Жүйеге кіру
Куба ЕАЭО елдерімен бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі

Куба ЕАЭО елдерімен бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі

20.09.2019
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов Сауда палатасының президенті Орландо Николас Эрнандес Гильен басқарған Куба Республикасы делегациясымен кездесу өткізді. Кездесу 20 қыркүйекте Мәскеуде Комиссияның штаб-пәтерінде болып өтті.

Қонақтарға ілтифат лебізін білдіре отырып, Тимур Жақсылықов Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Куба Республикасы қатынастарының ең жаңа тарихында айтарлықтай іс-шаралар аз емес екендігін, соның ішінде Түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын, сондай-ақ Алқа Төрағасы Тигран Саркисянның басқаруымен ЕЭК делегациясының Кубаға сапарын атап өтті.

2018 жылдың қорытындылары бойынша ЕАЭО мемлекеттерінің Кубамен өзара саудасы 2017 жылмен салыстырғанда 11,5% артып, 417,5 млн АҚШ долл. құрады. Одақ елдері Кубадан негізінен азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттайды, ал машиналарды, жабдық пен көлік құралдарын экспорттайды. 

Өз кезегінде Орландо Николас Эрнандес Гильен Куба тарапының қазірдің өзінде Беларусь Республикасымен қатынас орнатуға қол жеткізгенін атап өтті. Куба бұл елге дәрілер жеткізеді, ал өзі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алады.

«Біз ЕАЭО-ның барлық мемлекеттерімен ынтымақтасуға, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделіміз»,- деді Орландо Николас Эрнандес Гильен.

Ол Кубаның іскер топтарының ЕАЭО елдері мен Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастырып жүрген «Еуразиялық апта» халықаралық форумына 2020 жылы қатысуға мүдделі екендіктерін де айтып өтті. 2019 жылы бұл форум 25-27 қыркүйекте Бішкекте өтетінін еске сала өткен жөн. 

Тараптар ЕАЭО елдері мен Куба халықтарының мүддесі үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Анықтама
Еуразиялық экономикалық комиссия мен Куба Республикасы Үкіметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға ЕЭК-тің Интеграция және макроэкономика жөніндегі экс-министрі Татьяна Валовая (қазір – БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінің басшысы) мен Кубаның Сыртқы сауда және шетелдік инвестициялар министрі Родриго Мальмерка Диас Гаванада 2018 жылғы 31 мамырда қол қойған болатын. Меморандумға сәйкес ЕЭК пен Куба Республикасы Үкіметінің өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен комиссиясы құрылды, ол бірінші отырысын өткізді және таяудағы перспективаға арналған іс-қимыл жоспарын қалыптастырды. 2019 жылғы ақпанда Алқа Төрағасы Тигран Саркисянның басқаруымен ЕЭК делегациясының Куба Республикасына ресми сапары болып өтті.