Жүйеге кіру
ЕЭК-те Еуразиялық зергерлік экспорттық бюроның тұжырымдамасын қалыптастыру тәсілдемелері талқыланды

ЕЭК-те Еуразиялық зергерлік экспорттық бюроның тұжырымдамасын қалыптастыру тәсілдемелері талқыланды

20.03.2020

Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК-тің Өнеркәсіп блогы ұйымдастырған кеңес барысында Еуразиялық зергерлік экспорттық бюроны құру перспективалары талқыланды. Оған ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдары мен зергерлік сала бизнесінің өкілдері қатысты.

Тараптардың көпшілігі бюро құрудың объективті қажеттілігін тануына қарамастан, кеңес қорытындысы оны қалыптастыру жөніндегі көптеген мәселе әлі де пікірсайысты екенін көрсетті. Бұлар, атап айтқанда, бюро қызметінің бағыттарына, оның ұйымдық-құқықтық нысанына, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібіне, мүшелік талаптарына, қызметті қаржыландыру және жарналарды бөлу ерекшеліктеріне, сондай-ақ сапа стандарттарын айқындау мен МемСТ-қа сәйкес келу тәртібіне қатысты. Бұдан басқа, Еуразиялық зергерлік экспорттық бюроға айрықша мәртебе беру қажеттігі туралы да мәселе көтерілді.

Ресей бизнесі өкілінің салмағы 0,3 каратқа дейінгі гауһартасқа арналған әкелу баждарын нөлге түсіру жөніндегі ұсынысы да белсенділікпен талқыланды. Тараптардың әртүрлі позицияларын ескере келіп, бұл мәселе бойынша пікірсайыс жалғастырылатын болып шешілді. Беларусь тарапы түпкілікті шешім тұжырымдау үшін зергерлік саланың жетекші өндірушілері деңгейінде кездесу ұйымдастыруды ұсынды.

Армян бизнесі өкілдерінің Еуразиялық зергерлік конгресс өткізу туралы бастамасын кеңеске қатысушылар қолдады. Тұрақты зергерлік жәрмеңкелермен біріктіріле өткізілетін мұндай конгресс ЕАЭО-ның зергерлік саласының кең ауқымды мәселелерін талқылауға арналған қазіргі заманғы кәсіби алаң бола алады.​