамтудың салалық құрылымы; еңбек етушілердің білімдік және кәсіптік біліктілік сипаты және т.б. деректер хабарлануы мүмкін. Мемлекеттер Комиссияға жібере алатын мәліметтердің тізбесін ұсыну міндеттемесін өзіне жүктеді.

«Бұл еңбек етушілердің өзара ағындарын барынша толық және дәйекті түрде бағалауға, осы бағыттағы қажетті талдау жұмысын өткізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті ЕЭК министрі Тимур Жақсылықов.

Алқа мүшесі «Еңбек көші-қоны» халықаралық альянсы» Еңбек көші-қоны саласындағы сарапшылар және кеңесшілер одағының өкіліне «Еуразиялық коммуникациялар-2017» ықпалдастығын алға жылжыту жөніндегі PR- және медиа-жобалар байқауында «Еңбек көші-қоны» номинациясында жеңіске жеткені үшін жүлдені және ЕЭК Алқасы Төрағасының мадақтамасын табыс етті. Консультативтік комитеттің төрағасы еңбек көші-қонының бейімделуіне және оған қолдау көрсетуге, еңбек етушілерге арналған мүмкіндіктерді ақпараттық айқындауға бағытталған жобаларды іске асыруға ұйымның қосқан үлесін атап өтті.

Байқау, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) тарапынан Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесі (ЕАЭО ІК) және Ресейдің жұртшылықпен байланыс жөніндегі қауымдастығымен (РЖБҚ) бірге биылғы жылы Астана қаласында ІІ «Еуразиялық апта» халықаралық көрме форумының алаңшасында болып өтті. Байқаудың мақсаты - еуразиялық коммуникацияларды дамыту, еуразиялық бизнестің үздік тәжірибелерін іздеу, еуразиялық интеграцияның идеяларын алға жылжыту.

Отырыста Комитеттің жауапты хатшысы ретінде ЕЭК Еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Олег Артамоновты тағайындау шешімі қабылданды. 

ЕЭК Алқасына қарасты көші-қон саясаты жөніндегі Консультативтік комитеттің келесі отырысы 2018 жылдың басында Армения Республикасында жоспарланған.