Жүйеге кіру
ЕАЭО шеңберінде сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушыларды сәйкестендірудің бірыңғай жүйесі туралы келісім мақұлданды

ЕАЭО шеңберінде сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушыларды сәйкестендірудің бірыңғай жүйесі туралы келісім мақұлданды

20.01.2020

20 қаңтарда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы сауда, кедендік ынтымақтастық, техникалық реттеу, энергетика, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің экономикаларын ақпараттандыру салаларындағы мәселелерді қарады.

ЕЭК Алқасы ЕАЭО шеңберінде сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушыларды сәйкестендірудің бірыңғай жүйесі туралы келісім жобасын мақұлдады.

Келісімді қабылдау Одақта бірыңғай жүйе құру үшін құқықтық негізді қалыптастырады, ол мүдделі тұлғаларды (соның ішінде шетелдікдерді) бірдей сәйкестендіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте сәйкестендірудің бірыңғай одақтық жүйесін құру мүше мемлекеттерде қолданылатын жеке және заңды тұлғаларды тіркеудің ұлттық жүйелерін алмастырмайды және күшін жоймайды.

Сәйкестендірудің бірыңғай жүйесі бірінші кезекте кедендік құқықтық қатынастарды реттеу кезінде пайдаланылатын болады. Ол салық, валюта және тағы басқа салаларда да қолданылуы мүмкін.

Одақ шеңберінде мұндай жүйені құру СЭҚ қатысушыларына бірыңғай өлшемділігі мен құрылымы бар бірегей сәйкестендіру нөмірі (БСН) берілуін бағамдайды. БСН-ді пайдалану электрондық құжаттардың нысандарын жеңілдетуге, СЭҚ-ті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын құжаттарды жинау, сақтау және өңдеу үшін қажетті деректер көлемін азайтуға, B2G, G2B, B2B электрондық өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Келісім жобасы мемлекетішілік келісуді жүргізу үшін Одақ елдеріне жіберілді, мұның нәтижелері туралы олар кейін Комиссияны хабардар етеді.

Одақтың «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу жөніндегі бағдарлама бекітілді.

2022 жылға қарай 19 мемлекетаралық стандарт, соның ішінде 10-ын халықаралық және өңірлік стандарттың немесе солармен ұқсас ұлттық стандарттардың негізінде әзірлеу көзделген.

Комиссия мен Америкалық сынақ және материалдар жөніндегі қоғам (ASTM International) арасындағы стандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде 2020-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары мақұлданды.

Меморандумды іске асыру стандарттарды халықаралық талаптармен одан әрі үндестіруге бағытталған, бұл өнімнің қауіпсіздігін арттыруға және саудадағы техникалық тосқауылдарды қысқартуға ықпал етеді. Мысалы, жоспарда өнімді зерттеу (сынау) әдістері мен қағидаларына стандарттар туралы ASTM International стандарттары мен бейнематериалдарына қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмыс, сондай-ақ ЕЭК өкілдерінің ASTM International техникалық комитеттері мен стратегиялық топтарының жұмысына қатысуы көзделген.

ЕЭК Алқасы «Қаптама қауіпсіздігі туралы» техрегламентке өзектілендірілген стандарттар тізбесін бекітті.

Стандарттар тізбесін сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Комиссия Одақ елдерінің мемлекеттік органдарымен бірлесіп дайындады. Олар мүше мемлекеттерде әзірленген және қолданысқа енгізілген мемлекетаралық стандарттардың жаңа версияларын ескереді. ЕЭК Алқасының шешімі тізбеге алғаш рет енгізілген стандарттар мен әдістемелерді ескере отырып, сынақ зертханаларын уақытылы аккредиттеу үшін 2020 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.